Шымкентте 1045 адам қандас мәртебесін алған
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Бір тұтас ұлт. Берекелі қоғам» аталатын жаңа Жолдауында қандастар мәселесіне де баса мән бергені белгілі. Өйткені, қазір елімізде қандастарға көмек пен тиісінше қамқорлық көрсету мәселе өткір тұр деп айтуымызға болады. Себебі, олардың осында орнығуымен қатар, оларды құжаттандыру мәселесі оңай шаруа емес.

«Қандастардың көшiп келуiне және iшкi миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек, сондай-ақ жалпы ұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды. Қуатты Ұлттың діңгегі – халық»,- деп атап өткен болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы. Президенттің тапсырмасымен қазір қандастарға жан-жақты көмек беріліп келеді. Түрлі себептермен әлемнің түкпір-түкпірінен тарыдай тарап кеткен қандастарымыз аз емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек биыл 8 051 этностық қазақ тарихи Отанымен табысып, қандас мәртебесін алыпты. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 156,1 мың этностық қазақ оралған. Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 44,2%-ы Өзбекстаннан, 43,2%-ы – Қытайдан, 5%-ы – Түрікменстаннан, 2,7%-ы Моңғолиядан, 2,4%-ы – Ресейден, және 2,5%-ы басқа елдерден келген.
Шымкент қаласында да қандарстарға қамқорлық көрсету жалғасып келеді. Мамандардың мәліметінше 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Шымқалада 464 отбасы немесе 1045 адам қандас мәртебесін алған. Алты айға мәртебесін ұзартқан азаматтар саны – 30 адам. Қоныс аударған қандастардың басым бөлігі – Өзбекстаннан келген 1029 адам, Қытай мен Ресейден – 7 адамнан, ал Қырғызстан мен Шри Ланкадан – 1 адамнан. Олардың көбісі құрылыс саласында, сауда-саттықта және басқа да салада еңбек етеді.
Жұмысты жүйелеу мақсатында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы мен №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы біріктіріліп, №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және қандастарды бейімдеу орталығы болып қайта құрылды. Орталық әр қиырдан оралған қандастарды атажұртқа бейімдеу бағытында жұмыс істейді.
Қаламызға келген қандастарымыздың арасында шешімін таба алмай қиналатын мәселелері көп болады. Соның ішінде ең бастысы - жұмысқа орналасу. Осы мәселелерді шешу мақсатында аталған орталық 2 айлық тегін мамандық бойынша оқу курстарымен қамтамасыз етеді. Аталмыш орталықтың қолдауына ие болғандардың бірі- «Аспазшы» мамандығын оқып жатқан Өзбекстан Республикасынан келген қандастарымыз Моминходжаева Фатима. Ол жолдасы Данияр Исаховпен бірге алдағы уақытта ерлі-зайыптылар өз кәсіптерін жүргізсек деген ниетте. Олар бүгінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарласы шеңберінде «Бастау бизнес» жобасына қатысуға ниет білдіріп, орталық мамандарымен бизнес жоспарын әзірледі. Алдағы уақытта «Аспазшы» мамандығын оқып бітірген соң, дәмхана ашып, кәсібін дөңгелетсек деген ойда екен. Орталық 12 түрлі мамандық бойынша тегін оқытады. Олар: тігінші, кондитер, есепші, компьютер графикасы, шаштараз және т.б.
Қандастарды жұмыспен қамту бастамалары нәтижелі болуда. Еңбек мобильділігі орталығына бүгінгі күнге дейін 30 қандас жүгініп, оның 22-сі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жұмылдырылды.
Елімізде Әлеуметік Кодекс аясында “қандас” мәртебесін берудің жаңа тәсілі енгізілген. Құжаттар еліміздің шет мемлекеттердегі өкілдіктері арқылы "бір терезе" қағидаты бойынша қабылдануда. Этникалық қазақтарға елімізде еңбек етуге және кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беретін «Ата жолы» картасы жүзеге асырылуда. Карта елге кіру үшін ұзақ мерзімді виза алу құқығымен беріледі.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты мекемеде қандастарға тұрмыстық, әлеуметтік, психологиялық, құқықтық тұрғыда көмектер ұсынылып, кәсіби даярлау бойынша мамандықтарға оқыту, жұмысқа орналастыру қызметтері көрсетіледі.
Еске салсақ, қандас мәртебесі – шет елдерден тарихи Отанына оралып, Қазақстан Республикасына көшіп келген этникалық қазақтарға берілетін арнайы құқықтық статус. Бұл мәртебе қандастарға Қазақстанда тұрақты тұруға, жұмысқа орналасуға және азаматтық алуға жеңілдік береді. Қандастар мемлекет тарапынан қолдау көріп, әлеуметтік көмек пен бейімделу бағдарламаларына қатыса алады. Бұл мәртебе этникалық қазақтардың елге оралып, қоғамға сіңісуін жеңілдетуге бағытталған.


