«Қиял әлемі» және «Кең баба» демалыс орындары аумағына жаңа саябақ салынады
Жасыл қала Шымкентте халық игілігі үшін ашылған саябақтар мен скверлер өте көп. Алайда олардың кейбірі әу бастағы мақсаты үшін қолданылмай келгендігі анықталуда. Айталық шаһардағы көпшілікке танымал, балалар мен ересектердің бүгінгі күнге дейін сүйікті демалыс орны саналып келген «Қиял әлемі» және «Кең баба» саябақтары демалыс орны емес сауда-саттықтың ордасына айналып кеткен.

Енді бұл нысандар жеке мүдде емес, қоғамдық игілік үшін беріледі. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында саябақтардың алдағы тағдырын айтып берді.
Әкімнің айтуынша уақытша пайдалануға берілген жерлерді заңсыз иемдену әрекеттері бүгінде заң жүзінде тоқтатылған. Бей-берекет сауда орындары көбейіп, саябақ атауына сай болмаған нысандардың орнына енді заман талабына сай жаңа халықтық саябақтар бой көтермек.
«Қиыл әлемі» және «Кең баба» саябақтары берілген мақсатына сай қолданылмаған. Осы күнге дейін жеке меншік есебі ретінде қолданылып келген. Салық та төленбеген. Саябақ болуы керек жерде сауда орындары салына бастаған. Сол үшін барлығын қайтардық. Саябаққа қатысты түрлі сыбыстарды да естідім. Орнына үлкен компаниялар үйлер салады екен деп айтылып жүр. Бұл жалған ақпарат. Ол жерге тек саябақ салынатын болады. Екі нысанның да орнына тұрғындарға арналған саябақ салынатын болады»,- деді шаһар басшысы баяндамасында.
Қазіргі таңда «Қиял әлемі» саябағында ескі құрылым толық сүрілген. Әкімнің айтуынша басты мақста тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру және шаһардың эстетикалық келбетін жақсарту. Жоба толық аяқталған соң бұл аумақ шымкентіктер үшін жаңа, тартымды, заманауи демалыс орнына айналмақ.
Еске сала кетейік, «Қиял әлемі» саябағы орналасқан жер телімі 2009 жылы балаларға арналған ойын-сауық орталығын салу мақсатында жергілікті кәсіпкерге жалға берілген. Алайда саябақта уәде етілген ойын алаңы салынбаған. Қалалық жер ресурстарын басқару департаменті жалға беру шартын жарамсыз деп тануды талап етіп, сотқа шағым түсірген еді. 15 жыл бойы жекеменшікке жалға берілген «Қиял әлемі» технопаркі қайтадан коммуналдық меншікке өтті. Себебі жалға алған кәсіпкер келісімшартта көрсетілген міндеттемені орындамаған. Әкімдік пен кәсіпкер арасындағы жер телімдерін жалға беру шартында саябақта қандай да бір күрделі құрылыс жүргізуге тыйым салынған. Алайда Жер ресурстарын басқару департаментінің мамандары мұнда сауда алаңдары, дүкен, қоғамдық тамақтану орындары сияқты 8 нысанның түскенін анықтады. Бұл сотта нақты дәлел болды. Департамент мамандары мұндағы ақылы автотұрақтың орында жасыл аймақ болуы тиіс екенін де анықтады.
Ал Шымкент қаласының дәл жүрегінде орналасқан “Кең баба” саябағы бірнеше жыл бұрын “Алматы-Сапар” ЖШС-не балалар мен жасөспірімдерге арналған эстетикалық және мәдени тәрбие орталығын ұйымдастыру мақсатында уақытша пайдалануға берілген болатын. Алайда жалға беру мерзімі аяқталған соң, жер телімі заңсыз иемделіп, жеке мақсатта қолданылған. Қалалық әкімдік бұл мәселеге қатысты сотқа жүгініп, Шымкент қаласының Жер ресурстарын басқару департаментінің талап қоюы негізінде Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот “Алматы-Сапар” ЖШС-не тиесілі құқықтық құжаттарды жарамсыз деп таныды. Сот шешімі заңды күшіне енді. Қазіргі таңда сот шешімі негізінде заңсыз салынған нысандарды бұзу және жер телімін бастапқы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Осылайша Шымкент қаласында жасыл аймақтарды тиімді пайдалану және оларды қоғамдық қолданысқа беру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қаланың саябақтары мен скверлері тұрғындардың жайлы демалысын қамтамасыз етуге, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және қаланың эстетикалық келбетін арттыруға қызмет ететін маңызды қоғамдық кеңістіктер саналады. Осыған байланысты жасыл аумақтарды жеке мүдде емес, қоғамдық игілік үшін пайдалану қағидаты жүзеге асырылуда.
Әкімдік шешіміне сәйкес, саябақтар мен скверлердің инфрақұрылымын жақсарту, абаттандыру, жарықтандыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қоғамдық кеңістіктердің маңына жеке меншік нысандарын орналастыруға, заңсыз құрылыс жүргізуге және жасыл аймақтардың тұтастығына нұқсан келтіретін кез келген әрекетке жол берілмейді. Шымкент қаласының әкімдігі алдағы уақытта да жасыл инфрақұрылымды дамытуға және қоғамдық кеңістіктерді кеңейтуге басымдық бермек.


