Шымкенттің көшелері жап-жарық

Oinet.kz 11-12-2025 10

Шымкент қаласында көше-жол желісін жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, мегаполистің инфрақұрылымдық дамуы жаңа деңгейге көтерілді. Соңғы екі жылдың ішінде аталған бағыттағы жұмыстардың көлемі 40 есе ұлғайып, қаланың тарихындағы рекордты көрсеткішке қол жеткізілді.

image.png

Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында баяндады.

– Тұрғындарға қолайлы орта құрумен бірге, қала қауіпсіздігі үшін түнгі жарықтандыру мәселесі де өте маңызды. 2023 жылға дейін Шымкентте жыл сайын орта есеппен 115 көше жарықтандырылып, қамту деңгейі 30 пайызды құраған. Жалпы, сол кезеңге дейін 2 028 көше жарықтандырылған болатын. Ал соңғы екі жылда осы бағыттағы жұмыс көлемі 40 есеге ұлғайтылып, қосымша 4 686 көше жарықтандырылды. Нәтижесінде түнгі жарықтандыру көрсеткіші жыл соңына дейін 100 пайызды құрайды, – деді Ғабит Сыздықбеков.

Бұл бағытта 2024-2025 жылдар аралығында көшелердің бойына 95 223 жарықшамы орнатылды.

Жарықтандыру жобаларының ауқымды жүзеге асырылуы тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға айтарлықтай ықпал етті. Бұған қоса, жаңа LED-жүйелердің қолданылуы энергия тиімділігін қамтамасыз етіп, коммуналдық шығындарды азайтуға мүмкіндік берді.

Қала әкімінің мәліметінше, өткен кезеңде жүздеген көшелер мен жаңа тұрғын алаптарының жолдары жарықтандырылып, бұрын жарықсыз болған учаскелер толықтай қамтылды. Жаңа жобалар аясында тірек бағандары орнатылып, заманауи шамдар, автоматтандырылған басқару жүйелері іске қосылды. Бұл инфрақұрылым қаланың эстетикалық келбетін жақсартуға да оң әсерін тигізуде.

Сонымен қатар, жарықтандыру желілерін жаңарту мен кеңейту жұмыстары орталық көшелермен қатар, шағынаудандар мен бұқаралық демалыс орындарында да жүргізілуде. Әсіресе шеткі тұрғын алаптарда инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Қала билігі энергия үнемдеу технологияларын енгізу арқылы тиімді әрі ұзақмерзімді нәтижеге қол жеткізуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта тағы да бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылып, жарықтандырылған жолдар мен көшелер саны одан әрі артады.

Мегаполистегі жарықтандыру инфрақұрылымын дамыту — тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатындағы басым бағыттардың бірі болып қала береді.

Шымкент – дамуы қарқынды, уақытпен үндесе жаңарып келе жатқан мегаполис. Соңғы екі жылда қалада атқарылған инфрақұрылымдық өзгерістер үлгі боларлық жаңа стандарт қалыптастырды.

50-ден астам шағын кәсіпорындар ашылады
Соңғы 3 жылда қала экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция жұмылдырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу