«Nur Otan» депутаттардың рейтингісін жасайды

Oinet.kz 04-03-2021

«Nur Otan» партиясынан Мәслихатқа өткен депутаттар «енді бес жыл бойы тапжылмастан депутат болып отыра береміз» десе, қателеседі. Себебі партия депутаттардың қоғамдық рейтингісін жасайды.  Ал рейтингінің не үшін қажет екендігі айтпаса да түсінікті. 

Бауыржан Байбек.jpg

Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек фейсбуктегі парақшасында жазды.   

- Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, нұротандықтардың басты принциптері – жауапкершілік, командалық рух және партия идеалдары мен құндылықтарына берік болу. Біз Жарғы талаптарына сәйкес партиялықтардың сапалық құрамын жақсарту бойынша жұмысты жалғастырамыз. Сондай-ақ партия жақтастарының институты кеңейтіледі. 

Алдағы электоратаралық кезеңде Елбасы «Nur Otan»-ның жұмысын толықтай қайта құруды, біздің сайлауалды уәделеріміздің іске асырылуына жүйелі бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. 

Партия Лидерінің фракциялар жұмысын күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес біздің депутаттардың қоғамдық рейтингісі енгізіледі. Партиялық тізімдерде резервте тұрған 2 мыңдай азамат, сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдар тартыла отырып, партия қоғамдық кеңестерінің жұмысы жүйелі түрде қайта құрылымдалатын болады. 

«Электронды партия» жобасын жандандыру аясында Үкіметпен бірлесіп әр өңір, қала және аудан бойынша сайлауалды бағдарламалар шеңберіндегі жол карталарын іске асыруға мониторинг жүргізу үшін цифрлық платформа әзірленеді. 

Партия Лидері айтқандай, «Nur Otan»-ның аппараты пандемия кезеңінде тұрғындармен нақты жұмыс жүргізуге бағдарлануы тиіс. Ел көлеміндегі 234 қоғамдық қабылдау бөлмесі өзара әрекет жасаудың проактивті форматына көшуі тиіс. Оның ішінде әлеуметтік желілер де қамтылуы қажет.

Соңғы жылда бізге 393 мыңнан астам өтініш келіп түсті, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. 5 жыл ішінде партияға 1,2 млн. адам жүгінді, оның ішінде 423 мыңнан астамы – онлайн-форматта. Олардың 92%-і оң шешімін тапты, тегін консультативтік, құқықтық және өзге де көмек көрсетілді. 

Осыған байланысты алға қойылған жаңа міндеттер ескеріле отырып, қоғам қайраткері Әлия Садырбаева партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы болып тағайындалды. Оның заң және қоғамдық ұйымдар саласында 20 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар,деп жазды. Б.Байбек. 

Бірінші орынбасардың жазбасынан байқағанымыз, резервтегі 2 мың адам  босқа тұрған жоқ. Партия фракцияларының жұмысын күшейту қалай жүргізіледі? Қоғамдық кеңестер не шешеді? Қысқасы, биліктің барлық жүйесі енді «Nur Otan» деп ән айтып, «Nur Otan  деп би билейтін сияқты. 

«Барлығымыз қызмет қуамыз деп шындықты айта алмай қалдық» - Мәди Манатбек
Отставкіге арыз жаздыру өзін-өзі ақтады ма?


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×