Еңбек Кодексінің талаптарының сақталуы жайында жиын өтті
Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасында басқарма басшысы орынбасары Қайрат Базарбековтың төрағалығымен «Еңбек Кодексінің талаптарының сақталуы және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарының барысы» тақырыбында жиын өтті.

Жиында, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік еңбек инспекциясы Шымкент қаласы бойынша департаментінің еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы Ғалымжан Шарипов, «Ветеринариялық қызмет» аға дәрігері Бақдәулет Құрақбай және Басқарманың ветеринария бөлімінің басшысы Ерлан Аденов баяндама жасады.Мамандар еңбек қатынастарын заңды рәсімдеу, еңбек шартының міндетті түрде жазбаша жасалуы, жұмыс берушінің жауапкершілігі туралы түсіндірді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің маңызы мен талаптары таныстырылды. ҚР «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес, барлық жеке және заңды тұлғалар өз иелігіндегі жануарларды міндетті түрде бірдейлендіруге тиіс екендігі айтылды. Бұл жұмыстар мемлекет тарапынан тегін жүргізіледі.
Жиында «Tort Tulik Mobile» мобильді қосымшасын қолданудың артықшылықтары көрсетіліп, жануарларды тіркеу, сату, сою және ветеринариялық рәсімдерді жеңілдетуге мүмкіндік беретіні түсіндірілді және жүктеп алу ұсынылды.
Бірдейлендіру жүйесі - мал басын нақты есепке алу, аурулардың алдын алу, мал қозғалысын заңды тіркеу, ұрлықтың алдын алу және ветеринариялық паспорт беру үшін маңызды екені атап өтілді.
Қайрат Базарбеков өз сөзінде еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтау — өндірістік тәртіп пен қауіпсіздік деңгейін нығайтудың маңызды кепілі екенін атап өтті. Ол мамандарға жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғайтын нормалардың орындалуын күшейтуді және бұл бағытта тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.
Жиын қорытындысы бойынша сала мамандарына нақты тапсырмалар беріліп, жұмыс бағыттары қайта сараланды. Басқарма басшысының орынбасары барлық қатысушыларды белгіленген талаптарды уақтылы орындауға, жұмыс сапасын арттыруға және көрсетілетін қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге шақырды.
Қала әкімдігі ауыл шаруашылығы саласындағы бақылау-қадағалау жұмыстарын күшейтіп, еңбек қатынастары мен ветеринариялық қауіпсіздік бағытындағы талаптардың орындалуын тұрақты түрде назарда ұстайтынын хабарлады.


