50-ден астам шағын кәсіпорындар ашылады
Шымкент қаласында бизнестің тұрақты дамуына жағдай жасау мақсатында кәсіпкерлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қолайлы бизнес-климат қалыптастыру, өндірістік алаңдар мен инженерлік желілерді қолжетімді ету — қаланың экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі.

Қазіргі таңда индустриалды аймақтар, шағын өнеркәсіп парктері және кәсіпкерлікке арналған арнайы аумақтар заманауи инфрақұрылыммен кезең-кезеңімен жабдықталуда. Бұл ретте кәсіпкерлерге су, газ, электр қуаты, кәріз жүйесі және көлік жолдары секілді негізгі инженерлік желілерге қолжетімділік ұсынылуда. Мұндай қолдау жаңа өндіріс орындарын ашуға, инвестиция көлемін арттыруға және қала экономикасының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді. Кәсіпкерлерге инфрақұрылымдық қолдау көрсету бизнес жүргізу шығындарын төмендетіп, олардың өндірістік үрдісті жылдам іске қосуына жағдай жасайды. Қолайлы инфрақұрылымның болуы — жаңа жобаларды іске асыруға, инвестиция тартуға, жұмыс орындарын құруға және жергілікті экономиканы әртараптандыруға тікелей әсер етеді.
Шымкентте жаңа бастамаларды қолдау мақсатында кәсіпкерлерге қолжетімді инфрақұрылыммен қамтылған, аумағы 45 мың шаршы метр құрайтын 3 «шағын өндірістік алаң құру» жұмыстары аяқталуда. Бұл өндіріс алаңдарында 50-ден астам шағын кәсіпорындар ашылып, 300-ден аса адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты.
Шымкент қаласында кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын арттыру, бизнес субъектілерін көлеңкелі айналымнан шығару және адал бәсекелестікті қалыптастыру мақсатында маңызды шара жүзеге асырылды. Осы бағытта бөлшек сауда саласына арналған бөлшек салық мөлшерін төмендету туралы шешім қабылданып, бұл кәсіпкерлер үшін қосымша ынталандыру тетігіне айналды. Бөлшек салықтың төмендеуі шағын және орта бизнеске түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, олардың заңды түрде жұмыс істеуін, табысын ашық көрсетуін және салықтық міндеттемелерді толық орындауын ынталандырады. Бұл қадамның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді адал салық төлеуге бағыттау және қала бюджетінің тұрақты кірісін қамтамасыз ету. \
Салық мөлшерінің төмендеуі кәсіпкерлерге заңды айналымды арттыруға, онлайн бақылау-касса машиналарын толық қолдануға және кірістерді жасырмай көрсетуге ынталандыратын маңызды құрал болып отыр. Бизнес өкілдері үшін салық төлеудің оңайлатылған тәртібі мен төмен мөлшерлемелер – көлеңкелі экономиканың деңгейін азайтуға бағытталған тиімді механизм. Өз кезегінде жаңа салықтық жеңілдіктер қала экономикасының тұрақты өсуіне оң ықпал етеді деп күтілуде. «Өткен жылдан бастап кәсіпкерлерді ашық және адал салық төлеуге ынталандыру мақсатында бөлшек салық мөлшерін 4%-дан 2%-ға төмендеткен болатынбыз. Қазіргі кезде осы салық түрінен бюджетке түсетін түсімдер 9 млрд теңгеден 31 миллиард теңгеге немесе 3 есеге артып отыр. Биыл жаңа Салық кодексіне байланысты шешімді қайта қабылдап, келесі жылдан бастап жеңілдікті пайдаланатын кәсіпкерлер ауқымы 8 мыңнан 102 мыңға артады», - деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Оның айтуынша, қалада бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде, соңғы 3 жылда белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 128 мыңнан 141 мыңға жетіп, жұмыспен қамтылғандар саны 250 мыңнан асты. Қала экономикасында шағын және орта кәсіпкерлікпен өндірілген өнім үлесі 41%-дан 58%-ға артты. Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 20 млрд теңге қаралып, 1 971 жобаға қолдау көрсетілді.
Баяндамадан кейін қала басшысы БАҚ өкілдері қойған 100-ге жуық сұраққа жауап беріп, мегаполисте атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады.


