«Таза бейсенбі» 50-ші рет өткізілді

«Таза бейсенбі» акциясы біртіндеп өмір салтымыздың ажырамас бөлігіне айналып келеді» деген жастар бүгін де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясындағы «AMANAT» партиясының экологиялық іс-шарасына белсене атсалысты.
Игі дәстүрге айналған партияның «Таза бейсенбі» акциясы апта сайын ел аумағында жүздеген мың қазақстандықты ортақ мақсат төңірегінде топтастырып келеді. Басты мақсат – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғам бірлігін нығайту және әрбір азаматтың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру.
Мәселен, Шымкент қаласында партияластар жастарға өнеге көрсету мақсатында дәстүрлі «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын өткізді. Тазалық шарасына филиал атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, қалалық және аудандық филиал қызметкерлері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері және коммуналдық мекемелердің жұмысшылары қатысты. Жалпы 100-ге жуық адам жұмылдырылды.
Бұл жолғы іс-шара Қаратау ауданының Нұрсәт шағынауданында өтті. Қатысушылар көпқабатты үйлердің аулаларын тұрмыстық қалдықтан тазалап, қураған ағаштарды, шөптерді қырқып, аумақтың келбетін жақсартуға атсалысты. Нәтижесінде тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы орта қалыптастырылды.
Акция барысында сөз сөйлеген Ербол Байқонысов шараның басты мақсатын атап өтті:
«Бұл акцияның тәрбиелік мәні зор. Мұны тек қаланы тазарту деп қабылдауға болмайды. Бұл — өскелең ұрпақты отанын сүйетін, қоршаған ортаға жанашыр азамат етіп тәрбиелеуге бағытталған ерекше бастама», — деді ол.
Жыл басынан бері «Таза бейсенбі» акциясы 50 рет ұйымдастырылған. Оған 4 мыңнан астам тұрғын қатысып, қала аумағынан 47 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сонымен бірге, қаланы көркейту мақсатында аллеялар мен гүлзарларға гүлдер мен ағаштар отырғызылды. Ал алдағы қыс мезгілінде адам көп жүретін орындарды қардан тазарту, құм себу жұмыстары да атқарылады.
Айта кетсек, «Таза бейсенбі» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясындағы қала деңгейіндегі тұрақты іс-шара. Оның мақсаты — тұрғындардың табиғатқа жанашырлық танытуын және туған жерге деген жауапкершілік сезімін арттыру.


