Жастарды жұмыспен қамту – ел дамуының стратегиялық басымдығы

Oinet.kz 25-11-2025 24

Қазіргі таңда жастарды жұмыспен қамту мәселесі әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарының біріне айналып отыр. Жас буынның тұрақты еңбекпен қамтылуы – ел экономикасының өсуіне, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына және адами капиталдың сапалы дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор. 

image.png

Қазақстанда жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар», «Бастау Бизнес» жобалары жас мамандарға еңбек нарығына бейімделуге мүмкіндік береді. Бұл бастамалар арқылы жастар жұмыс тәжірибесін жинақтап, кәсіби дағдыларын жетілдіреді. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарының түлектерін өндірістік практикамен қамту, дуальды оқыту жүйесін енгізу – жастардың нақты жұмыс орнымен байланысын күшейтуде.

Жастарды жұмыспен қамту бағдарламаларының ішінде  «Жастар практикасы» жобасының орны ерекше. Бұл бағдарлама жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін алу, кәсіби дағдыларын жетілдіру және тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін береді. «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жас мамандар мемлекеттік және жеке секторда тәжірибе жинап әрі табыс табуға мүмкіндіктері бар.

   Еліміздің экономикалық дамуы мен өндірістік әлеуетінің артуы – білікті мамандардың, әсіресе еңбек нарығына енді қадам басқан жастардың табанды еңбегімен тікелей байланысты. Соңғы жылдары жастардың өндіріс орындарында белсенді еңбекке араласып, өз ісінің шебері болуға ұмтылуы қуантады.

Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл – еліміздің өндіріс саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшыларға, соның ішінде өз жолын енді бастаған жас мамандарға көрсетілген үлкен қолдау мен құрметтің белгісі.

Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Солардың бірі –Еңбек мобильділігі орталығының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жастар практикасы» бағдарламасы. Биылғы жылдың өзінде аталған бағдарлама аясында 1 643 жас уақытша жұмыс орындарына орналастырылып, өз мамандықтары бойынша тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болды.

Солардың бірі – Нұрсұлу Оразалы, бүгінде «Назар Текстиль» кілем фабрикасында тоқыма операторы болып еңбек етуде. Ол 2025 жылдың шілде айында Шымкент қаласындағы №5 кәсіптік колледжді тоқыма өндірісі мамандығы бойынша тәмамдап, диплом алған. Кейін «Enbek.kz» электронды еңбек биржасына тіркеліп, ресми түрде жұмыссыз ретінде есепке алынады. Аудандық Мансап орталығы арқылы «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысып, сол арқылы өз мамандығы бойынша жұмысқа жолдама алады.

– Бұл фабрикаға алғаш рет колледжде оқып жүрген кезде өндірістік тәжірибеден өту үшін келген едім. Сол кезде-ақ ұжымның ынтымағы мен еңбек тәртібі ұнаған болатын. Колледжді аяқтаған соң, мемлекеттік бағдарлама арқылы осы жерге қайта оралып, жұмысымды бастадым. Мұнда мен сияқты жастар көп. Ұжымда бір-бірімізге қолдау білдіріп, тәжірибе алмасып отырамыз. Қазір кілемнің түр-түсіне қарай жіптерді тоқыма құрылғысына дайындау жұмысымен айналысамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Ең бастысы – мамандығым бойынша еңбек етіп жүрмін, – дейді Нұрсұлу Нұржанқызы.

Жастарды жұмыспен қамту – тек экономикалық емес, сонымен қатар әлеуметтік міндет. Мемлекеттік бағдарламалар, жастар практикасы және бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері арқылы жас мамандар өз кәсіби жолын бастауда. Ашықтық пен адалдық қағидаларына сүйенген бұл шаралар елдің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, жастардың сенімді және жауапты азамат болып қалыптасуына мүмкіндік береді.

Мамандардың мәліметінше   биыл мегаполисте 2 251 жасты «Жастар практикасы» арқылы жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда мемлекеттік қолдау шеңберінде 1 592 жас маманға жолдама берілді.

    №5 колледжде тоқымашы-оператор мамандығын меңгеріп шыққан Асхат Құнанбай Enbek.kz порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелген болатын. Аудандық мансап орталығының жолдамасымен «Назар Текстиль» кілем тоқу фабрикасына «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан.

– Қазір фабрикада сүйікті мамандығым бойынша оператор болып жұмыс істеймін. Жұмысым өзіме ұнайды. Ұжымдағы жастардың көптігі қуантады. Фабрикада еңбеккерлерге тасымал қызметі мен ыстық тамақ қарастырылған. Жастарға мемлекеттік бағдарлама арқасында осындай мүмкіндік беріліп отырғаны бізді жігерлендіре түседі – дейді Асхат Құнанбай.

    Кілем тоқу фабрикасының оператор маманы – тек өндірісті басқарушы ғана емес, сапалы өнім жасауға жауапты кәсіби маман. Бұл мамандық еңбек нарығында тұрақты сұранысқа ие болып, жастар мен жаңа мамандар үшін кәсіби тәжірибе мен өсу мүмкіндігін береді. Әр оператор – өндірістің тиімділігі мен сапасының кепілі, кәсіби шеберлік пен адал еңбектің үлгісі.

Кілем тоқу фабрикасының операторы заманауи тоқыма жабдықтарын басқарып, өндіріс процесін бақылап, өнім сапасын қамтамасыз етеді. Оператордың басты міндеттері:

• Тоқыма машиналарын іске қосу, басқару және техникалық қызмет көрсету;

• Өндіріс барысын бақылау, ақауларды дер кезінде анықтап, түзету;

• Өнімнің сапасын қатаң бақылау, стандарттарға сәйкес келуін қамтамасыз ету;

• Жұмыс орнының қауіпсіздігі мен санитарлық нормаларды сақтау.

    «Жастар практикасы» бағдарламасымен қатар биыл Шымкентте «Алғашқы жұмыс орны» жобасы да жүзеге асырылуда. Осы бағытта 1 161 жасты қамту жоспарланса, бүгінде 330 жас маман алғашқы жұмыс орнына жолданған.

    Бағдарламаларға қатысу үшін жастар Enbek.kz порталына жұмыссыз ретінде тіркеліп, аудандық мансап орталықтарынан мәлімет ала алады.

    Асхат Құнанбайдың тәжірибесі – мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесін көрсететін үлгі. «Жастар практикасы» жастарға өз кәсіби жолын бастауда сенімді қадам жасауға мүмкіндік береді. Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан осындай жобалар жастарды жұмыспен қамту мен еңбек нарығына бейімдеудің тиімді жолы болып отыр.

Дизельді генераторға сұраныс өсіп келеді
Жұмысын жандандырып табысқа шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу