Мегаполисте жеңіл өнеркәсіп өркендеп тұр
Шымкент – Қазақстанның үшінші мегаполисі ретінде экономикалық дамудың белсенді орталығы. Қаладағы «Оңтүстік» индустриалды аймағы өңірлік өнеркәсіптің жаңа толқынын қалыптастырып, жоғары технологиялы өндірістердің дамуына жол ашуда.Үшінші мегаполистегі аталған аймақтағы теңдесі жоқ бірегей өнім полипролпилен парақтары шығарылады.

Одан әртүрлі сұйықтықтарды сақтауға арналған үлкен көлемді цистерналар, бассейндер мен аквапарктердегі сырғанақтар жасалады. «ЮгРегионПласт» ЖШС зауыты «Бизнестің жол картасы-2020» және «Индустрияландыру картасы» бағдарламаларының аясында қолға алынған шаһардағы ірі кәсіпорындардың бірі. Негізі 2011 жылы қаланып, бүгінде қарқынды жұмыс істеп келеді. Алғашқы өнімін 2013 жылы шығарған. Жылдық қуаттылығы 64 мың шаршы метр. Өндіріс ошағындағы техникалардың барлығы шетелдік. Арнайы тапсырыспен Қытайдан әкелінген. Бір қуанарлығы кәсіпорындағы қондырғыларда жергілікті халық еңбек етеді. Барлығы заманауи құрылығылардың тілін жетік меңгеріп алған. Қазіргі таңда зауытта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Құны 144,0 миллион теңге. Қуаттылығы 124 800 шаршы метр пропилен бұйымдарын шығарады.
Айтып өтейік, тауарға сұраныс көбінесе шет мемлекеттерден түседі. Оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан мен Ресей елдері бар. Ал, өзіміздің өңірлерден Павлодар, Маңғыстау қалаларын пластикалық өнімдермен қамтамасыз етіп отыр.
Зауыт өз өнімдеріне 50 жылдық кепілдік береді.Сондай-ақ өнімнің пластикалық болғанына қарамастан, өндірістің табиғатқа зияны жоқ көрінеді. Себебі, компания шикізатты ақылмен пайдаланады және өндіріс қалдық қалмайды.
«ЮгРегионПласт» ЖШС – өңір экономикасын дамытудың, инновациялық өндірістерді енгізудің және экспорттық әлеуетті арттырудың маңызды факторы. Бұл өндіріс индустриалды аймақты ұлттық деңгейдегі стратегиялық өндіріс орталығына айналдырып, Қазақстанның пластик және орауыш материалдар нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлес қосуда.
Шымкенттен шығатын өнімнің 3,9 % жеңіл өнеркәсіп саласы құрайды. Мегаполисте әсіресе, тоқыма бұйымдарын жасау кең өріс алған. Нақтысын айтсақ, республикада өндірілетін мақта-мата өнімдерінің 87 пайызы, шұлықтың 68 %, ал, кілемнің 100 % Шымкенттен шығады. Жеңіл өнеркәсіп кешені аталып кеткен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймаққа топтасқан тоқыма фабрикалары жылына мыңдаған тонна өнім өндіріп, тұтынушыға сапалы тауарын ұсынып отыр. Шымкент – инфрақұрылымы дамыған, еңбек ресурсы әлеуетті мегаполис. Қазақстанның өзге қалаларымен салыстырғанда Шымкенттің Орталық Азияда инвестициялар мен технологияларды тартудың жаңа орталығына айналуына мүмкіндігі көп.
Үшінші мегаполисте қала және жалпы еліміздің экономикасына серпін беріп, нарықтық бәсекеге төтеп беріп келе жатқан, кәсіпорындар арасында ойып тұрып орын алар зауыт, фабрикалар жеткілікті. Солардың бірі «АГФ Групп» тігін фабрикасы. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорын жеңіл өнеркәсіп саласында 10 жылдан аса табыс тауып келеді. Фабрика тіпті ресейлік IKEA компаниясының дүкендеріне төсек жабдықтарын тігуде. Табысты кәсіпорынға 251 млн теңге инввестиция тартылған. Қазіргі таңда 250-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Компания жылына 1,5 млнға жуық өнімін экспортқа шығарады.
Жалпы өз өнімдерін 2013 жылдан бастап экспорттай бастаған компания жасанды емес маталар және табиғи материалдармен комбинезон, мектеп формасы, әскери киімдер мен халаттар тігеді. Аймақта төсек орындықтар мен төсеніштер, жастықтар мен көрпелер, қаптөсектер өндіретін ең ірі өнеркәсіптік тігін фабрикасы саналады. Кәсіпорында заманауи үлгідегі тігін машиналары мен жапон және әлемдік брендтердің үтіктеу және кесу жабдықтары бар. Қазіргі уақытта компанияны экспортқа бағдарланған деп атауға болады. Себебі, өндірілген өнімдердің 90 % шетелдік тұтынушыларға жолданады.
Фабрика «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясын жеңіп алған болатын.
Қаланың жеңіл өнеркәсібіне серпін беріп отырған кәсіпорынның бірі - «Шымкент-Кашемир» ЖШС. Зауыт жүнді өңдеу және одан иірілген жіптер мен сырылып тігілген көрпелер шығаратын зауыттың жұмысы қарқын алған. Бүгінде өндірістің бірінші кезеңі – жүнді-жуу және тарауды алғашқы өңдеу цехы толығымен пайдалануға берілді. Цех ең алдымен өзіндік өндірісті шикізатпен жарақтандыру үшін құрылған болатын. Жылына 2000 тоннаға дейін жуылған және таралған жүнді дайындайды. Кәсіпорында негізінен жергілікті шикізат пайдаланылуда. Яғни отандық шикізат саласына жан кіргізуде үлесі бар.
Кәсіпорын түйе жүнін қабылдайды. Себебі мұндай көрпелер гипоаллергенді, жылуы жақсы, терлетпейді және денсаулыққа пайдалы.
Зауыт директоры, жас кәсіпкер Санат Шағанбекұлының айтуынша, кәсіпорын өз саласында, өз ауқымы бойынша еліміздегі ең үздіктердің бірі.
– Кеңес уақытынан бері танымал, жүнді алғашқы өңдеуші ірі зауыттар қазір тоқтап қалған. Өкінішке қарай, өндірістің бұл түрі төмен табысты салаға жатады және үлкен салымдарды талап етеді. Бірақ АЭА-да орналасқандықтан және жекелей жеңілдік пен артықшылықтар есебінен біз жұмыс ауқымын кеңейтуге мүмкіндік алдық, – дейді Санат Шағанбекұлы.
2017 жылы зауыт айналым құралын толықтыруға «Bank RBK» АҚ банкі арқылы несие алды. Кәсіпорын үшін пайыз мөлшерлемесі 17 пайызды құрады, оның 7 пайызын «Даму» Қоры субсидиялайды.
Зауыт заманауи жабдықтармен, энергияны үнемдейтін технологиялармен жұмыс істейді, бұл өнім сапасын арттырып, экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай болуына мүмкіндік береді.
Кәсіпорын ауыл шаруашылығымен тығыз байланыста жұмыс істейді: жергілікті қой шаруашылығынан алынатын жүнді өңдеу арқылы ауылдық экономикалының дамуына үлес қосып келеді.
Отандық өнімдердің сапасы жоғары, моңғол, итальян, грек және ресейлік аналогтардан еш кем түспейді. Сондай-ақ, бағасы да әлдеқайда қол жетімді.


