«Оңтүстік» индустриялық аймағында бу құбырын салу жұмыстары жүргізілуде

Oinet.kz 09-12-2025 13

Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриялық аймағында бу құбырын салу жобасы жүзеге асырылуда. Мердігер «Отау Строй» ЖШС қараша айында басталған құрылысты 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

image.png

Бу құбырының жалпы ұзындығы 4,3 шақырымды құрайды. Жоба индустриалды аймақты инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және кәсіпорындардың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған. Құрылыс барысында диаметрлері Ø108 мм және Ø325 мм болатын болат құбырлар пайдаланылып жатыр.

Жаңа желі индустриалды аймақтағы кәсіпорындарды қажет технологиялық параметрдегі бумен қамтамасыз етеді, ал бұл өндіріс орындарының үздіксіз және тиімді жұмысын қамтамасыз етіп, технологиялық процестердің тұрақтылығы мен сенімділігін арттырады.

Айта кетейік, «ОҢТҮСТІК» индустриялық аймағы – Шымкенттің маңызды өндірістік орталықтарының бірі. Ол  2010 жылы «Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту» жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында құрылған болатын. Жер көлемі – 337 гектарды құрайды. Аталған  индустриялық аймақта 101,4 миллиард теңгеге 3 мың жаңа жұмыс орындарымен 96 жоба іске асырылуда. Былтырғы жылы мұнда   349 жаңа жұмыс орындарын құрумен 7,8 миллиард теңгеге 4 инвестициялық жобаны іске асырылды. Олар - «Balabi textile» ЖШС – шұлық бұйымдары өндірісін кеңейту, «Cleans Fabric» ЖШС – ылғалды майлықтар өндіру, «Nappa.kz» ЖШС – аяқ киім өндірісі, «Hayat cosmetics» ЖШС – ылғалды майлықтар өндірісі.Сондай-ақ,  былтыр  «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында іске қосылған өндіріс ошағының бірі «BIK Kanc» ЖШС. Онда А4 және А3 форматтағы кеңсе қағазының өндірісі басталды. Жобаның жалпы құны 500 миллион теңгені құрайды. Зауыт жылына 3,5 миллион дана қағаз қаптамасын шығарып, 35 тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Және де   ЖК «ZeineP» фирмасы да былтыр өз жұмысын бастады. Кәсіпорын  жылына 10 мың тоннаға дейін дезинфекциялық құралдар өндіреді. Мұнда 80 адам еңбек етеді. Өнімдер ішкі нарықпен қатар, ТМД елдеріне де экспортталатын болады. Аталған кәсіпорындардың іске қосылуы өңірлік экономиканың дамуына, құрылыс индустриясының жандануына, импортты алмастыруға және жаңа жұмыс орындарының ашылуына елеулі үлес қосады дейді мамандар.

Қала әкімінің төрағалығымен өткен аппарат отырысында өзекті мәселелер қаралды
Шымкент қаласында жұмыспен қамту жоспары 103,2 пайызға орындалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу