Білім беру мекемелеріне жоспарлы мониторинг жұмыстары жалғасуда

Oinet.kz 14-12-2025 4

Шымкент қаласында білім беру сапасын арттыру және оқу процесінің стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында қала мектептері мен колледждерінде жоспарлы мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бұл іс-шаралар оқу орындарының білім беру қызметінің сапасын бақылау, оқу бағдарламалары мен сабақ кестесінің заң талаптарына сәйкестігін тексеру, сондай-ақ педагогикалық құрамның кәсіби дайындығын бағалау үшін маңызды болып табылады. 

image.png

Жоспарлы тексерулер барысында мамандар оқу процесінің мемлекеттік стандарттарға сәйкестігін,  сабақ жүргізу сапасын және оқу бағдарламаларының тиімділігін, педагогикалық құрамның біліктілігін, инфрақұрылымның, санитарлық талаптардың және қауіпсіздік нормаларының сақталуын, балалардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау шараларының орындалуын қадағалайды.

Осы аптада қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек  №50 мектеп-гимназиясына және №92 жалпы орта мектебіне, сондай-ақ Сайрам тұрғын алабындағы «Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығы» КММ-не барып, олардың жұмысымен танысты. Әр мекемеде оқу-тәрбие үдерісінің ұйымдастырылуы, балалардың жағдайы, қауіпсіздік талаптарының орындалуы және материалдық-техникалық базасы жан-жақты қаралды.

«Аралау барысында бірқатар кемшіліктер анықталып, оларды жою бойынша мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Сонымен бірге мәселенің уақытылы шешілуін қамтамасыз ету үшін Білім басқармасының басшысына бақылауда ұстау қажеттігі жүктелді. Бұл бағыттағы жұмыстар менің де жеке бақылауымда болады»,- деді Сәрсен Абайұлы. 

Білім беру ұйымдарының жағдайымен тікелей танысу — өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да қаладағы білім беру мекемелерін кезең-кезеңімен аралап, оқу орындарының жұмыс сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстарды жалғастырамыз дейді салаға жауаптылар. Бұл өз кезегінде оқушылардың сапалы білім алуына, сондай-ақ педагогтер мен қызметкерлердің жайлы әрі қауіпсіз ортада жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Қалалық білім басқармасы хабарлағандай, мониторинг жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Жоспарлы тексерулер барысында анықталған кемшіліктер бойынша нақты ұсынымдар беріліп, оларды түзетуге уақытша мерзім белгіленеді. Бұл жұмыстар білім беру мекемелерінің сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және балалар мен жасөспірімдер үшін қауіпсіз әрі жайлы оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Жоспарлы мониторинг нәтижелері бойынша мектептер мен колледждердегі білім беру сапасын арттыруға арналған нақты ұсыныстар жасалады. Сонымен қатар, педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылып, оқу бағдарламаларын жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.

Шымкент қаласында жоспарлы мониторинг жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, білім беру мекемелерінің қызмет сапасын арттыру және қаладағы білім саласының тұрақты дамуына жағдай жасау мақсатында жүйелі түрде жүргізіледі.

Еріктілерге арналған танымдық-квест өтті
Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықты алдын-алу мақсатында кездесу өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу