Қалада тұрғын үй қауіпсіздігі күшейтілді
Шымкент қаласында тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету бағытында тұрғын үй және газ техникалық инспекция саласында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы мен Шымкент қалалық газ техникалық қызметі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бірлескен іс-шаралары газ қауіпсіздігін сақтау, тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру және лифт шаруашылығын бақылауды күшейтуге бағытталған.

Шымкент қаласында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында газбен байланысты оқыс оқиғалардың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстар күшейтілуде. Аталған іс-шаралар қала әкімдігі, төтенше жағдайлар департаменті және тиісті сала мамандарының қатысуымен жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қала аумағында тұрмыстық газды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау мақсатында көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке секторда рейдтік тексерулер ұйымдастырылуда. Мамандар газ жабдықтарының техникалық жағдайын, газ баллондарын сақтау тәртібін және тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтау деңгейін тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Газбен байланысты оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында қала тұрғындары арасында кең көлемді түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы бұл бағытта 90 насихаттық іс-шара, 115 брифинг, мақала және әлеуметтік желідегі жарияланым, сондай-ақ 42 жиналыс пен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, тұрғындарға 190 мың дана жадынама таратылған. Ақпараттық материалдар бұқаралық ақпарат құралдары мен Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде тұрақты түрде жарияланып келеді.
Сонымен қатар, газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар да күшейтілген. 2025 жылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 306-бабы бойынша 103 жеке тұлға, ал 305-бап бойынша 18 заңды тұлға жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1,9 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Қалада орын алған газдан улану фактілеріне талдау жүргізіліп, қауіпті және тәуекел аймақтары белгіленген. Нәтижесінде, газ техникалық қызмет мамандары 190 мың үйді аралап, тексеру барысында 2835 ақау анықтады. Оның 601-і жойылып, қалған 2234 үйде жұмыстар жалғасуда.
Мамандар тұрғындарды газ жабдықтарын өз бетінше жөндемеуге, сертификатталмаған газ баллондарын қолданбауға және газ иісі сезілген жағдайда дереу тиісті қызметтерге хабарласуға шақырады. Газ қауіпсіздігі талаптарын сақтау – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Газбен байланысты оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл бағыттағы шаралар Шымкент қаласында қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Тұрғын үй инспекциясы саласында да бірқатар маңызды өзгерістер жүзеге асырылуда. Шымкент қаласының аумағында қазіргі таңда 2595 көпқабатты тұрғын үй тіркелген. Заңнама талаптарына сәйкес, оның 1587-сі басқару нысанын таңдауға міндетті тұрғын үйлер қатарына жатады.
Бүгінгі таңда қала бойынша 138 мүлік иелері бірлестігі (МИБ) және 374 тікелей бірлесіп басқару нысаны құрылған. Алайда, соған қарамастан 1075 көпқабатты тұрғын үйде басқару формасы әлі де анықталмаған. Бұл жағдай тұрғын үйлерді күтіп-ұстау, инженерлік жүйелердің уақытылы жөнделуі және ортақ мүліктің сақталуына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Осыған байланысты жергілікті атқарушы орган тарапынан тұрғындармен тікелей кездесулер өткізу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қолға алынуда. Кездесулер барысында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа талаптары, мүлік иелері бірлестігі мен тікелей бірлесіп басқару нысандарының артықшылықтары, сондай-ақ тұрғындардың құқықтары мен міндеттері жан-жақты түсіндірілуде.
Сонымен қатар, тұрғын үй инспекциясы мамандары басқару нысанын таңдамаған үйлерге әдістемелік және консультативтік көмек көрсетіп, құжаттарды рәсімдеу тәртібі мен заңнамадағы соңғы өзгерістер бойынша кеңестер беруде. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – тұрғын үйлерді басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру, ортақ мүліктің сақталуын қамтамасыз ету және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру.
Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, көпқабатты тұрғын үйлердің басқару мәселесін заң талаптарына сай реттеуге және қала аумағында жайлы әрі қауіпсіз тұрғын үй ортасын қалыптастыруға бағытталатын болады.


