Жастар жұмыссыз емес
Жастар – елдің экономикалық өсімінің басты қозғаушы күші. Сол себепті бұл буынның білім алып, тұрақты жұмыспен қамтылуы мемлекет дамуының маңызды факторы саналады. Алайда қазіргі кезеңдегі еңбек нарығындағы өзгерістер, жаңа технологиялардың енгізілуі, бәсекенің күшеюі жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін өзекті етіп отыр. Осыған байланысты мемлекет пен қоғам тарапынан жастарды қолдау бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылуда.

Жастардың еңбек нарығына еркін кірігуі, тұрақты табысы мен кәсіби дамуы – елдің экономикалық өркендеуінің маңызды алғышарты. Соңғы жылдары Шымкентте қалалық әкімдік, мемлекеттік құрылымдар, білім беру ұйымдары және бизнес секторы жастарды жұмыспен қамту бағытында нақты қадамдар жасап келеді. Шымкент – халқы тез өсіп жатқан мегаполис. Қалада жыл сайын 20 мыңнан астам жас азамат колледждер мен жоғары оқу орындарын бітіріп шығады. Халық санының табиғи өсімі де жоғары. Қарқынды өсіммен бірге еңбек нарығына да сұраныс артып келеді.
Қалалық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жылдың басынан бері Шымкентте 30 мыңнан астам жас түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамтылған. Оның ішінде «Жастар практикасына» жолданғандар, “Алғашқы жұмыс орны” жобасына қатысқандар, қысқа мерзімді оқуды тәмамдап, кәсібін ашқан жастар, сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқандар бар. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары дейді салаға жауаптылар.
Қаланың әр ауданында өткізіліп келе жатқан бос жұмыс орындары жәрмеңкелері жастарға мол мүмкіндіктер беріп отыр. Жәрмеңкелерде мемлекеттік мекемелерден бастап, өндіріс, қызмет көрсету, логистика, құрылыс, медицина және білім беру саласындағы ұйымдар жұмыс ұсынады. Көп жағдайда жас мамандар тәжірибесіз болғандықтан, жұмыс берушілер оларды қабылдауға асықпайды. Алайда, биылғы жәрмеңкелерде жағдай өзгерген. Атап айтқанда, бірнеше кәсіпорын жас кадрларды арнайы оқу бағдарламалары арқылы жұмыс орнында оқытып, бірден еңбекке орналастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Жастармен кездесуде еңбек нарығына сұранысқа ие мамандықтар да ашық айтылуда. Негізгі қажеттілік – техникалық салаларда, яғни, дәнекерлеушілер, электриктер, механиктер, IT-мамандар, негізінен өндірістік бағыттағы инженерлік құзыреттер. Сонымен қатар қызмет көрсету секторында кассирлер, сатушылар, аспаздар, курьерлер және әкімшілік персоналға сұраныс жоғары. Жыл басынан бері өткізілген жәрмеңкелер барысында жұмыс берушілер 3–6 айлық қысқа мерзімді оқытуға жолдама беріп, оқуды аяқтаған жастарға тұрақты жұмысқа тұру кепілдігін ұсынып отыр.
Қала жастарының белсенділігі де айтарлықтай артқан. Жәрмеңкелерге қатысушылардың басым бөлігі – колледж және университет бітірушілері, сондай-ақ мамандық ауыстыруға шешім қабылдаған жастар. Оларға бағыт-бағдар беру мақсатында кәсіби бағдар кеңесшілері және жұмыспен қамту орталығының мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Нәтижесінде көптеген жас өз бейіміне сәйкес жұмыс бағытын таңдап, нақты шешім қабылдауға мүмкіндік алды.
Жастар үшін мұндай қолдау шаралары олардың еңбекке бейімделуін жеңілдете түседі. Тұрақты жалақы мен кәсіби өсу перспективалары болашаққа сенім береді. Көптеген жас маман «еңбек өтілім жоқ» деген себеппен жұмыссыз жүргенін айтса, бүгінгі бастамалар осы түйінді тарқатуға жол ашып отыр. Жалпы, Шымкенттің еңбек нарығы қайта жанданып, жастарды тиімді жұмыспен қамту тетіктері күшейе түсті.
Шымкент – мүмкіндігі мол әрі қарқынды дамып келе жатқан қала. Бұл мегаполисте жас ұрпаққа арналған білім беру, кәсіпкерлік, өндіріс және инновация бағыттары кеңейіп келеді. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, қаланың экономикалық өсімі және кәсіпорындардың белсенділігі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін біртіндеп төмендетуде.
Жастар — елдің болашағы ғана емес, бүгінгі дамудың негізгі күші. Сол себепті Шымкент қаласында олардың толыққанды жұмысқа араласуына жағдай жасау — өңірдің де, елдің де стратегиялық міндеті болып қала береді.


