Шымкент қаласында жұмыспен қамту жоспары 103,2 пайызға орындалды

Oinet.kz 09-12-2025 15

Елдегі әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі мақсаттарының бірі – тұрақты жұмыс орындарын құру, азаматтардың табыс деңгейін арттыру және еңбек нарығындағы теңгерімді қамтамасыз ету. Осы бағытта жергілікті атқарушы органдар мен уәкілетті мемлекеттік құрылымдар тарапынан жұмыссыздықтың алдын алу және халықты нәтижелі жұмыспен қамту шаралары жүйелі түрде іске асырылып келеді.

image.png

 Қалалық және аудандық жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыз азаматтарды тіркеп, олардың әлеуметтік мәртебесін анықтап қана қоймай, бос жұмыс орындарына жолдама беріп, қайта даярлау курстарымен, мемлекеттік гранттармен және қоғамдық жұмыстармен қамтамасыз етуде. Цифрландыру аясында еңбек нарығы туралы деректер электронды базаға енгізіліп, жұмыс іздеушілер үшін қызмет алу тәртібі жеңілдетілді.

    2025 жылдың үшінші тоқсанындағы мәліметке сәйкес, Шымкент қаласында жұмыссыздар саны – 22 370 адамды, ал жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрады. Қалада еңбек нарығын тұрақтандыру мақсатындағы жұмыстар жыл бойы жүйелі жүргізілді: биыл 49 655 азаматты жұмыспен қамту шараларына жұмылдыру жоспарланса, 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша 51 261 адам қатысып, жоспар 103,2 пайызға орындалды.

Оның ішінде кәсіби білім беру бағытында – 4 545 тұрғын, жұмыс беруші базасында оқытуға – 160, білім беру ұйымдарында оқытуға – 600, http://xn--nbek-u4d.kz/ порталында онлайн оқытуға 3 657 адам жіберілді. Ваучерлік негізде 128 адам оқыса, кәсіпкерлікті дамыту шаралары аясында 3 127 тұрғын қолдау алды. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2 696 адам кәсіпкерлік негіздерге оқытылды. Ал 431 азаматқа грант берілді.

Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 5 308 адам жұмысқа жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 109, Жастар практикасына – 1 719, ақылы қоғамдық жұмыстарға 2 643 адам тартылды. «Алғашқы жұмыс орындары» жобасына – 364, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына – 8, «Күміс жас» жобасына 464 адам қатысты.

Бос жұмыс орындары арқылы тұрақты жұмыспен қамту бағыты бойынша 10 500 тұрғын тұрақты жұмысқа кірісті.

Қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары және кәсіпкерлердің жеке бастамалары есебінен 21 830 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Есепті кезеңде бұл көрсеткіш артығымен орындалып, 27 781 адам жаңа жұмысқа орналасты. Шымкент қаласының биылғы жұмыспен қамту шаралары жоспардан аса орындалып, еңбек нарығында оң өзгерістер орын алды.

Мемлекет тарапынан мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы аналар, уақытша қиын жағдайға тап болған тұрғындар үшін квоталық жұмыс орындары қарастырылған. Қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындары олардың еңбек нарығына қосылуына мүмкіндік беруде.

Жұмыссыздықпен күресте басымдық берілген топтардың бірі – жастар. Оларды еңбек нарығына бейімдеу мақсатында тәжірибе жинауға, алғашқы кәсіби бағыт алуға мүмкіндік беретін жобалар жүзеге асуда. «Жастар практикасы» бойынша жыл сайын мыңдаған жас маман уақытша жұмысқа орналасып, еңбек дағдысын шыңдауда. Сонымен қатар кәсіпкерлікке бейімі бар жастарға қайтарымсыз гранттар бөлініп, шағын бизнес ашуға қолдау көрсетілуде.

    Өңірде жаңа кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту және өндіріс көлемін арттыру арқылы қосымша жұмыс орындары құрылуда. Индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда іске қосылған кәсіпорындар да еңбек нарығының тұрақтылығына оң ықпал етіп отыр.

Шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдетілген несие беру, салықтық жеңілдіктер мен инфрақұрылымдық қолдау – жаңа жұмыс орындарының санының артуына септігін тигізуде.

    Жұмыссыздықпен күрес – кешенді көзқарасты қажет ететін маңызды бағыт. Қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту және еңбек ресурстарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтудың негізгі тетіктері болып қала береді.

«Оңтүстік» индустриялық аймағында бу құбырын салу жұмыстары жүргізілуде
Мүгедектігі бар азаматтарды еңбекпен қамту жұмыстары жанданды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу