Мегаполистің макроэкономикалық көрсеткіштері жоғары
Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша биылғы 10 айда Шымкент қаласы экономикасының өсімі 14,8 пайызды құрап, республика бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Атап айтқанда Шымкент 114,8% көрсеткішпен Астана қаласынан кейінгі (119,7%) екінші орынға тұрақтады. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында баяндады.

Экономикалық өсімнің жоғары деңгейіне өнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету саласы және шағын және орта бизнес субъектілерінің белсенділігі айтарлықтай ықпал етті. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі артып, жаңа өндірістік қуаттар іске қосылуда. Сонымен қатар, құрылыс саласындағы қарқынды жұмыстар, инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы және тұрғын үй құрылысының ұлғаюы қала экономикасының дамуына серпін берді.
– Оның ішінде сауда көлемі – 24,6 пайызға, байланыс – 18,3, өнеркәсіп өнімі – 14,7 пайызға, құрылыс жұмыстары – 7, инвестиция көлемі 4,7 пайызға өсіп, 982 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мегаполис экономикасы өсімінің драйвері ретінде өңдеу өнеркәсібін дамыту – негізгі міндетіміз болып табылады, – деді Ғабит Сыздықбеков.
Бүгінде өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16,5 пайызға өскен. Соңғы 3 жылда өнеркәсіп саласында құны 150 млрд теңгені құрайтын 40 жоба іске қосылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Оның ішінде биылғы жылы қосылған ірі жобалардың бірі «QazAlpack» компаниясы өндіретін «Алюминий құтылары өніміне» сұраныс артып, экспорт көлемінің ұлғаюына байланысты құны 30 млрд теңгені құрайтын жобаның 2-ші кезеңі іске қосылды. Зауыт жылына 2,2 млрд дана алюминий құтыларын шығарады. Онда 112 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Сол сияқты «Sauran Bricks» компаниясы «Автоклавты газдалған бетон» өндіретін зауыт жобасы іске қосылды. Зауыт жылына 300 мың текше метр газдалған бетон өндіреді. Кәсіпорында 100-ге жуық тұрақты жұмыс орындары құрылды.
Инвестициялық саясатты жетілдіру де оң нәтиже көрсетіп отыр. Индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіп парктерінде жаңа жобалар жүзеге асырылып, дайын инфрақұрылым инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруда. Нәтижесінде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі тұрақты түрде өсіп келеді.
Сауда және қызмет көрсету саласы бойынша да жоғары өсім тіркелді. Халық санының көбеюі, кәсіпкерлік белсенділіктің артуы және нарықтағы тұтынушылық сұраныстың күшеюі саланың дамуына ықпал етті. Әлеуметтік салада жүзеге асырылып жатқан жобалар да қала экономикасының жан-жақты дамуына оң әсерін тигізуде.
Шымкент қаласы әкімдігі бұл көрсеткіштер мегаполистің экономикалық әлеуетінің жоғары екенін, әрі жүргізіліп отырған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін дәлелдейтінін атап өтті. Алдағы кезеңде де экономикалық өсімді тоқтатпай, жаңа инвестициялар тарту, өндіріс көлемін ұлғайту және бизнеске қолайлы орта қалыптастыру басты басымдық болып қала бермек.
Брифингте қала әкімі Шымкентте Мемлекет басшысының берген тапсырмаларына сәйкес экономикалық өсімге ықпал жасайтын өндіріс орындарының ашылғандығын, оған инвестиция тартып, адами капиталды дамыту және тұрғындарға қолайлы орта құру бағыттарында жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы баяндады. Сондай-ақ, шаһарда соңғы жылдары ішкі миграциялық ағын есебінен қала халқы қарқынды өсіп келетіндігіне тоқталды.


