Ваучерлік қаржыландыру жүйесі: жаңа мүмкіндіктер мен әділ бәсекеге жол

Oinet.kz 11-12-2025 10

Қазақстан соңғы жылдары білім беру саласын жаңғыртуға бағытталған бірқатар реформаларды енгізіп келеді. Сол өзгерістердің маңызды қадамдардың бірі – ваучерлік қаржыландыру жүйесі. Бұл жүйе білім беру қызметтерін тұтынушыға — оқушы мен ата-анаға бағыттап, мектептер арасындағы әділ бәсекені күшейтуді, білім сапасын арттыруды және қаржыландыру тетіктерін ашық әрі тиімді етуді көздейді.

image.png

Жаңа жүйе бойынша әр балаға бір үйірме немесе секцияға тегін қатысуға мүмкіндік жасайтын электронды ваучер беріледі. Қаржыландыру тек ата-ананың цифрлық платформа арқылы қатысуды растағанынан кейін, яғни нақты қызмет көрсетілген соң жүзеге асырылады.

Қолданыстағы заңнама талаптарына сай келетін кез келген ұйым қажетті құжаттар пакетімен цифрлық платформаға қосылып, жүйеге қатысуға өтінім бере алады. Бұл нарықтағы ашықтықты көрсетіп, бәсекелестікті арттырып, өз кезегінде қызмет сапасына оң әсер етеді.

    Бұл пилоттық жобаға Қазақстан бойынша алты өңір қатысуда. Солардың бірі – Шымкент қаласы.  Қазір қалада үш бағыт бойынша, атап айтар болсақ, білім, спорт және мәдениет саласында жұмыс істейтін ұйымдар бар. Шымкентте бұл салаларда 341 жеке кәсіпкер  тіркелген. Жаңа жүйеге қоыслу үшін мамандар  барлығына мониторинг жүргізді. Комиссия құрамында басқарма өкілдерімен қатар «Amanat»  партиясының мүшелері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер болды. Мониторинг барысында ғимараттың санитарлық жағдайынан бастап, әжетханасына дейін тексерілді. Мысалы, егер үйірмеге 100 бала келетін болса, бір ғана әжетхана жеткіліксіз. Қабырғалардың биіктігі, желдету жүйесі де бақылаушылардың назарда. Осы тексерістен соң ескерту алған жеке кәсіпкерлер 14 жұмыс күні ішінде кемшіліктерді жоюы тиіс. Егер жойылмаса, олар тізімнен шығарылады.

      «Ваучерлік қаржыландыру – баланың қосымша білім алуға құқығын іске асыруды қамтамасыз ететін жаңа әрі тиімді әдіс. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жүйеде мемлекет әр балаға арнайы ваучер береді. Яғни, «бір бала – бір ваучер» қағидаты енгізіліп отыр. Бұған дейін бір бала бірнеше үйірмеге барып, сол үшін жеке кәсіпкерлер мемлекеттен бірнеше мәрте қаражат алып келді. Енді бұған жол берілмейді.  Жаңа жүйеде баланың үйірмеге нақты қатысқан-қатыспағаны толық бақылауда болады. Тіпті, бала үйірмеге келгенін болашақта алақанын сканерлеу арқылы дәлелдейтін болады. Бұдан бөлек, барлық ұйымдарда бейнебақылау орнатылады, жазбалар кем дегенде 30 күн бойы сақталады. Бұл баланың қауіпсіздігі мен мемлекеттік қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді,- дейді   Шымкент қалалық білім басқармасы тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Бағлан Үмбетбаев. 

    Қаламызға енгізілген жаңа жоба бойынша қызмет ақысын мемлекет тек нақты көрсетілген сабақ үшін төлейді. Сабаққа қатысу цифрлық жүйе арқылы тіркеліп, ата-ана төлемді тікелей таңдаған үйірмеге жібереді. Мұндай тәсіл артық есептілікті болдырмай, үдерісті ашық әрі әділ етеді. Егер үйірме балаға ұнамаса, ата-ана ешқандай құжатты қайта тапсырмай-ақ басқа ұйымды таңдай алады. Бұл ретте ваучердің күші жойылмайды. Бұл – жүйенің икемділігін арттырып, баланың мүддесі мен қажеттілігін ескеруге жол ашады.

Қазіргі базалық норматив бойынша бір балаға ай сайын 15 мың теңге бөлінеді. Егер бала ерекше білімді қажет ететін болса, онда 22 500 теңге, ал мүмкіндігі шектеулі балалар үшін 30 мың теңге қарастырылған. «Бұл пилоттық жобаға дейін білім басқармасына қарасты би және қолөнер үйірмелері үшін 14 349 теңге төленсе, мәдениет басқармасына қарасты дәл сондай үйірмелерге 18–19 мың теңге бөлініп келген екен. Ал, қазір енді мұның бәрі бірыңғайлып,  барлығы үшін бірдей баға бекітілді. 

Мамандардың айтуынша қазіргі таңда Шымкент қаласында  білім саласында 35 жеке кәсіпкер ваучерлік қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істеуде. Ал, жалпы бұл пилоттық жобаға 341 жеке кәсіпкер қатысуда. Алдағы уақытта бұл сан көбейеді. Ең бастысы – балалардың сапалы, қауіпсіз әрі пайдалы ортада дамуына жағдай жасау. Осы арқылы біз ел болашағын қалыптастырамыз дейді сала мамандары.

  Ваучерлік қаржыландыру жүйесі – Қазақстан білім беру саласын жаңа деңгейге шығаратын реформалардың бірі. Бұл жүйе: ата-аналарға еркіндік береді, мектептер арасында бәсекені арттырады, сапаны жақсартады, қаржыны тиімді бөледі, білім саласында ашықтықты қамтамасыз етеді.

     Егер дұрыс ұйымдастырылса, ваучерлік қаржыландыру болашақта Қазақстандағы білім беру сапасын айтарлықтай жоғарылатып, жаңа білім экожүйесін қалыптастыруы мүмкін.

Пилоттық жобаның нәтижесінде барлық ұсыныс пен тәжірибе ескеріліп, алгоритм жетілдіріледі. Бұдан кейін жаңа жүйе республика бойынша кезең-кезеңімен енгізілетін болады.

Айта кетейік, 2024 жылдың қазан айында қаламызда республикалық деңгейде алғаш рет ваучерлік қаржыландыру жүйесі 617 балабақшада енгізілген болатын. Жобаның мақсаты: мектепке дейінгі білім беру саласында қызмет көрсететін ұйымға кезекке қою, қабылдау процестерінің және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды автоматтандыру мен оған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін бағытталған бюджет қаражатының нысаналы мақсатын сақтауды қамтамасыз ететін жаңа қатысушыларды тарту арқылы ашықтығын қамтамасыз ету, жетілдіру.

Жаңа жүйе «Қаржы баланың соңынан жүреді» қағидаты негізінде іске асырылуда, яғни ваучерлік қаржыландыру аясында балабақшаға қабылданған баланың ата-анасы қаржыландыру мен көрсетілетін қызмет сапасын өздері таңдайды және бақылап отырады. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі балабақшалар арасында бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік беріп, ашықтықты қамтамасыз етеді.

Қазіргі балабақша – жай ғана балаларды күтіп, қараушы орын емес. Бұл – заманауи талаптарға сай жабдықталған, бала қауіпсіздігіне толық кепілдік беретін, олардың физиологиялық және психологиялық даму ерекшеліктерін ескеретін білім кеңістігі. Мұнда әр балаға қолайлы орта қалыптастыру, оның жасына сәйкес дағдыларын дамыту, еркін ойлауына мүмкіндік беру – басты мақсат.

В развитие энергетической инфраструктуры Шымкента планируется инвестировать более 39 млрд тенге
Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу