Соңғы 3 жылда қала экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция жұмылдырылды
Шымкент қаласы еліміздің индустриалды және инвестициялық орталықтарының бірі ретінде өңір экономикасын дамытуда жетекші рөл атқарып келеді. Соңғы жылдары қалаға сыртқы және ішкі инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде өндіріс, қызмет көрсету, құрылыс және инфрақұрылым салаларында жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Бұл мегаполистің экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беріп отыр.

Инвестиция тартудың негізгі драйверлерінің бірі – индустриалды аймақтарды, көлік-логистикалық орталықтарды және шағын өнеркәсіп парктерін дамыту. Қалада дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген алаңдар инвесторларға тиімді жағдай ұсынып, жоба іске қосу мерзімін едәуір қысқартады. Электр, газ, су және кәріз желілерімен қамтылған өндірістік аймақтар инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастырып, қосымша шығындарды азайтады.
Өңір экономикасын тұрақты дамыту мақсатында мегаполис басшылығы алдағы 5 жылда 6,6 триллион теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Шымкентке жұмылдырылған инвестиция туралы баяндады.
– Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, өңірге инвестиция тарту – стратегиялық міндетіміз. Бұл ретте инвесторларға қолайлы жағдай жасап, тұрақты қолдау көрсетіп келеміз. Соңғы 3 жылда қала экономикасына 2 триллион теңгеден астам инвестиция жұмылдырылса, оның 75 пайызы – жеке инвесторлар есебінен. Орташа жылдық өсім 11 пайызды құрады. Бүгіннің өзінде жалпы құны 4,6 триллион теңге болатын 221 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Бұл инвестициялық жобалар аясында 29 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Мегаполис әкімі баспасөз жиынында Шымкенттегі ірі жобаларды атап өтті:
* «Alsera KZ» түрік компаниясымен құны 322 миллиард теңгені құрайтын 650 гектар жерге еліміздегі ең үлкен заманауи жылыжай кешенінің құрылысы 2024 жылы басталып, биыл құны 98 миллиард теңгені құрайтын бірінші кезеңнің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде 42 гектар жылыжайдан алғашқы өнім жиналды;
* Польшаның «Fabe Agro» компаниясымен құны 68 миллиард теңгені құрайтын жоғары технологиялы жылыжай құрылысын салуға 144 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс басталды. Мұнда жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өнімі алынып, 800-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ;
* түркиялық «YDA Group» компаниясымен 313 миллиард теңгеге өндірістік технологиялық материалдар өндіру және отандық «INTERTRANS» компаниясымен 80 миллиард теңгеге мұнай өнімдерінен ұнтақталған полипропилен өндіретін зауыт салу көзделуде;
* Жуырда Астана қаласындағы инвестициялық форумда қытайлық «Shaanxi Construction Engineering» компаниясымен құны 55 миллиард теңгеге тұрмыстық қалдықты жағу арқылы қуаттылығы 24 мВт электр энергиясын өндіру бойынша келісім жасалып, жобаны іске асыруға қоқыс полигоны жанынан 12 гектар жер телімі бөлінді.
Мұның барлығы қалаға инвестиция жұмылдыру бағытындағы жұмыстың оң нәтижесін көрсетеді.
Инвестициялық жобалардың географиясы жыл сайын кеңеюде. Өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісі, фармацевтика, IT және қызмет көрсету секторларына бағытталған жаңа жобалар қаланың экономикалық әртараптануына ықпал етуде. Сонымен қатар, шетелдік компаниялардың қатысуымен бірқатар жоғары технологиялық өндірістер іске қосылуда.
Инвестиция тарту тек экономикалық өсімге ғана емес, әлеуметтік салаға да оң әсер етеді. Жаңа өндірістер мен кәсіпорындарда тұрақты жұмыс орындарының ашылуы тұрғындардың өмір сапасын арттырып, қала экономикасының тұрақтылығын күшейтеді.
Шымкент қаласы алдағы кезеңде де инвестициялық тартымдылықты арттыруды, жаңа жобаларды қолдауды және бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыруды басым бағыт ретінде ұстайтынын мәлімдеді. Мегаполистің географиялық орналасуы, индустриалды қуаты және инфрақұрылымдық мүмкіндігі инвесторлар үшін сенімді серіктес болуына негіз болып отыр.


