Скорингтік модель: қамқорлық пен әділдік
Қазақстандағы әлеуметтік қолдау саясаты – мемлекеттің ең маңызды басымдықтарының бірі. Экономикалық даму мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін халықтың әл-ауқатын көтеру, осал топтарды қорғау, өмір сапасын жақсарту және әлеуметтік теңдікті сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.

Әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты – әрбір азаматтың лайықты өмір сүруіне мүмкіндік беру, қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсету және қоғамдағы әділдікті нығайту. Биылғы жылы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен отбасылардың тұрмыстық деңгейін анықтайтын скорингтік модель қолға алынды.
Қазіргі таңда жаңа үлгі Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Бұл жүйе тек материалдық жағдайды ғана емес, сонымен бірге отбасылардың әлеуметтік мүмкіндіктерін, демографиялық жүктемесін және жасырын табыстарын ескере отырып, мұқтаждықты әділ айқындауға бағытталған.
Скоринг – бұл отбасының өмір сүру деңгейін деректер арқылы бағалайтын цифрлық әдіс. Жүйе төрт негізгі компонентке сүйенеді. Бірінші материалдық жағдай. Бұл – отбасының табысы мен қолындағы мүлкі. Яғни ай сайынғы кірісі қанша, қандай үйі, көлігі бар, қарыздары бар ма – бәрі есепке алынады. Осы көрсеткіш отбасының қаржылай тұрғыдан қаншалықты тұрақты екенін көрсетеді.
Жаңа модель тек қағаз жүзінде қалмай, нақты қызмет көрсетуге енгізілді. Мамандардың айтуынша Шымкент қаласында қазірдің өзінде 11 мемлекеттік қызмет скоринг жүйесі арқылы ұсынылуда. Олардың қатарында студенттерге жатақхана беру, аз қамтылған оқушыларды тегін тамақтандыру, мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға шығындарды өтеу, жазғы лагерьге жолдама беру, жалға алған пәтер үшін төлемді субсидиялау, тұрғын үй көмегін тағайындау, спортшылар мен жаттықтырушыларға материалдық қамсыздандыру төлеу сияқты қызметтер көрсетіледі. Жүйе отбасының әлеуметтік мәртебесін автоматты түрде бағалап, мұқтаждық деңгейін анықтайды. Мұндайда азаматқа көмек алу үшін SMS арқылы келісім беру жеткілікті дейді сала мамандары.
Скорингтік модель – тек қосымша атаулы көмек тетігі. Ол жергілікті бюджет есебінен бөлініп, әлеуметтік әділеттілікті күшейтуді көздейді. Жүйенің артықшылықтары айқын. Шынымен мұқтаж жандарға қолдау көрсетіледі. Әлеуметтік теңсіздікті азайтады. Мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына жол ашады. Көлеңкелі табыстарды ескеріп, «жалған кедейліктің» алдын алады. Ең бастысы, жүйе әлеуметтік қиындықтардың салдарымен емес, себептерімен күресуге мүмкіндік береді. Шымкентте табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек жыл сайын мыңдаған адамды қамтиды. Биылдың өзінде 4 649 отбасы қолдауға ие болған. Бұрын мұндай көмекті кімге беру керегін анықтау үшін көп құжат жинау, есеп-қисап жасау қажет болатын. Ал қазір енгізіліп жатқан жаңа скорингтік жүйе осы процесті жеңілдетіп, нақты мұқтаж жанды дәл табуға мүмкіндік береді. Яғни, отбасының табысы мен мүлкі ғана емес, денсаулығы, жұмысқа жарамды мүшелердің саны, тіпті жасырын табыс көздері де есепке алынады. Соның арқасында көмек шын мәнінде қажет отбасыларға бағытталып отыр.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қолдауда да осы тәсілдің пайдасы бар. Бұрын өтініш берушілердің бәрі бірдей кезекке тұратын, ал қазір скорингтік модель олардың жағдайын саралап, қайсысына жедел қолдау керегін анықтауға көмектеседі. Мәселен, мүгедектігі бар азаматтарға қажетті құрал-жабдықтар мен қызметтер әлеуметтік портал арқылы беріледі. Енді жаңа жүйенің арқасында бұл қолдау кімге басымдықпен қажет екені автоматты түрде айқындалып, бюджет қаражаты әділ әрі тиімді жұмсалмақ.
Жоба бойынша Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жүйесі FSM Social мобильдік қосымшасы арқылы жүзеге асады. Ол атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде отбасылардың материалдық жағдайына зерделеу жүргізетін учаскелік комиссиялардың жұмысын автоматтандыру мақсатында әзірленген. Бұл мобильдік қосымшаны жеке азаматтар пайдаланбайды. Тек учаскелік комиссияның құрамына беріледі. Нақтылап айтсақ, атаулы әлеуметтік көмекке өтініш түскен кезде тұрғылықты жері бойынша ауылдық округ, мансап орталығы, портал арқылы өтініш береді. Өтініш қабылданғаннан кейін учаскелік комиссияға отбасын зерделеуге тапсырма беріледі. Қазіргі жағдайы бойынша жүйеде 242 мемлекеттік ұйымнан, 1 310 пайдаланушы, мобильді топ мүшелері үшін есептік жазбалар ашылып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Жүйе іске қосылғалы бері Шымкентте 2 260 отбасы туралы ақпарат тіркелген. Оның ішінде 1 817 отбасы кеңес алған, ал мемлекеттік мекемелерден түскен 443 сигналдың басым бөлігі орындалып үлгерді. Жоба отбасыларға әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетіп қана қоймай, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, балалар мен аналардың құқығын қорғауға бағытталған. Ең бастысы – әрбір мекеме мен маман дер кезінде ақпаратпен бөлісіп, нақты әрекет етуге мүмкіндік алып отыр. Тек соңғы тексеру науқанының өзінде 1 840 отбасы қайта қаралып, соның 659-ына нақты көмек шаралары ұйымдастырылды. Ал 1 181 отбасының тұрғылықты мекенжайда тұрмайтыны анықталды. Мамандар бұл әлеуметтік көмектің шын мәнінде кімге қажет екенін айқындауға жол ашып отырғанын айтады.
Скорингтік модельді енгізу республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдерге (барлығы 41 түріне) әсер етпейтінін ерекше атап өткен жөн. Базалық және ынтымақты зейнетақылар, жүктілігі және бала күтімі бойынша 1,5 жасқа дейінгі жәрдемақылар, көпбалалы аналарға және марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы, мүгедектік бойынша және мүгедектігі бар күтімі бойынша жәрдемақылар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы, арнаулы мемлекеттік және басқа да жәрдемақы түрлері өзгеріссіз төленетін болады.
Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға арналған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің 5 түрі бірдей көлемде сақталады.
Скорингтік модель – бұл отбасының экономикалық жағдайын объективті бағалауға мүмкіндік беретін цифрлық құрал. Аталған жүйені қолдану әлеуметтік қолдауды жаңа деңгейге көтеріп, мемлекеттік қызметтің сапасын арттырады. Пилоттық жобаның нәтижелері Қазақстандағы әлеуметтік саясатты цифрландыру, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалану бағытында маңызды қадам болып отыр. Алдағы уақытта жобаны басқа өңірлерде де енгізу жоспарланып отыр, бұл өз кезегінде барлық ел азаматтарының әлеуметтік қамтамасыздандырылуын жақсартуға септігін тигізеді.


