Қоғамдық көлік пен жол мәселелері талқыланды

Oinet.kz 12-12-2025 9

 «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдау барысында тұрғындар қоғамдық көлік қызметі, маршруттық бағыттар, жолдардың жағдайы және көше жарығын жүргізу бойынша бірқатар ұсыныс пен шағымдарын жеткізді.

image.png

Қабылдауға келгендердің бірі — Нұрсәт-3 шағын ауданының тұрғыны, жалғызбасты ана Р.Бейсенбаева. Ол денсаулығындағы мүгедектігіне байланысты қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік қарастыруды сұрады. Тұрғынның жағдайымен мұқият танысқан Ролан Ибрагимов жеңілдіктердің тек заңда көрсетілген санаттарға сәйкес берілетінін түсіндіріп өтті.

«2024 жылдың 1 мамырынан бастап Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы мен қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес, сондай-ақ тасымалдаушылардың субсидиялық шығындарының артуына байланысты 14 санаттағы азаматтарға қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы берілді. Олардың қатарында І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, көру қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдарды алып жүретін тұлғалар бар. Қалған санаттар бойынша жеңілдіктерді кеңейту мәселесі заңнамалық деңгейде қарастырылады», — деді ол.

Сонымен қатар, тұрғындар кейбір автобус маршруттарын өзгерту, жаңа бағыттар ашу бойынша ұсыныстарын білдірді. Көшелерге жарық орнату, жол жөндеу қажеттілігі туралы өтініштер де назарға алынды. Әрбір шағым бойынша басқарма басшысы түсіндірме беріп, кейбір мәселелерді зерделеуге алатынын жеткізді.

Қабылдауда көтерілген сұрақтар партиялық бақылауға алынып, тиісті органдарға жолданатын болады. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.

Айта кетейік, Шымкент қаласында азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру, құқықтық сауаттылығын арттыру және әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша кәсіби кеңес беру мақсатында «AMANAT» партиясының бастамасымен «Құқықтық көмек» партиялық жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жоба халықтың құқықтық қолжетімділігін кеңейтіп, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара әрекеттестікті нығайтуға бағытталған. 

«Құқықтық көмек» партиялық жобасының басты артықшылығы – халықтың құқықтық мәселесін жедел және кәсіби түрде шешуге мүмкіндік беруі. Бұл бастама тұрғындар мен билік арасындағы сенімді нығайтып, қоғамдағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлесін қосып отыр.

Партия өкілдері алдағы уақытта да жоба аясындағы жұмыстарды кеңейтіп, құқықтық мәдениетті арттыру бағытындағы іс-шараларды жалғастыратынын мәлімдеді.

Еңбек Кодексінің талаптарының сақталуы жайында жиын өтті
Тұрғындармен тығыз байланыс орнатуға шақырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу