Алексеев «Нұр Отанды» менсінбей ме?

Oinet.kz 20-02-2020 1333

Screenshot_1.jpg

"Рейтинг" газетінің коллажы

Түркістан облысында халықты «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуде түсініксіз жәйттар көп. Осы түсініксіздіктердің түйінін тарқату үшін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев құқық қорғау органдарына тапсырма берді. 

-2013-2014 жылдары облыста газ құбырлары, АГРС-тер салынған. Бірақ, “ҚазТрансГазбен”, басқа да мекемелердің келіспеушіліктерінің салдарынан 78 елді мекенге құбыр тартылғанымен, газ берілмеген. Мен бұл мәселемен Президентке дейін бардым. Президент тапсырма берді. 78 елді мекеннің 60 шақтысы қазір газға қосылды. Осыған байланысты құқық қорғау органдарына тапсырма бердім. Түбіне дейін жетіп, бәрін қалпына келтіруіміз керек, – деді Шөкеев өткен жұмада Түркістанда өткен есеп беру жиынында.  

Газға қатысты мәселенің түбіне жетуге жергілікті мәслихаттың депутаттары, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы да кіріскелі біраз уақыт болды. Облыс әкімінің елге есеп беруінің алдында «Нұр Отанның» партиялық бақылау комиссиясы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Игорь Алексеевті шақырып, «көгілір отынға» қатысты түсінік алмақ болған еді. Бұған дейін қосқанда бір емес екі мәрте есеп беруге арнайы шақыртса да «Нұр Отанның» партиялық бақылау комиссиясы мүшелерімен кездесуге Алексеев құлық танытқан жоқ. Жиынға орынбасарларын жіберді. Басшының мұнысы билік партиясын менсінбеу ме, әлде халықтың талап-тілегіне, мұң-мұқтажына құлақ аспау ма? Ал биліктің партиясын менсінбеу дегеннің не екенін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Бұл дегеніңіз «Нұр Отанның» төрағасы, Елбасыға, партия төрағасының бірінші орынбасары, саясаттағы ауыр салмақты ойыншы Бауыржан Байбекке, одан қала берді партияның Түркістан облыстық филиалының жетекшісі Өмірзақ Шөкеевке шекеден қарау емес пе? Отыздан енді асса да облыстағы білдей басқармаға басшылық жасап жүргеніне мастанып Игорь Алексеев отпен ойнағаны ма? 

Жалпы Түркістан облысында коммуналық мәселеде проблеманың көп екендігі рас.  Ауызсудың азабына соңғы кездері «көгілдір отынның» кикілжіңі   қосылды.  Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылығына былтыр  Игорь Алексеев тағайындалған кезде осы түйткілді мәселелер шешіледі деп үміттенгенбіз. Еңбек жолына қарасаңыз,  тәп тәуір тәжірибелі маман. Бұған дейін Қостанай облыстық коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары лауазымында істеген. Одан кейін дәл осындай қызметті миллионнан астам халқы бар елордада атқарған. Айтпақшы, оның сол елордадан бірден Түркістанға ат басын тіреуі де тегін емес. Бұған нұр-Cұлтандық тағы бір кадры облыс әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметовтің ықпал еткендігін екеуінің осы салада бірге қызмет атқарып келгендігімен байланыстырып болжауға болады. Мейлі, кімнің артынан еріп келгенінде шаруамыз қанша, ең бастысы жаңа басшының тірлігі түзу болсын, мемлекеттік тілді маңдытпаса да коммуналдық саланың тілін жетік білсін деп тілеген едік. Алайда Игорь Александрұлы бұл жағынан да үмітімізді ақтамаған сыңайлы.  

Газға қатысты мәселеге қайта оралсақ. Облыста қазір «көгілдір отынға» байланысты қағаз жүзіндегі мәліметтер шын мәніндегі деректермен қабыспайды. Жергілікті шенеуніктер «пәлен ауылға газ әкелдік» деп жұрттан сүйінші сұрап, алаулатып, жалаулатып жатыр. Ал жеме-жемге келгенде газ түгілі тас та жоқ. «Көгілдір отынға» телміріп, екі көзі төрт болған, шенеуніктердің құрғақ сөздеріне «жылынып» отырған жұрттың соңғы кездері жүйкесі жұқара бастаған сияқты. Байқасаңыздар, соңғы жылдары аудан әкімдерінің есеп берулерінде көтеріліп жатқан жұрттың негізгі жанайқайы газға қатысты.  

Ал партиялық бақылау комиссиясының отырысына тек үшінші шақыртуда әрең келген Игорь Алексеев жұмысына шаң жуытпауға тырысып бақты. Мемлекеттік тілде еркін түсінісе алмайтын, әңгімесінің басын қазақша бастап, одан әрі қарай орысша соқпақпен жүріп кететін басшының айтқанынан түсінгеніміз, облыстағы коммуналдық саладағы жұмыстарға жауапты басқарманың мойнында ешқандай жауапкершілік жоқ сияқты. Бәрін қала, аудан әкімдіктері атқаруы тиіс. Ал осы қала, аудандардан сайланған облыстық мәслихаттың депутаттары, аталған комиссия мүшелерінің көкейлерінде «көгілдір отынға» қатысты сұрақтар өте көп болып шықты. Мәселен... 

Өткен аптада Төлеби аудандық әкімдігі тоғыз ауылды газбен қамтыдық деп, бүкіл ақпарат құралдарын шулатты. Алайда шын мәнінде жағдай мүлдем басқаша. Газды жеке тұрғын үйге кіргізу, қажетті қаржысын жинау, құжаттарды реттеу, құбырдағы ақауларды жөндеу сияқты жұмыстар тәжірибе көрсеткендей, бірнеше айға, тіпті жылдарға созылып кетуі мүмкін. Әр отбасы 85 мың теңгеден төлеуі тиіс. Мұндай қаржыны бірден төлеп тастауға барлық отбасының шамасы жете бермейді. Ал энергетика басқармасының ұсынған құжатына қарасаңыз,  Төлеби ауданы тұрғындарының 90 пайыздан астамы газбен қамтылған. Сонда бұл кімді алдау, неғылған көзбояушылық?  

– Сіздер Төлеби ауданы 90,8 пайыз газбен қамтылған деген мәлімет беріп отырсыздар. Шынымен осынша тұрғын табиғи газ тұтынып отыр ма? – деген комиссия мүшесінің сұрағына Игор Алексеев алғашқыда «иә» деп сенімді түрде жауап берді. 

– Төлеби ауданында қазір 55 ауылдың тең жартысына жуығында газ жоқ. Кеше 9 ауылға газ бердік деп ақпарат тараттыңыздар, сол 9 ауылда дәл қазір газ жағып отырған отбасылар  9 үйге жете ме , жоқ па? Бұл кабинетінен шықпайтын, мәселені бүге-шүгесіне дейін білмейтін басшының жауабы ма? – деген сауалға Алексеев: 

– 90,8 пайыз қамтылды деп айта аламыз, – деп міз баққан жоқ. Оның түсіндіруінше, газ құбыры үйдің жанына дейін тартылып келсе болды, газбен қамтылғандардың тізіміне кіреді.  

– Былтыр Бәйдібек ауданында 6 ауылға газ бердік деп, құдайы тамақ жасап, тұсаукесер рәсімін өткіздік. БАҚ арқылы жұртқа жарияладық. Бірақ, әлі күнге дейін газ жоқ. Соған дейін құбырларға төрт мәрте «опрессовка» жасатқан едік. Енді міне, тағы біреуін жасатқалы жатыр,  – деді жиында сөз алған Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Нұрғали Айтбеков. Ал осы қысымдау жұмыстарын жасатудың арғы жағында қаншама рәсуа ақша жатыр десеңізші.  Бұған бюджеттен қаржы қарастырылмайды. «ҚазТрансГаз» да ақша бөлмейді. Айналып келгенде ол тұрғындардан ұсталады. Яғни әкімдік пен «ҚазТрансГаз» арасындағы осындай келіспеушіліктің зардабын түбінде халық тартады деген сөз.  

Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің облыстағы филиалының басшысы Шалқар Омарбеков алғашқы жылы газға абоненттердің  20-30-ақ пайызы қосылатынын, 100 пайыз газға қосылуы 5-6 жылға созылатынын ашық айтып отыр. «Жүйенің бәрін әкімдіктер жүргізіп жатыр. Біз тек қабылдап алумен айналысамыз. Біз тек қана құбырлар сынақтан өткеннен кейін барлық талаптарға сай болса ғана газ бере аламыз. 2012, 2014 жылдары тартылған газ құбырларына газ жібере алмаймыз, бұл босқа рәсуа»,- дейді Шалқар Омарбеков. Өйткені бұл құбырлар әлі күнге тексеруден өтпеген көрінеді. Ал  дәл осы құбырлар Алексеевтің есебінде «газбен қамтылған» ретінде тіркеулі тұр емес пе? Осыдан кейін  шенеуніктердің «ауылға газ келді» деп елді шулатқанының қаншалықты құлаққа қонатынын өзіңіз бағамдай беріңіз.

Жиында басқарма басшысының өзі де бұл салада біраз былық-шылықтардың барын жасырған жоқ. Мәселен, тұрғындарының тоқсан пайыздан астамы газбен қамтылған Түлкібас ауданының өзінде 37 нысан «ҚазТрансГаздың» балансына өтпеген. Жалпы мұндай нысандардың саны облыста 262- ні құраған. Сарыағаш ауданында да осындай жағдай. Осыған байланысты біраз материалдар құқық қорғау органдарына жіберілген.

– Біз мына түрімізбен газды 1 қыркүйек емес, 2021 жылы қосып берейін деп тұрған сияқтымыз. Өйткені құрылыстар бітіп, нысан қабылдаудан өткеннен кейін қысымдау жұмыстары жүргізіледі. Ал, оған еш жерде қаржы қаралмаған. Ауданда ондай қаржы жоқ, оған смета да қаралмаған. Осыдан кейін бір-біріне сілтеу басталады. Өткен жылы Алексеевке Жетісай ауданы тұрғындарының атынан хат жолдадым. 12 жылдан бері осы округтан сайланған депутатпын. Бірақ, газдың үстінде отырған ауылдарға газ қосып бере алмай жүрміз.  Сіздің жауабыңызға қарағанда ол биыл да жоқ. Бюджетте тағы қарастырылмаған. Жыл сайын хат жолдаймын, жыл сайын тура осындай, бірдей жауап жазасыздар, – деді басқарма басшысының тірлігіне қынжылыс білдірген депутат Нұралы Әбішев. – Темірлан ауылында АГРС құрылысы біткенімен тұрғындар бір жылдан бері газға қосыла алмай отыр. Бар мәселе техталаптарға тіреліп тұр. Мұндай жағдай басқа аудандардағы АГРС-терге де қатысты. АГРС бар, газ бар, бірақ тұрғындар оған қосыла алмай отыр, – деді жиынға төрағалық еткен облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Қайнар Абасов.

Облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш есігінің алдына келіп тұрған ШРП-дан үйіне газ құбырларын тартып беруші мердігерлерге ақша беріп, уәделеріне сенген халықтың осы уақытқа дейін газсыз отырғандығын, осындай жауапсыз мердігерлер кімнің рұқсатымен жұмыс істейтінін сұрады. Бұл сауалға «ҚазТранГаз Аймақ» басшысы мұндай мердігерлерге лицензияны мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы беретінін алға тартып,  ал ақшасын беріп, газға қосыла алмай отырған үйлердің шығыны «бюджет қаржысы емес» деген сыңайдағы жауап қайырды. Сонда қалай, басшылар бюджеттің қаржысы болмаса, ешнәрсеге бас қатырмай ма? Халықтың қаржысының сұрауы жоқ па?

– 2019 жылы Түркістан облысында газбен қамтуға қазынадан 17,5 миллиард теңге бөлініп, 58 нысан құрылысы жүргізілген. Алайда газбен қамтылу 412 елді мекенге немесе жалпы облыстың 48 пайызына енді жетті. Биыл да аталған мақсатқа 15 миллиард теңге жұмсалып, 23 нысан құрылысы жүргізілуі тиіс. Айта кетейік бүгінге дейін Түлкібас ауданын газдандыру 98 пайызға қамтылса, Созақ ауданына мүлде “көгілдір отын” жеткізілмеген. Соңғы 3-4 жылда 78 елді мекенге құбыр жүргізілгенімен газ жоқ. Егер қыруар қаржы бөлінгенімен халыққа нақты “көгілдір отын” жетпесе оны қалай түсіндіруге болады? Бұл жерде салаға жауапты басқарма мен “ҚазТрансГаз” компаниясының арасында өзара келісім жоқ. Салынған нысанды аталған компанияның меншігіне қабылдататын тетіктер дұрыс тиянақталмаған. Соның салдарынан тартылған құбырға газ жіберілмей тұр, - дейді «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев. Енді комиссия мүшелері мен депутаттар наурыз айында басшылармен бірге проблемалы нысандарға барып, көшпелі кеңес өткізбек. 

Жалпы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы облыстағы барлық коммуналдық саладағы жұмыстарды үйлестіріп отыратын, осы саладағы жұмыстарға жауапты мекеме саналады. Әлде Алексеев келгелі басқарма осы міндетін ұмытып, тәспісінен жаңылған ба? Алексеевке сенген жұрттың әлі қашанға дейін әлекке түсерін кім білсін?! 

"Рейтинг" газеті

"Даму" қоры әлеуметтік желілердегі алаяқтық туралы ескертеді
Түркістан облысында қарумен қашып кеткен сарбазды ҰҚК ұстады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу