Шымкентте «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында 460 миллион теңге үнемделді

Oinet.kz 07-12-2025 13

«AMANAT» партиясында өткен отырыста мемлекеттік қолдаудың нақты әрі ашық көрсетілуіне арналған цифрлық қызмет – «Әлеуметтік әмиян» жобасын одан әрі дамыту мәселесі талқыланды. Партия мүшелері 4 миллионнан астам адамды қамтитын ауқымды оқыту жұмыстарын ұйымдастыруды ұсынды.

image.png

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойды. Мемлекет басшысы әрбір азаматтың лайықты табысқа қол жеткізіп, сапалы әлеуметтік қызметтер алуына барлық жағдай жасалып жатқанын ерекше атап өтті. Бұл басымдықтар бүгінде жүзеге асып жатқан нақты жобаларда көрініс табуда. Осындай құралдардың бірі – Әлеуметтік әмиян.

    «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясының директоры Тамара Дүйсенованың айтуынша, бұл жоба ата-аналарға, созылмалы аурумен ауыратын азаматтарға және басқа да санаттағы адамдарға бюрократиялық кедергілерсіз тиісті қолдауды алуға мүмкіндік беретін әлеуметтік саясаттың тиімді цифрлық құралына айналды. Оның айтуынша, қазіргі таңда жүйеде ыстық тамақпен қамтылған 1,6 миллион бала және электрондық рецепт арқылы дәрі-дәрмек алатын 2 миллионан астам ересек адам тіркелген. «Әлеуметтік әмиянды мектептерде енгізу, біріншіден, қағаз құжаттардан толықтай бас тартуға мүмкіндік берді, бұл қаражаттың жұмсалуын ашық етуге жол ашты. Екіншіден, ата-аналар балалардың мектеп асханасына барғаны туралы және күнделікті ас мәзірі жайында ақпарат алып отыр. Яғни, балалардың тамақтануына ата-аналар тарапынан қоғамдық бақылау жасауға тиімді жағдай жасалды. Біз әрбір адамның өзіне тиесілі әлеуметтік қолдаулар туралы ашық әрі нақты ақпаратқа қол жеткізуін қалаймыз. Алайда, ата-аналар бұл жүйеге белсенді араласпаса, кері байланыс бермесе, жүйе толыққанды жұмыс істей алмайды. Қазан-қараша айларында небәрі 19 мың ата-ана мектептегі тамақ сапасына баға берген, бұл жалпы ата-аналардың небәрі 0,04 пайызы ғана. Ал дер кезінде жүргізілген бақылау – мектеп асханаларындағы улану секілді резонанстық жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы», – деді ол.

     Өңірлердің өкілдері де өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар Әлеуметтік әмиянды енгізудің жергілікті деңгейде қаншалықты экономикалық әсер беретіні туралы айтты.  Жиынға Zoom арқылы қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Шымкент қаласындағы нәтижелермен бөлісті. «Қала бойынша 151 мектепте аппараттық-бағдарламалық жүйе толық орнатылған. 98 мектепте «Alaqan» әлеуметтік әмиян платформасы, ал 54 білім ошағында «E-asxana» жүйесі енгізілген. Екі жүйе де оқушыларды ыстық тамақпен қамту процесін автоматтандырып, қаражаттың мақсатты жұмсалуына мүмкіндік береді. Балалардың асханаға нақты кірген уақыты автоматты түрде тіркеліп, төлем бұрынғыдай тізім бойынша емес, нақты тамақтанған оқушылар санына сәйкес жүргізілуде. Соның нәтижесінде қыркүйек-қазан айларында 460 миллион теңге үнемделді. Бұл қаражат білім беру сапасын арттыруға бағытталады. Сонымен қатар біз «Әлеуметтік әмиян» жүйесіне мектеп формасын, кеңсе тауарларын, әлеуметтік осал отбасылардың балаларына арналған қосымша қолдау түрлерін енгізу жөніндегі ұсыныстарымызды жеткіздік»,- деді Сәрсен Абайұлы өз сөзінде. 

     Айта кетейік,  Шымкент қаласында оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту бағытында цифрлық жүйелер кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Цифрлық жүйе шығынды едәуір азайтып, білім беру саласында қаржыны тиімді басқаруға мүмкіндік беріп отыр.  Алғаш болып бұл жоба №140 жалпы орта білім беретін мектепте пилоттық режимде іске қосылған болатын. Бүгінде 1–4-сынып аралығындағы 24 601 оқушы «E-asxana» жүйесі арқылы тегін ыстық тамақ ішеді. Сонымен қатар, 52 371 оқушы «Alaqan» жүйесі арқылы тамақтанады. 

     Сонымен қатар Шымкенттегі барлық 61 медициналық ұйым дәрілік заттарды «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы беруді қолға алды. Енді тұрғындар қағаз рецептен бөлек QR-код арқылы да жеңілдетілген тегін дәрілерін ала алады.

    Биыл қалада 619 мыңнан астам рецепт рәсімделсе, оның 562 мыңға жуығы «Әлеуметтік әмиян» арқылы қамтамасыз етіліп, жоспардың 90,1 пайызы орындалды. Сонымен қатар, EGOV қосымшасын қолданбайтын науқастар дәрілерін 1414 СМС-коды арқылы алуда.

    «Әлеуметтік әмиян» – мемлекеттік қолдаудың ашықтығын жаңа деңгейге көтеретін жоба. Шымкент қаласы осы бағыттағы жұмысты белсенді жалғастыра береді.

     Талқылауға Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова да қатысты. Оның айтуынша, ата-аналар жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсініп, оның мүмкіндіктерін қолдана білуі қажет, әйтпесе цифрландыру өзінің мақсатына жете алмайды.

    «Әлеуметтік әмиян» әлеуметтік төлемдерді қағазсыз, артық рәсімдерсіз, нақты алушыларға жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде 1,6 млн бала мектепте ыстық тамақпен, 2 млн-нан астам азамат электронды рецепт бойынша дәрі-дәрмекпен қамтылған. Алдағы уақытта бақылау қағаз жүзінде емес, толықтай цифрлық мәліметтерге негізделетін болады.

       Жиынды қорытындылай келе, «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясының директоры шамамен 4 миллион адамды қамтитын кең ауқымды жаппай оқу науқанының басталғанын жариялады.

       Әр өңірде бірнеше мектеп және емханада, министрлік мамандары әлеуметтік педагогтерді, ата-аналарды және тегін дәрі-дәрмек алатын азаматтарды оқыту жұмысын жүргізеді.

    Алдағы уақытта өңірлер оқытуды келесі жылдың соңына дейін өздері ұйымдастырады, ал сапа бақылауы қағаз жүзіндегі есептер арқылы емес, тек Әлеуметтік әмиянның деректері бойынша – ата-аналардың белсенділігі мен кері байланысына негізделеді.

     «Мемлекет жыл сайын әр балаға – балабақшадан бастап студентке дейін – үлкен қаржы бөледі, енді әр отбасы бұл сомаларды өздерінің цифрлық профильдерінде көре алады, бұл әлеуметтік саясаттың мүлдем жаңа деңгейдегі ашықтығын қамтамасыз етеді», – деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.

Мүгедектігі бар азаматтарды еңбекпен қамту жұмыстары жанданды
Мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу