Жұмысын жандандырып табысқа шықты

Oinet.kz 18-11-2025 26

8c0d9a02f1dcb65e44ed8dcb44726673.png

Шағын және орта кәсіпкерлік дамыған елдерде экономиканың драйвері ретінде айрықша маңызды рөл атқарады. Кәсіп­керлік өркендесе, халық жеке іспен айналысуға бейім болса, мем­лекеттің мұртын балта шаппайтынын олар әлдеқашан түсінген.

Осы ретте үшінші мегаполисте мемлекеттік бағдарламалар аясында ашылған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының қатары көбейіп келеді. Солардың бірі  - «UKO-S Star» ЖШС. Кәсіпорын металл бөшкелерін шығарады. Жұмысы алға басқан зауыт басшылығы қазіргі таңда  қырықтан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Мамандардың мәліметінше жобаға 500 миллион теңге инвестиция тартылған. Өндіріс заманауи технологиялармен жабдықталған және жылына сыйымдылығы 150 литр болатын 100000 дана болат бөшке өнімдерін шығаруға қауқарлы. Мемлекеттің қолдауымен «Тассай» индустриялық аймағынан 2 гектар жер телімі берілгенін айта кетейік. «Тассай» деп аталатын өндіріс ошағы негізінен құрылыс кластері мен трансформатор, жиһаз және медициналық құрал-жабдықтар шығаруға бағытталған.

«UKO-S Star» ЖШС-тің маңызды ерекшелігі — өндірістің жергілікті экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып ұйымдастырылуы. Қаладағы өндірістік инфрақұрылымның дамуына үлес қосып, жұмыс орындарын көбейту, технологиялық процестерді жаңарту сияқты әлеуметтік-экономикалық міндеттерді жүзеге асыруға атсалысады.

Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық экономиканы дамытудың кепілі. Осыны ұстанған мемлекетіміз бүгінде шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасап, жол ашуда. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та өз Жолдауында маңызды саланың басымдықтарын айтып өтті: «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады». 

Салаға жауаптыларың мәліметіне сүйенсек үшінші мегаполисте қазіргі таңда 95,5 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Оның ішінде  заңды тұлғалар – 19,0 мың бірлік, жеке тұлғалар – 72,4 мың бірлік, шаруа қожалықтары – 4,0 мың бірлікті құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңіне бұл көрсеткіш 35,4 пайызға өсім көрсетті. Кәсіпорын ашуға ықылас білдірген кәсіпкерлердің барлығына әкімдік тарапынан түрлі бағытта қолдау көрсетілуде. Қаламызда зауыт, фабрикалардың көптеп салынуы қала экономикасына оң әсерін тигізумен бірге, азаматтарымыз тұрақты жұмыспен қамтылуына әсер ететіні сөзсіз.

Металл бөшкелер мұнай-газ, химия, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі сияқты көптеген салаларда кеңінен қолданылады. Сондықтан бұл өнімге деген қажеттілік жыл сайын артып келеді.

Металл бөшкелердің басты артықшылығы – беріктігі мен ұзақ мерзімге жарамдылығы. Олар сұйық және қатты заттарды сақтауға, тасымалдауға өте ыңғайлы. Қайта өңдеуге жарамды болғандықтан, экологиялық тұрғыдан да тиімді. Осы қасиеттері металл бөшкелердің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, кәсіпкерлерге тұрақты табыс әкелуге мүмкіндік береді.

Металл бөшкелердің экологияға тигізетін оң әсерінің бірі – олардың қайта өңдеуге толық жарамдылығы. Болат пен темір табиғатта ұзақ уақыт ыдырамайтын материал болғанымен, оларды бірнеше рет балқытып, қайтадан жаңа өнім жасауға болады. Бұл табиғи ресурстарды үнемдеуге, кен өндіру көлемін азайтуға және қоршаған ортаға түсетін зиянды қалдықтарды қысқартуға мүмкіндік береді.

Металл бөшкелердің экологиялық қауіпсіздігі оларды дұрыс пайдалану мен уақтылы кәдеге жаратуға да байланысты. Қауіпті химиялық заттар сақталған бөшкелер арнайы тазалаудан өтіп, қайта өңдеуге жіберілуі қажет. Бұл топырақ пен су ресурстарының ластануын болдырмайды.

Металл бөшке өндіру арқылы табыс табудың тағы бір маңызды тұсы – жергілікті шикізатты пайдалану мүмкіндігі. Бұл өндіріс шығындарын азайтып, өнімнің өзіндік құнын төмендетеді. Сонымен қатар, заманауи технологияларды қолдану арқылы өндіріс көлемін ұлғайтып, сапалы өнім шығаруға болады. Сапа мен сенімділік – тұтынушыларды тартудың негізгі факторлары.

Мұндай кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашуға да зор үлес қосады. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып, олардың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Ал кәсіпорын бюджетке салық төлеп, аймақ экономикасының дамуына ықпал етеді. Осылайша металл бөшке өндірісі жеке кәсіпкер үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін пайдалы салаға айналады.

Металл бөшкелер шығару – табысты, сұранысы жоғары және тұрақты даму мүмкіндігі бар бизнес. Дұрыс ұйымдастырылған өндіріс, сапалы өнім және нарықты тиімді игеру арқылы бұл сала кәсіпкерлерге мол пайда әкеліп, ел экономикасын нығайтуға өз үлесін қоса алады.

«UKO-S Star» ЖШС — бұл Шымкенттің индустриялық дамуында маңызды рөл атқаратын, жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған заманауи кәсіпорын. Оның жұмысы өндірістік технологияларды жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын құру және өңір экономикасына тұрақты үлес қосу арқылы айтарлықтай ерекшеленеді.

Жастарды жұмыспен қамту – ел дамуының стратегиялық басымдығы
Мектеп формасын тігіп экспортқа шығаруда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу