Шымкентте оңалту орталықтарының саны артуда
Әлеуметтік осал топтағы азаматтар – қоғамның ең қорғалмаған, көмекке мұқтаж бөлігі. Оларға қарттар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, жалғызбасты аналар, аз қамтылған отбасы мүшелері және балалар, сондай-ақ әлеуметтік қиындыққа тап болған жастар жатады. Осындай азаматтарға көрсетілетін қолдау – қоғамның адамгершілік, жауапкершілік және әлеуметтік әділеттілік деңгейінің басты көрсеткіші. Ал әлеуметтік мекемелер – осал топтағы азаматтарға қызмет көрсетудің негізгі инфрақұрылымы. Шымкент қаласында ерекше жандарға медициналық және психолгиялық, құқықтық көмек көрсету бағыты жолға қойылған.

Қаладағы ең ірі әлеуметтік мекемелердің бірі – «№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Бұл орталық 225 жатын орынға есептелген және психоневрологиялық аурулары бар, көмекке мұқтаж, жасы он сегізден асқан, I — II топтағы психоневрологиялық аурулары бар мүмкіндігі шектелі азаматтарға 8 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Орталық көпфункционалды кереуеттер арнайы құралдармен қамтылған. Бұл медициналық кереуеттер жылжытуға ыңғайлы болу үшін аяқтары дөңгелек тежеумен жабдықталған.Ал көпфункционалды кереуеттің басты ерекшеліктері – науқастың ыңғайлылығы мен жайлылығы, тазалау мен дезинфекциялау жұмыстарының оңтайландырылуында. Төсекті тазалау, дезинфекциялау үшін палатаның ішіне еш қиындықсыз жылжытуға болады. Сонымен қатар, төсекте пациенттерге күтім жасауға арналған аксессуарлардың үлкен таңдауы бар.
Айта кету керек, ғимарат 2017 жылы қолдануға берілді. Онда галерея, 2 психологиялық көмек көрсету кабинеті, дефектолог кабинеті, дәрігерлер, акушер-гинекологиялық кабинет, стоматологиялық кабинет, жаңа заманауи техникалармен жабдықталған 3 медициналық бекет, 96 орындық асхана, 2 тренажерлық зал, ыңғайлы пандус қойылып, қолайлы жағдайлар жасалынған.
Мұндағы мамандар қызмет алушыларға тек күтім мен медициналық көмек қана емес, рухани және психологиялық қолдау көрсетеді. Әр адамға жеке оңалту бағдарламасы әзірленіп, өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Қала әкімінің тапсырмасы негізінде қазіргі таңда орталыққа қосымша 50 орындық жаңа ғимараттың құрылысы қолға алынған. Бұл мақсатқа 1,9 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Риголит» ЖШС жүргізуде.
Жақында қаладағы әлеуметтік нысандардың қатары тағы да толығатын болады. Қазіргі таңда Бозарық шағынауданында 150 орындық жаңа оңалту орталығының құрылысы басталды. Жалпы құны 13,8 миллиард теңге болатын заманауи кешенде ерекше жандардың әлеуметтік және физикалық оңалтуына жағдай жасалады. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 75 жұмысшы еңбек етуде және 29 арнайы техника жұмылдырылған. Нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарлануда.Мүгедектігі бар тұрғындарды оңалту орталығының құрылысы 2023 жылдың желтоқсанында басталған болатын. Жоба бойынша нысан 5 блоктан тұрады, жалпы аумағы – 5,3 гектарды құрайды.
Орталықта сауықтыру бассейні, спортзал, акт залы, үш қабатты оңалту корпусы, асхана, екі қабатты стационар және қосымша техникалық ғимараттар қарастырылған.
Қала әкімдігі мен әлеуметтік қорғау басқармасының бастамасымен қолға алынған бұл жобалар – Шымкенттің әлеуметтік бағыттағы даму стратегиясының айқын көрінісі. Әрбір жаңа ғимарат, әрбір жаңғыртылған мекеме – бұл тек құрылыс нысаны емес, адам өміріне үміт сыйлайтын мейірім мекені. Ерекше күтімді қажет ететін балалар мен ересектерге, ардагерлер мен қарттарға арналған мұндай орталықтар – қоғамдағы ізгіліктің, қамқорлық пен жауапкершіліктің айнасы.
Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға көрсетілетін қамқорлық – тек материалдық көмек емес, олардың өмір сапасын, әлеуметтік белсенділігін арттыру, қоғамға бейімделуіне жағдай жасау.
Әлеуметтік мекемелер – осал азаматтарды қорғау, қолдау және өмірін жеңілдету бағытындағы негізгі институт болып табылады. Мемлекет пен қоғамның басты міндеті – осы мекемелердің жұмысын жетілдіру, қолжетімділігін арттыру және әрбір азаматқа лайықты, сапалы қызмет көрсету.
Қорытындылай келе, әлеуметтік қамқорлық – бұл адамгершілік пен қоғамның мәдениетінің өлшемі, ал әлеуметтік мекемелер – оны жүзеге асырудың басты құралдары.


