Әлеуметтік мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары күшейтілуде

Oinet.kz 01-12-2025 4

Әлеуметтік қорғау саласы – азаматтарға қызмет көрсетудің ең сезімтал және жауапты бағыттарының бірі. Осыған байланысты әлеуметтік мекемелерде көрсетілетін қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету, қызметкерлердің этикалық қағидаттарды сақтауын бақылау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу ерекше маңызға ие. 

image.png

Әлеуметтік мекемелерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында қызметкерлер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы туралы түсіндіру, мемлекеттік қызмет көрсетудегі ашықтықты қамтамасыз ету, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қызметтік этика нормаларын сақтау бағытында тұрақты профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп келеді. 

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жүйелі шаралар жалғасып келеді. Осы мақсатта «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы» КММ мен «№7 үйде қызметтер көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де кезекті түсіндірме кездесулері ұйымдастырылды.

Іс-шараға Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қорғаншылық немесе қамқоршылық белгілеу жөніндегі және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бөлім басшысы Қасымова Гүлжазира Ілесқызы, маман Каңлыбаева Жанар Мұқанқызы және мекемелердің қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында мекеме қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының талаптары, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде адалдық қағидаттарын сақтау, қызметтік этика нормалары және жауапкершілік шаралары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет алушылармен дұрыс қарым-қатынас орнату және кез келген құқықбұзушылық тәуекелдерін болдырмау мәселелері талқыланды.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – қызмет барысында туындауы мүмкін жемқорлық тәуекелдерін жүйелі түрде анықтап, оларды жоюға немесе барынша азайтуға бағытталған кешенді іс-шаралар жиынтығы.  Әлеуметтік сала мамандарының кәсіби этикасы, адалдық пен жауапкершілікке негізделген жұмыс мәдениеті – жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды бөлігі. Осыған орай әрбір қызметкерге адалдық кодексін сақтау, қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланбау, азаматтардың өтініштеріне әділ және тең қарау тәрізді талаптар қойылады.

Әлеуметтік мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – тек құқықтық міндет қана емес, қоғам алдындағы жауапкершілік. Бұл бағыттағы профилактикалық және ақпараттық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, қызмет көрсету сапасын арттыруға, мемлекеттік органдарға деген халық сенімін нығайтуға ықпал ететін болады.

Кездесу барысында қызметкерлердің сауалдары тыңдалып, туындаған мәселелер бойынша нақты түсініктемелер берілді. Мамандар жемқорлық көріністерінің қоғам дамуына тигізер кері әсерін атап өтіп, әр мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігі мен ашықтық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Жауапты ведомство өкілдері мұндай профилактикалық түсіндірме жұмыстарын тұрақты негізде жүргізу мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және қызмет көрсетудің сапасын арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Алдағы уақытта да әлеуметтік қорғау саласындағы мекемелерде ашықтық, әділдік және  адалдық қағидаттарын нығайтуға бағытталған шаралар жалғасын табатын болады. 

Кәсіптік оқу - жұмыссыздарға жаңа мүмкіндік
Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға комиссия отырысы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу