Шымкентте 3 жылда 295 базалық станция орнатылып, 398 станция модернизациядан өтті

Oinet.kz 11-12-2025 19

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Астана қаласының Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қалада интернет сапасын жақсарту мақсатында соңғы 3 жылда 295 базалық станция орнатылып, 398 станция модернизациядан өткенін хабарлады. Биылдан бастап «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруды қолға алынды.

image.png

     Жалпы қалада жеке инвесторлардың қатысуымен 2021 жылдан бері қаладан шалғай орналасқан 60-қа жуық елді мекендерді талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары жүргізіліп, 500 мыңға жуық қала тұрғындарына жоғарғы жылдамдықты оптикалық интернет желісіне қосылуға мүмкіндік жасалынды. Ал биыл қосымша 23 елді мекенге талшықты оптика желісін жүргізу үшін жеке инвесторлармен меморандум түзілді. Бүгінде 13 елді мекендердің тұрғындарына кең жолақты интернет желісіне қосылуға мүмкіншілік жасалынды.  Сондай-ақ  10 елді мекен тұрғындарының 8-і қараша айында кең жолақты интернет желісіне қосылуға мүмкіндік алса,  2 елді мекенді желтоқсан айында аяқтау көзделуде. Шалғайдағы елді мекендерді сапалы интернетке қосу үшін жеке инвесторлармен меморандум түзілген. Сондай-ақ, шаһарда байланыс сапасы төмен нүктелерге базалық станция орнату жұмыстары жүзеге асырылуда.

    Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қалада жасанды интеллектті білім, медицина, халыққа қызмет көрсету секілді салаларға енгізу жұмыстары басталып кеткен.  «Атап айтсақ, денсаулық сақтау саласында медициналық көмектің сапасын арттырып, инсультті жылдам әрі дәл анықтауға мүмкіндік беретін – «Cerebra AI» жобасы және науқастарға нақты диагноз қойып, ем тағайындауға көмектесетін – «PULS AI» интеллектуалды ассистент жүйесін енгізілді", -деді қала басышысы.

    Әкім сондай-ақ, медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін «Смарт-бейнежетон» пилоттық жобасы іске қосылғанын да атап өтті.  Құрылғы қызметкердің киіміне бекітіліп, жұмыс барысында үздіксіз бейне-аудио жазып алады. Жазбалар қорғалған серверге жіберіледі және оларды медицина қызметкерлері де өзгерте алмайды. Материалдарды тек жауапты лауазымды тұлғалар қызметтік мақсатта, соның ішінде медициналық қызмет сапасын бақылау және мамандардың біліктілігін арттыру үшін пайдалана алады.  Бейнежетонда төтенше жағдай кезінде басылатын «SOS» батырмасы бар. Батырма іске қосылғанда дабыл диспетчерге тікелей түсіп, бригадаға жедел қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Шымкентте 115 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді: 28 дәрігерлік және 87 фельдшерлік. Пилоттық жоба алдымен осы бригадаларда сынақтан өтуде.  Денсаулық сақтау басқармасы жобаның тиімділігін бағалап, оң нәтиже болса, бейнежетондарды барлық бригадаға кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.

   Ғабит Әбдімәжитұлы білім саласы бойынша оқушыларға робототехника бағдарламасын оқытуға бағытталған «RoboPark.kz» қосымша білім беру орталығы ашылғанын мәлімдеді. 

     Жол саласында көлік ағымын реттеп, кептелісті азайту мақсатында 331 жол қиылысындағы бағдаршам заманауи интеллектуалды жүйеге қосылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде биыл 4 425 бейнебақылау камерасы орнатылды. Оның ішінде, 350 камера бейнеталдау функциясын атқарады. Бұл жүйе электр желісінде ақау шыққан жағдайда да жұмыс істей береді. Себебі әрбір қиылыста  қуаты 20 сағатқа дейін  жететін қосалқы энергия көздері орнатылған. 

     Жүйе арқылы жолдар мен қиылыстарға орнатылған сенсор арқылы көлік ағыны туралы ақпарат жиналады. Яғни, арнайы жүйе көлік ағынына байланысты бағдаршамдағы қызыл мен жасыл түстердің уақытын автоматты түрде өзгертіп отырады. Сенсорлы құрылғылар: микротолқынды — жолдағы кептеліс пен көлік ағымын нақты уақытта анықтайды; инфрақызыл жылу сенсорлары — баннерлер мен ағаштарға қарамастан, көлік қозғалысын есептеп, бақылау мүмкіндігін береді; радолокациялық — Темірлан тас жолы, Қонаев даңғылы сияқты магистрал көшелердің толық енін қамти алады. Жүйенің енгізілуінің нәтижесінде қаладағы 246 қиылысты интеллектуалды басқаруға, көлік қозғалысын автоматты түрде 24/7 режимінде бақылауға болады. Жол-көлік оқиғалары мен төтенше жағдайларға жылдам әрекет ету қауіпсіздік деңгейін арттырып, кептелісті азайтады. Қазіргі уақытта жаңа жүйе қаланың барлық бағдаршамы орналасқан қиылыстардың 71%-ын қамтиды. Жүйенің артықшылықтары:  ыңғайлы және қауіпсіз көлік қозғалысы, кептеліс пен апаттар санын азайту, қала тұрғындары үшін заманауи, жайлы инфрақұрылым желісін қалыптастырады.

     Айта кетейік,  Шымкент қаласының әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасында «Ақылды қала» жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылған.  Келісім «Smart Shymkent» жол картасы шеңберінде пилоттық шешімдерді іске қосуды көздейді. Жайлы ортаны қалыптастыру мен тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған цифрлық сервистерді тестілеу және интеграциялау жоспарлануда. Жаңа жүйе инфрақұрылымды бақылаудың орталықтандырылған жүйесін құруға, дрондардың бірыңғай инфрақұрылымын енгізуге, сондай-ақ қауіпсіздік процестерін автоматтандыруға, экологиялық жағдайды бақылауға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға ерекше назар аударылатын болады. Мысалы, дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы жолдарды жөндеуге, қоқыстарды шығаруға, жол белгілерін орнатуға мониторинг жүргізуге, сондай-ақ заңсыз құрылыстар мен қоқыс үйінділерін бақылауға мүмкіндік береді. «Қазақтелеком» АҚ мұндай жобаны Ақмола облысында сәтті жүзеге асырды. Енді цифрлық шешімдер Шымкент қаласында кезең-кезеңімен енгізілетін болады.

     Жол картасы аясында Шымкент қаласында заманауи цифрлық шешімдерге негізделген 13 пилоттық жоба жүзеге асырылатын болады. Олардың ішінде дрон инфрақұрылымы, жасанды интеллекті бар бейнебақылау жүйелері, «ақылды» есептегіштер, экологиялық мониторинг, ұлттық бейнемониторинг жүйесі, медициналық ЖИ шешімдері («ЖИ-терапевт», CerebraAI), жол сапасын бақылау, GovTech платформасы, смарт-бейнежетондар, сондай-ақ азаматтарға арналған бірыңғай байланыс орталығы (Jardem 109) бар.

Биыл Шымкентте елді мекендердің барлығы асфальт жолмен қамтылады
Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу