Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтті

Oinet.kz 11-12-2025 10

Шымкент — қазақстандық ірі мегаполистердің бірі, және соңғы жылдары қала тұрғындарының саны, урбанизация деңгейі артып келеді. Сол себепті баспанаға деген сұраныс та жоғары.

image.png

Мемлекет басшысының Шымкент қаласына жасаған іс-сапары барысында Әлеуметтік тұрғыдан баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қолжетімді кредиттік тұрғын үй құрылысын жалғастыру тапсырмасына сәйкес, қаламызда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде.Құрылыс басқармасы тарапынан биыл 283,5 мың шаршы метрді құрайтын 3 592 пәтерлі 57 көпқабатты үйдің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Жыл соңына дейін "Тұран" шағынауданында 16 үй, "Бозарық" шағынауданында 36 үй, "Ақжайық" шағынауданында 9 үй салынады. Жыл соңына дейін 190, 7 мың шаршы метрді құрайтын 2412 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Жалпы, биылғы жылы қалада жалпы ауданы 517,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,5 пайызға, ал көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы 17,7 пайызға артты дейді сала мамандары. Бұл халықтың баспанаға деген сұранысын қамтамасыз ету бағытындағы табысты жұмысты көрсетеді.

Мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті тұрғын үй саясаты арқасында Шымкентте баспана алудың мүмкіндігі айтарлықтай кеңейген. Бұл — әсіресе әлеуметтік осал, орта табысты отбасылар мен жастарға арналған.

Бүгін "Отбасы банк" Шымкент қаласында жыл сайын дәстүрге айналған екі күндік жылжымайтын мүлік жәрмеңкесін ұйымдастырып, тұрғындар үшін үй таңдаудың ең қолайлы алаңын қалыптастырды. Шарада қаладағы жетекші құрылыс компаниялары өз жобаларын ұсынып, тұрғындарға баспананы бір жерден салыстырып, тиімді ұсыныстарды қарастыруға мүмкіндік берді.

Жәрмеңкеге OKS group, Kanfar building, Отау Group, BI Group, BATSU group, 01 kz building, “Галерея новостроек”, А.Р.Т. – Құрылыс, Pioneer Group, Dis Construction, BKN Group, GBG, Royal Style City,Damdes Kurylys Invest, Altyn Construction, Satu Ordasy, Prime Builder және MD Строй сынды ірі құрылыс компаниялары қатысты. Қонақтар түрлі тұрғын үй кешендерінің орналасуымен, инфрақұрылымымен, шаршы метр бағасы және құрылыс технологияларымен танысып, қажетті нысанды көру туралы, басқа да келісім жасай алады. Сонымен қатар, отбасылық бюджетке ыңғайлы төлем кестесін есептеп, ипотека шарттары бойынша да толық ақпарат алуға мүмкіндік алды.

Жәрмеңкеге келушілер тұрғын үйді сатып алу мүмкіндіктерімен танысып, бірден негізгі рәсімдерден өтті. 22 ірі құрылыс компаниясы дайын пәтерлерден бастап, салынып жатқан үйлерді, сондай-ақ болашақ кешендердің де жобасын көрсетті.  «Бізде «Наурыз» бағдарламасы бойынша мыңнан астам салымшы өтініш беріп көрді. Сондай-ақ, біздің кең ассортиментіміз және кепілдігіміз бар. Бұл жәрмеңке  өте маңызды. Себебі сатып алушылар нарықтағы мүмкіндіктермен толық танысып, кеңес алып, «Наурыз» бағдарламасы» бойынша рәсімдерді бірден жасай алады»,- дейді сату бөлімі директорының орынбасары Гүлмайра Есмаханова. 

Биылғы жылы «Наурыз» бағдарламасының екінші кезеңіне Шымкенттің мыңннан аста тұрғыны қатысты. Жәрмеңкеде оларға қаржылық мүмкіндіктерді растап, тұрғын үйлерді тікелей жәрмеңкеден таңдау мүмкіндігі берілді. Сатып алушылар түрлі ұсыныстарды салыстырып, құрылыс компанияларының мамандарына сұрақтарын қойды. Ал жауаптылар бағдарламаның шарттарын  түсіндіріп,  дұрыс таңдау жасауға көмектесті. 

Ипотекалық өнімдерге сұраныстың артуы банк ұсынып отырған тиімді мөлшерлемелермен байланысты. Бүгінде салымшылар бастапқы жарнаны жинап болғаннан кейін жылдық 3,5 пайыз мөлшерлемемен (ЖТСМ 3,6%–4,4%) немесе 8,5 пайыз (ЖТСМ 9%–9,6%) несие рәсімдей алады. 2025 жылдың басынан бері 60 мыңнан астам тұрғын жаңа депозит ашса, 4 530 отбасы қоныс тойын атап өткен. Бұл көрсеткіш қала халқының қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларына деген қызығушылығын білдіреді.

Қала тұрғыны Диана Қапан бірнеше жылдан бері баспаналы болуды  армандаған. Ол осы уақытқа дейін «Отбасы банкте» депозит ашып, қаражат жинап келіпті. Ал биыл «Наурыз» бағдарламасына өтініш тастап, 20 миллион теңгеден астам қаражатқа мақұлдау алған. Сондықтан ол бүгін жылжымайтын мүлік жәрмеңкесіне келіп, өзіне ыңғайлы пәтерді таңдады. «Таңдаған пәтерім өте жақсы,  орналасқан ауданы маған өте ыңғайлы екен. Ең бастысы орталыққа жақын. Осындай бағдарламалар халыққа өте тиімді деп есептеймін. Армандаған пәтеріме жақын күндері қол жеткізетінім үшін қуанып тұрмын»,- дейді ол. 

Банк мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыруда да белсенді. Жәрмеңке барысында «Наурыз 2025» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламаларына қатысушылар өздеріне лайық пәтер таңдап, танысты. Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асып жатқан «Qamqor» өңірлік бағдарламасы аясында биылдың өзінде 403 тұрғын баспаналы болды. Бағдарлама медицина, білім, мәдениет, спорт, ғылыми-зерттеу, журналистика, мемлекеттік қызмет және энергетика саласы өкілдерін қамтиды. Оларға 20 миллион  теңгеге дейінгі несиені жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен (ЖТСМ 5,2%) алу мүмкіндігі қарастырылған. Өтінім беру толық цифрландырылып, «Баспана маркет» порталында жүргізіледі.

«Наурыз»  бағдарламасы өздеріңіз білетіндей 2024 жылы жүзеге асырылған. Бағдарлама бойынша еліміздің тұрғындарына 30 миллион теңгеге дейін пәтер алуға мүмкіндік беріледі. 7 немесе 9 пайызбен беріледі. Бастапқы жарна 10 немесе 20 пайыз болады»,- дейді «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директорының орынбасары Еркін Ақыншаев. 

Сонымен қатар жәрмеңкеде өтініш беруге,  төлем қабілеттілігін тексеруге және пәтерді брондау бойынша көмек көрсететін мамандар да жұмыс істеді. 

Шымкент қаласында тұрғын үй саясаты — белсенді әрі көпқырлы. Әлеуметтік жағынан осал, орта-табысты азаматтар, жастар, мемлекеттік қызметкерлер, көпбалалы отбасылар және апатты үйлерде тұрғандар — бәріне белгілі бір бағдарлама арқылы қолжетімді баспана ұсыну көзделген.

Ваучерлік қаржыландыру жүйесі: жаңа мүмкіндіктер мен әділ бәсекеге жол
«TEN QOGAM - қамқорлық пен теңдікті қамтамасыз етудің жарқын үлгісі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу