Мүгедектігі бар азаматтарды еңбекпен қамту жұмыстары жанданды

Oinet.kz 06-12-2025 7

       Елімізде әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қорғау, олардың қоғамға толыққанды қатысуын қамтамасыз ету және еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Осы мақсатта мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және жұмыс берушілер тарапынан жүйелі шаралар қабылданып келеді. 

image.png

     Халықты жұмыспен қамту орталықтары мүгедектігі бар жандарға арналған кәсіби курстарды, қайта даярлау бағдарламаларын және қысқа мерзімді оқытуды ұйымдастыруда. Бұл бағдарламалар еңбек дағдысын жетілдіруге, жаңа мамандық игеруге, еңбек нарығында сұранысқа ие болуға мүмкіндік береді. Цифрландыру саласы, тігін өндіріске үйрету, қызмет көрсету, ІТ негіздері сияқты мамандықтар мүгедектігі бар азаматтар арасында сұранысқа ие.

       Жеке ісін бастауға ынталы мүгедектігі бар азаматтарға мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген несиелер және бизнес-жоспар әзірлеу бойынша консультативтік қолдау ұсынылады. Бұл шаралар олардың экономикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, табыс көзін қалыптастыруға, өзін-өзі қамтамасыз етуіне және әлеуметтік мәртебесін нығайтуға ықпал етеді.

    Шымкент қаласында мүгедектігі бар жандарды еңбекке тарту және олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып келеді.

Қалада қазіргі таңда еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ 992 мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтудың әртүрлі мемлекеттік қолдау шараларына қамтылған. Оның ішінде «Күміс жас» жобасына – 21 адам, қоғамдық жұмыстарға – 131, жастар практикасына – 53, әлеуметтік жұмыс орындарына – 11, ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 3 адам жолданған.

     Сонымен қатар, 76 азамат қайтарымсыз грант алып, өз ісін бастауға мүмкіндік алса, 29 адам кәсіптік оқытуға жіберілген. Бұдан бөлек, 394 мүгедектігі бар тұрғын тұрақты жұмысқа орналасып үлгерді. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 274 азамат кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, кәсібін дамытуға бағытталған білім алды.

     Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс орнын құру туралы қаулысы аясында 52 мекеме 143 азаматты жұмыспен қамтыған. Шымкент қаласында мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, олардың еңбекке араласуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

     Мүгедектігі бар жандардың еңбекке тартылуы тек мемлекет тарапынан емес, жалпы қоғамның көзқарасына да байланысты. Осы мақстатта қалада  жұмыс берушілер арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, инклюзивті жұмыс мәдениетін қалыптастыру бағытында тренингтер, семинарлар өткізіліп тұрады.

     Көптеген кәсіпорындарда қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі енгізіліп, икемді жұмыс кестесі қарастырылған. Бұл әсіресе денсаулық жағдайына байланысты тұрақты жұмыс режиміне бейімделуі қиын азаматтар үшін тиімді.

     Мүгедектігі бар жандардың еңбекке араласуы – олардың тек материалдық жағдайын жақсартуға ғана емес, өзін-өзі дамытуына, қоғамдық өмірге белсенді қатысуына, әлеуметтік мәртебесінің артуына тікелей әсер етеді. Еңбек адамды қоғамға жақындатады, өз мүмкіндіктеріне сенімін арттырады және өмір сапасын жақсартады.

       Мемлекеттік органдар алдағы уақытта да инклюзивті қоғам қалыптастыру, тең мүмкіндіктер беру және мүгедектігі бар азаматтарды экономикалық белсенділікке тарту бағытындағы шараларды жалғастыра бермек.

Шымкент қаласында жұмыспен қамту жоспары 103,2 пайызға орындалды
Шымкентте «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында 460 миллион теңге үнемделді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу