Шымкентті дамытуға халық та үлес қоса алады
Шымкент қаласында тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымын күшейту және қала басқару үдерісіне қоғамды кеңінен тарту бағытында жаңа форматтағы жұмыстар жолға қойылды. Қаланың дамуына қатысты шешімдер қабылдауда тек мемлекеттік органдардың емес, сонымен бірге қала тұрғындарының да пікірін ескеру – мегаполистің қазіргі басқару моделінің басты қағидаты болып отыр.

Осы мақсатта шаһарда тұрғындармен тиімді кері байланыс орнатып, қаланы дамытуға халықтың қатысуын арттыру бағытында жаңа жоба қолға алынды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен жүзеге асырылған «Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» жобасы мегаполис тұрғындарының пікірін ашық жинап, оны қаланың әлеуметтік-экономикалық жоспарларына енгізуге мүмкіндік беретін маңызды тетікке айналып отыр.
Жобаның мақсаты – қаладағы өзекті мәселелерді шешу барысында қоғамның белсенділігін арттыру, тұрғындардың қала кеңістігін дамытуға қатысты ойы мен ұсынысын тікелей қабылдау, сондай-ақ шешім қабылдау процесін барынша ашық ету. Бұл платформа арқылы азаматтар жол инфрақұрылымы, абаттандыру, қоғамдық көлік, экология, қауіпсіздік және әлеуметтік нысандарға қатысты нақты ұсыныстарын жолдай алады.
Бұл туралы қала әкімінің Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.
– Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес қоғам мен билік арасында ашық диалог орнату үшін тұрақты түрде азаматтарды жеке қабылдап, әр ауданда көшпелі кездесулер ұйымдастырып келеміз. Халықпен кездесу барысында қала болашағына бей-жай қарамайтын тұрғындардан көптеген ұсыныс түсіп жатады. Осы ретте қаланың дамуына тұрғындар белсене араласатын арнайы жобаны іске қостық. Жобаның аясында қоғамдық орындар мен автобустарда QR-кодтар орнатылған. Сол арқылы тұрғындар қаланы дамытуға қатысты өз идеялары мен ұсыныстарын оңай жолдай алады, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков баспасөз брифингінде.
Осылайша енді әр азамат қоғамдық орындар мен көліктерде QR-код арқылы өз идеяларын ұсына алады.
Жүйеге түскен барлық ұсыныс мұқият қаралып, ең өзекті әрі пайдалы бастамалар нақты жүзеге асырылады. Әр азаматқа Шымкенттің дамуына жеке үлес қосып, оң өзгерістердің бір бөлігі болуға мүмкіндік беретін бұл бастама – әкімдік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтуға және қаланы дамытуға күш жұмылдыруға бағытталған нақты қадам.
Шымкент қаласының дамуы – тек әкімдіктің жұмысы емес, жалпы қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін айқындайтын бұл бастама мегаполистің басқару мәдениетінде жаңа кезеңге жол ашып отыр. Тұрғындар ұсыныс беріп қана қоймай, жобалардың орындалу барысын бақылауға, қоғамдық талқылауға қатысуға және қаланың стратегиялық дамуына өз үлестерін қосуға мүмкіндік алады.
«Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» жобасы – тұрғындар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара сенімді арттыруға, қаланы дамытуда қоғамның белсенді рөлін күшейтуге бағытталған тиімді құрал. Қала әкімі аталған бастаманың ұзақ мерзімді даму стратегиясына сай тұрақты түрде жұмыс істейтінін атап өтті.


