Еріктілерге арналған танымдық-квест өтті
Қай кезде де кез келген мемлекеттің келешегі мен күші – жастар болып табылады. Сол себепті қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттік жастар саясаты қарқынды жүзеге асырылып, жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұл бағыттағы іс-шаралар білім беру, кәсіпкерлік, мәдениет, спорт, шығармашылық және қоғамдық белсенділік салаларын қамтиды.

Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар олардың кәсіби дамуын, көшбасшылық қабілеттерін арттыруды, қоғам өміріне белсенді қатысуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жастарға арналған гранттар, жаттықтыру семинарлары, тренингтер, стартап жобаларды қолдау және әлеуметтік бастамаларға қатысу мүмкіндіктері кеңейтілуде.
Бұл шаралар елдің тұрақты дамуына, қоғамдағы жастар рөлінің күшеюіне және олардың болашаққа сенімін нығайтуға бағытталған. Қазіргі кезде Шымкент қаласында да жастарды қолдауға арналған арнайы бағдарламалар мен жобалар іске қосылып, қаладағы білім беру, спорттық және әлеуметтік инфрақұрылым дамытылуда.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында жастар арасында волонтерлік қызмет қарқынды дамып келеді. Жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуы, әлеуметтік жобаларға тартылуы және еріктілік қызметіне деген қызығушылығы күннен күнге артып отыр. Волонтерлік қызмет жастарға тек қоғамдық тәжірибе жинауға ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді. Олар мүгедектерге, көпбалалы отбасыларға, қарттар үйіне көмек көрсетіп, қаланың әлеуметтік мәселелерін шешуге үлес қосуда. Сонымен қатар, волонтерлер қаладағы экологиялық акцияларға, тазалық және абаттандыру шараларына белсенді қатысады.
Соңғы жылдары еріктілер – төтеншеліктердің қолқанатына айналған. Олар жыл бойы бірлесе жұмыс істеп, оқыс оқиғалардың алдын алуға атсалысады. 5 желтоқсан – еріктілер күні. Мереке аясында төтеншеліктер волонтерларды жинап, еңбегі ерен еріктілерді марапаттап, ТЖД базасында танымдық-квест ұйымдастырды.
Қатысушылар өрт қауіпсіздігі, алғашқы көмек, эвакуация және іздестіру-құтқару бағыттары бойынша практикалық тапсырмалар орындап, құтқарушылардың кәсіби жабдықтарымен танысты.
Іс-шараға қаладағы еріктілер ұйымдары қатысты:
1.Lider.kz – Людмила Анатольевна Герасимова және командасы
2. ASAA – Данара Юрьевна Саранова және командасы
3. Қазақстан студенттер альянсы – Гүлнар Жанарсқызы Айтбаев және командасы
4. «Добро Мирас» – Эшанов Умар Камалович және командасы
5. «Болашақ» – Серікбол Құрбанұлы Таужығар және командасы
Қатысушылардың белсенділігі еріктілер қозғалысының маңыздылығын айқын көрсетті.
Еріктілік – еріккеннің ісі емес! Халыққа ақысыз, қайтарым күтпей қайырымдылық жасау екінің бірі бара бермейтін игі іс. Данара Саранова – «Asaa» еріктілер ұйымының жетекшісі. Құрамында 200-ден аса мүшесі бар ұйым қоғам ісіне белсене араласады. Әсіресе төтеншеліктерге қолқабыс жасап, аяқ астынан келетін апаттың алдын алуға үлес қосады. Іс-шара барысында олар екіжақты меморандумды жаңартып, серіктестікті нығайтты. «Жыл бойы біз бірге жұмыс істедік. ТЖД жұмысына белсене араластық. Мысалы, адам жоғалған кезде оны іздеуге біздің еріктілер атсалысты»,- дейді ол, «Asaa» еріктілер ұйымының төрайымы Данара Саранова.
Іс-шара аясында төтеншеліктер еріктілерге арнап квест ойындарын ұйымдастырды. Түрлі кезеңнен тұратын сайыста волонтерлар шапшаңдық пен ептілікті сынға салып, құтқарушы қызметін атқарды.
«Бұл квесттің негізгі мақсаты – өмір қауіпсіздігін үйрету. Алғашқы медициналық көмек көрсету қағидаттарын түсіндіру. Квест арқылы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында еріктілермен өзара меморандум түзіледі»,- дейді қалалық ТЖД ресми өкілі Асқар Шәріп.
Іс-шара барысында төтеншеліктер еріктілерді марапаттап, құрмет көрсетті.
Шымкент қаласының әкімдігі волонтерлік қызметті дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Жастарға арналған оқыту семинарлары, тренингтер, ынталандыру бағдарламалары ұйымдастырылып, еріктілердің кәсіби және көшбасшылық қабілеттерін арттыруға жағдай жасалады. Сонымен қатар, қалалық жастар ресурстық орталығы волонтерлік жобаларды қолдап, олардың іске асырылуын үйлестіреді.
Сондай-ақ, биыл Шымкент қаласында «Волонтерлікке қадам бас» атты форум ұйымдастырылғанын айта кетейік. Оған «ASAA» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Данара Саранова, «Харекет» қайырымдылық қорының үйлестірушісі Ермұхамед Нұрмаш, «Вторая жизнь» жануарларды қорғау ұйымының басшысы Эмилия Ускенова және Шымкенттегі волонтерлік фронт-офистің жетекшісі Қайыржан Бөгенбай қатысты. Ал, «Жастар ресурстық орталығы» тапсырысы бойынша ұымдастырылған «Жас волонтер» жобасы аясында волонтерлік ұйымдардың үздік жобалары арасында байқау өтті. Үздік еріктілер марапатталып, арнайы сертификаттар мен статуэткалар табысталды. Аталған байқауға 26 жоба ұсынылып, 36 жас өз идеясын ортаға салған.
Шымкент жастарының волонтерлік қызметке қызығуы қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттырумен қатар, олардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, тәжірибе жинауға және жаңа бастамаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Волонтерлік қызметтің дамуы қаланың әлеуметтік өмірін жандандырып, жастардың белсенділігін күшейтуде.


