Тұрғындармен тығыз байланыс орнатуға шақырды
Шымкент қаласы мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті. Жиынды фракция жетекшісі Қайрат Имашев жүргізіп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау барысында бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Фракция жетекшісі алдымен қалалық тұрақты комиссиялардағы жұмысқа серпін беруді тапсырды. Оның айтуынша, басқармалар басшыларын шақырып, қала бюджетінің орындалуы, алдағы жылдарға арналған қаржылық жоспарды бекіту, сондай-ақ әлеуметтік, баспана және инфрақұрылым салаларына қатысты мәселелерді жан-жақты талқылау маңызды.
Сонымен бірге Қайрат Имашев «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты қалалық Сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысына ерекше назар аударды. Осы бағыттағы Жол картасы тармақтарының орындалуын бақылауға алу және жүйелі мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті.
Фракция жетекшісі сондай-ақ партияның Сайлауалды бағдарламасындағы өңірлік Жол картасы аясында салынған нысандарды мемлекеттік мекеме өкілдерімен бірге толық тексеруді тапсырды. Әрбір фракция мүшесіне өздеріне бекітілген Жол карта бойынша жұмыстың орындалу барысына талдау жасап, орындалмай қалу қаупі бар тармақтар бойынша тиісті мекемелерге депутаттық сауал жолдау міндеті жүктелді.
Қайрат Имашев бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеп, партиялық тәртіп пен жауапкершілікті күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Ол депутаттарды елді мекендердегі өзекті мәселелерді жедел шешуге, тұрғындармен тығыз байланыс орнатуға және халыққа берілген уәделердің толық орындалуын қамтамасыз етуге шақырды.
Отырыс қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар жолданып, атқарылатын жұмыстардың мерзімі мен бағыты айқындалды. «AMANAT» партиясы фракциясы алдағы уақытта да қаланың дамуына үлес қосып, тұрғындардың өтініштері мен талап-тілектерін шешуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастыратын болады.
Жиында айтылған басым бағыттар алдағы уақытта қаланың дамуына, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және тұрғындардың көтерген мәселелерінің шешім табуына ықпал етпек.


