Келесі жылы 23 лифт жаңартылмақ

Oinet.kz 15-12-2025 13

Бүгін Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығында қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысының орынбасары Мұсабаев Алдияр Жорабекұлының қатысуымен 2025 жылдың 11 айында атқарылған жұмыстары туралы БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясы болып өтті. 

image.png

Қорытынды жиында көпқабатты  тұрғын үйлердегі лифт мәселесі қозғалды.Мамандардың айтуынша  лифт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі басқарманың тұрақты бақылауында. Қазіргі таңда Шымкент қаласы аумағында 1370 лифт пайдалануға беріліп, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға қызмет көрсетуде. Олардың техникалық жағдайы мен қауіпсіз пайдаланылуы тұрғындардың өмірі мен денсаулығы үшін аса маңызды.

Осыған байланысты лифт шаруашылығын жаңғырту және қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 27 лифтіні ауыстыруға бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі уақытта отандық және шетелдік зауыттардан жаңа лифтілерге тапсырыс берілген. Жаңа лифтілер заманауи қауіпсіздік стандарттарына сай келіп, энергия үнемдеу және пайдаланудағы сенімділігімен ерекшеленеді.

Сонымен қатар, 2026 жылы тағы 23 лифтіні жаңарту жоспарланып отыр. Бұл шаралар тозығы жеткен лифтілерді кезең-кезеңімен ауыстыруға және қаладағы лифт паркін жаңартуға мүмкіндік береді. Ауыстырылатын лифтілер алдымен пайдалану мерзімі өтіп кеткен, жиі істен шығатын және тұрғындардың шағымы көп тіркелетін көпқабатты үйлерде орнатылатын болады.

Бұдан бөлек, басқарма тарапынан лифтілердің техникалық қызмет көрсету сапасына, жоспарлы тексерулердің уақытылы жүргізілуіне және жауапты ұйымдардың міндеттерін орындауына бақылау күшейтілген. Қауіпсіздік талаптарын бұзу деректері анықталған жағдайда, тиісті шаралар қабылданып, заңнама аясында жауапкершілік көзделеді.

Аталған жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, көпқабатты тұрғын үйлердегі өмір сүру сапасын арттыруға және қалалық инфрақұрылымның сенімділігін нығайтуға бағытталған. Лифт қауіпсіздігі бойынша атқарылып жатқан шаралар алдағы жылдары да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Лифт шаруашылығына жауапты мекемелердің жұмысын жедел үйлестіру мақсатында олар «Айкөмек 109» бірыңғай байланыс орталығымен интеграцияланған. Жыл басынан бері тұрғындардан лифт жұмысына қатысты 743 шағым түсіп, оның 739-ы шешімін тапқан, ал қалған өтініштер бақылауда.

Атқарылып жатқан бұл шаралар қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.

Қалада тұрғын үй қауіпсіздігі күшейтілді
Қайнарбұлақ тұрғын алабында электр желісінің құрылысы жүргізілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу