Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді
Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақсаты – еліміздің барлық өңіріндегі балаларға тұратын жеріне қарамастан сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау. Бұл жоба Шымкентте де сәтті жүзеге асырылып келеді. Жоба нәтижесінде үшінші мегаполисте үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында баяндады.

Қала әкімі Президенттің бастамасымен «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында Шымкентте жоспарланған 17 300 орынды 12 мектеп толығымен пайдалануға беріліп, жоба өңірде сәтті жүзеге асырылғаны туралы мәлімдеді.
– Биыл бюджет есебінен 4 145 орынды 8 мектеп салынып, 2 мектеп пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет есебінен 10 мектеп және 1 балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімімен қаладағы Президент резиденциясын балаларға арналған сауықтыру лагеріне айналдыру жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда нысан білім басқармасының балансына берілді, қажетті жиһаздармен қамтылуда, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Президенттің биылғы Жолдауында экономиканың барлық саласына жасанды интеллект енгізіліп, цифрландыру тапсырмасы көтерілген болатын. Осыған орай мегаполистегі білім беру саласын цифрландыру мақсатында бірқатар жаңа жоба қолға алынды.
Бірінші. Қалада барлық мектептегі бейнебақылау жүйесі Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылып, заманауи интеллектуалды жүйе – «Айқын» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жүйе мектептегі қауіпсіздік, өрт және буллинг жағдайларымен бірге оқушылардың оқу процесіне қатысуын бақылап, тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Екінші. Мектептерде тегін тамақтың берілуін бақылайтын «Әлеуметтік әмиян» цифрлық жүйесі енгізіліп, 2 айда 460 млн теңге бюджет қаржысы үнемделді.
Үшінші. Қосымша білім беру бойынша шығармашылық және спорттық үйірмелерге «Бір бала – бір орын» қағидатымен бірыңғай ваучерлік жүйе енгізілді. Бұл жүйе үйірмелер сапасын арттырып, бақылауды күшейтумен бірге 1,8 миллиард теңге бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді.
Төртінші. Білім беру саласындағы жемқорлық фактілердің алдын алып, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында барлық ақпараттық платформаның қаржыландыру процестерін бақылап, қадағалайтын «QARQYN» цифрландыру жүйесі енгізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімімен қаладағы Президент резиденциясын балаларға арналған сауықтыру лагеріне айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда, нысан білім басқармасының балансына беріліп, қажетті жиһаздармен қамтылып жатыр.
Айта кетейік, «Келешек мектептері» – болашақ ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған заманауи білім беру моделі. Бұл мектептерде басты мақсат – оқушының шығармашылық қабілетін дамыту, цифрлық сауаттылығын арттыру және өз бетімен ойлайтын, шешім қабылдай алатын тұлға тәрбиелеу.
Келешек мектептерінде дәстүрлі оқу жүйесімен қатар инновациялық технологиялар кеңінен қолданылады. Робототехника, жасанды интеллект, виртуалды зертханалар, STEM және STEAM бағытындағы пәндер оқушыларға ғылым мен техниканың жетістіктерін тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді. Мұндай білім беру тәсілі жастарды жаңа мамандықтарға бейімдеп, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Сонымен қатар, келешек мектептерінің маңызды ерекшелігі – экологиялық және әлеуметтік жауапкершілікке баулу. Мұнда оқушылар қоғам өміріне белсенді араласуға, қоршаған ортаны қорғауға, еріктілік мәдениетіне үйренеді. Әр сабақ, әр жоба оқушылардың өмірмен байланысын нығайтып, практикалық тәжірибеге негізделеді.
Тағы бір айта кетерлігі, Шымкентте «Келешек мектептері» жобасы аясында жаңаша білім алған оқушылардың қабілет-қарымы жақсарды. Таңдамалы пәндер арасында жүргізілген тестілеу қорытындысы бойынша балалардың білім деңгейі 61,5%-тен 65,2%-ке дейін өскен. Сала мамандарының пайымынша, аз уақытта айтарлықтай нәтижеге теориялық білімді тәжірибелік іліммен ұштастыру әсер еткен. Сонымен қатар оқушының қызығушылығына заманауи құралдар мен ІТ технология, робототехника сыныптары серпін берді.


