Қарттарға қамқорлық – қоғамның парызы

Oinet.kz 10-12-2025 8

    Қоғамның өркениеттілігін айқындайтын басты өлшемдердің бірі – қарттарға деген құрмет пен қамқорлық. Өмірінің барлық кезеңін ел игілігіне арнап, саналы ғұмырын еңбекпен өткізген аға буын өкілдерінің жағдайы әрдайым мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала беретіні сөзсіз. Бұл бағытта Шымкент қаласында да қарияларды қолдау, олардың өмір сапасын жақсарту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

image.png

 Шымкент – еліміздегі тұрғындар саны қарқынды өсіп келе жатқан мегаполистердің бірі. Қаланың демографиялық құрылымында қарт адамдардың үлесі де артып келеді. Осыған байланысты әлеуметтік инфрақұрылымды, медициналық қызмет көрсету сапасын және тұрмыстық қолдау шараларын күшейту – күн тәртібіндегі маңызды мәселе.

Қарияларды әлеуметтік қорғау саласында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары және ардагерлер кеңестері белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл мекемелер қарттардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, олардың қоғаммен байланысын нығайтып, өмірге деген құлшынысын арттыруға бағытталған қызмет түрлерін ұсынады.

Аға буын өкілдерінің өмір сапасын арттырудың басты тетігі – денсаулық сақтау саласындағы қолжетімділік. Шымкент қаласында қарттарға арналған профилактикалық тексерулер, диспансерлік бақылау, кардиология, эндокринология, неврология бағытында қызмет көрсететін арнайы кабинеттердің саны ұлғаюда.

Шымкент қаласында қариялар үшін ашылған «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары – аға буынның әлеуметтік өмірге белсенді араласуына жағдай жасайтын мекемелер желісі болып табылады. Мұндай орталықтар қариялардың әлеуметтік оқшаулануына жол бермей, олардың өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне ықпал етеді.

   Бүгінде қала бойынша мұндай орталықтың бірнешеуі тұрақты жұмыс істеп тұр. Мұнда зейнеткерлер өз қатарларымен араласып, уақыттарын тиімді өткізіп қана қоймай, денсаулықтарын нығайтып, өмірге деген құлшынысын арттыруда. Орталықтар күніне екі ауысыммен 560 зейнеткерге дейін қызмет көрсетеді.  Орталықтарда арнайы физиотерапия кабинеттері, фитнес және жеңіл дене жаттығулары, йога, су терапиясы бағдарламалары бар. Қарттар үшін арнайы күн тәртібі жасалып, олардың жүрек-тамыр, буын және бұлшықет жүйелерін қолдайтын жаттығулар жүргізіледі. Медициналық бақылау, профилактикалық тексерулер мен кеңестер – аурудың алдын алуға бағытталған. Қарттардың жалғыздық сезімін азайту мақсатында орталықта психологиялық кеңестер, топтық терапиялар ұйымдастырылып тұрады. Әлеуметтік ойындар, интеллектуалдық сайыстар, қолөнер және шығармашылық үйірмелер – қариялардың ойлау қабілетін сақтап, эмоционалды күйін жақсартады. Қариялар жаңа дағдыларды үйреніп, өздерін қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезінеді. Сонымен қатар компьютерлік сауаттылық курстары, смартфон мен интернетті пайдалану сабақтары – қарияларды цифрлық ортаға бейімдейді. Бұл мүмкіндіктер арқылы олар онлайн қызметтерді, мемлекеттік порталдарды және әлеуметтік желілерді тиімді қолдана алады.

  Орталықтарда музыка, поэзия, театр, экскурсиялар және дәстүрлі мерекелер ұдайы өтіп тұрады. Ал қариялар өз тәжірибесін жастармен бөлісіп, ұрпақ сабақтастығын сақтауға үлес қосуда. Мәдени іс-шаралар олардың рухани дамуын, өмірге деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.

    Орталықтар арқылы қариялар волонтерлік, қоғамдық жобаларға қатысып, өз тәжірибесі мен білімі арқылы қоғамға пайда әкелуде. Бұл өз кезегінде олардың өзін-өзі бағалауын көтеріп, белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.

    Жуырда бұл жүйе тағы бір маңызды жаңалықпен толықты. 2024 жылы Нұрсәт шағынауданында «Белсенді ұзақ өмір» орталығының төртінші бөлімшесі ашылды. Жаңа орталық Астана шағынауданы, 107 мекенжайында орналасқан. Мұнда барлығы ыңғайлы етіп жасалған: кең әрі жарық бөлмелер, тынығу және спорт аймақтары, кітап оқу бұрышы, үстел ойындары мен шығармашылық сабақтарға арналған кабинеттер бар.

    «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары – қарттардың әлеуметтік, физикалық, психологиялық және мәдени тұрғыдан қолдау табатын маңызды мекеме. Мұндай орталықтар арқылы қариялар тек өмір сапасын жақсартумен шектелмей, қоғамға белсенді араласып, өз тәжірибесі мен даналығын ұрпаққа жеткізеді.

     Қорытындылай келе, бұл орталықтар қарттардың өмірін ұзарту ғана емес, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға, яғни толыққанды, белсенді және бақытты өмір сүруіне зор мүмкіндік береді.

Ал «Ізетті зейнеткер» орталығы бүгінде Шымкенттің әлеуметтік қамқорлық нышанына айналды. 2023 жылдың қарашасында ашылған бұл мекеме 2025 жылы жаңа, кең ғимаратқа көшірілді. Бұрын 70 адамды қабылдаса, енді 120 зейнеткерге қызмет көрсетеді. Жылына 3500-ге жуық қарияның демалып, сауығуына мүмкіндік бар.

Жаңа ғимараттың аумағы 3 699,9 шаршы метр. Мұнда физиотерапия, фитобочка, тұзды шахта, тренажер залы, массаж, музыка терапиясы және төрт мезгіл ыстық тағам қарастырылған. Қариялардың психологиялық демалысы мен рухани сергіп, қоғаммен белсенді байланыста болуына барлық жағдай жасалған.

Жолдамалар Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы арқылы беріледі.

Шымкент қаласында аға буын өкілдерінің өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдени-рухани қолдау, белсенді ұзақ өмір сүру мүмкіндіктерін кеңейту – қариялардың бақытты өмір сүруінің кепілі.

Қарттарға құрмет – қоғамның рухани деңгейін көрсететін маңызды өлшем. Сондықтан қариялардың өмір сапасын арттыру – мемлекет, қоғам және әрбір азамат үшін ортақ міндет.

Ізгілік пен қолдаудың күші: ерекше балаларға жағдай жасау — қоғам дамуының көрсеткіші
Шымкентте оңалту орталықтарының саны артуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу