Қазақстан Литваның қателігін қайталамауы керек

Oinet.kz 23-12-2017 627

Литва Денсаулық сақтау ғылымы университетінің өкілдері Алматыда медициналық сақтандыру саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Қазақстандық және литвалық мамандар алғашқы медициналық көмек көрсетуді дамыту, ана мен баланы қорғау, мамандандырылған қызмет түрлерін біріктіру және көпбейінді клиникаларды құру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ смарт-медицина, цифрландыру, ақпараттық технологияларды дамыту мәселелері сөз болды. 

Screenshot_8.jpg

Литва университеті инновация мен даму департаментінің меңгерушісі Павалкис Дайниус Литвадағы әлеуметтік медициналық сақтандыру тәжірибесі туралы айтып берді. 

– Біздің сақтандыру медицинасында госпитальдар арасында ресурстар нақты бөлінген. Жақсы жұмыс жасайтын, жасанды кезектер туғызбайтын, науқастарға ұрысып, әрлі-берлі жүгіртпейтін, жақсы емдейтін емханаларда адамдардың саны арта түседі. Сәйкесінше, мемлекеттік сақтандыру компанияларынан бөлінетін қаржы да артады. Көбісі науқастарға қызмет көрсету мәселесін түбегейлі өзгертуге мәжбүр. Егер аурухана касса көлемін 10 пайыз артық жапса, келер жылы 5 пайызға көп келісімшарт алады. Егер емхана тапсырысты 100 пайызға орындаса, келесі жылы сырқаттың және медициналық қызметтердің түріне байланыссыз, тапсырысты кепілді түрде алады, – деді Павалкис Дайниус. 

Маман Литва университеттерінің өзге елдердің оқу орындарымен байланысы туралы айтып берді. 

– Университет емханасының екі акционері бар. Акциялардың 50% мемлекетке тиесілі болса, 50% университеттің меншігінде. Қос тарап бір-бірінің келісімінсіз ешқандай шешім қабылдай алмайды. Университет басшылығын да ортақ комиссия сайлайды. 20 жылдық тәжірибеге сенсек, жүйе тиімділігін дәлелдеді. Госпитальде тәжірибеден өтпеген адам емханаға қабылданбайды, – деді ол.

Литвалық сақтандыру моделінде өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтар сақтандыру жарналарын енгізіп отырады немесе ақылы медицинаға қарала алады. 

– Мұндай азаматтар ай сайын 30-40 доллар төлеп, сақтандыру пакетін пайдалана алады. Сондай-ақ сақтандыру жарнасын төлемей, ақылы медициналық қызметке жүгіне алады. Литва азаматтарына шұғыл медициналық көмек қарастырылған. Алайда, емделген соң олардан ақы талап етіледі. «Алдымен – көмек, кейін – ақша» қағидатымен жұмыс жасайды, – деді Павалкис Дайниус. 

Маманның айтуынша, дәрігерлер жұмысы қабылданған науқастар санына қарай бағаланады. Кездесу барысында қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мен Литва денсаулық ғылымы университеті, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық академиясы арасында үшжақты Меморандумға қол қою туралы ұсыныс айтылды. 

– Біз сақтандыру жүйесіне 15 жыл бұрын көштік. Осы уақытта нәтижені көріп отырмыз. Өтемақы мен басқа да мәселелер бойынша Литваның қателігін Қазақстан қайталамасын. Жас дәрігерлерді дайындауға, әріптестік орнатуға дайынбыз. Жаңа жүйенің жемісін жас ұрпақ өскен кезде анық байқайтын боласыздар, – деді П.Дайниус.

Вакцинация салдырмағандар қажылыққа бара алмайды
«Қалауым Live» реалити-шоуы 12 қатысушыны жобадан шығарып жіберді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу