Жер мәселесі қазақтың ең жанды жері. Шераға айтқан шындық бүгінгі күннің барометрі болып тұр

Oinet.kz 20-08-2022 548

Бір ауылдың білдей азаматы өзінің бауырын атып тастаған, жерге таласып. Бұл сансыз баптар мекені Сайрам ауданында орын алған тосын оқиға. Тағы бір ауданда, дәлірек айтсақ Бәйдібек ауданында қайбір жылы көршілес қоныстанған екі отбасының арасындағы ұзақ жылғы егестің, соттасудың соңы екі адамның өліміне апарып соқты. 

Screenshot_3.jpg

Ерегіс шиеленіскен тұста көршілердің бірі егістіктің басында мылтықпен ағайынды екі азаматты атып өлтіріп, үшіншісін жаралаған. Құзырлы органдардың сол кезде таратқан мәліметіне қарағанда, ауылдастар арасындағы атыс-шабыстың түп-төркіні ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерге өзара келіспеушіліктен шыққан. Ал Түлкібас ауданындағы бүкіл республиканы дүр сілкінткен қанды оқиға кезінде үш адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды. Бұл қанды оқиғаның себебі де жерге таластан шыққан. Қарынбайлардың сатып алған жерін қызғыштай қорып, өзгелер мал жаймау үшін айналдыра ор қаздырғаны, ол орға малдардың түсіп өлгені туралы ақпараттар да ел-жұртты дүрліктірді. Жер, жайылым  мәселесі әсіресе, халық тығыз қоныстанған  Түркістан облысында өзекті.

Осындай қайғылы оқиғалардың орын алуының түпкі негізінде заңсыздық, түрлі деңгейдегі әкімдердің, яғни шенеуніктер жіберген қателік немесе сыбайлас жемқорлық жатыр. Барлық мәселе заң шеңберінде айқындалған, заңды құжатпен бекітілген болса, ауыл тұрғыны қолына мылтық алып, ауыр қылмысқа бармас еді. Ал әділ шешім шығаруы тиіс шенеунік...  Шенеуніктердің араны мен әуезін білген Халық жазушысы Шерхан Мұртаза олардың санасы ортағасырлық теңіз қарақшыларының санасы дәрежесінде қалғанын айтқан еді. 

«Тек тонау! Ұрандары – осы. Қазақстан, қайран Қазақстан! Қазақстан талапайға түсіп кетті. Осыны айтсаң, басшылар ашуланады, шамданады. Оу, шындықтың несіне шамырқанады?! Қазақстан байлығы қорқаулардың тонауына түспесе, сол байлық өз халқын асырауға жетеді ғой, жетіп-артылады ғой. «Кедей – бай болсам дейді, бай – Құдай болсам дейді». Кедей бай болсам деген жерде тоқтай қалса ғой. «Стоп!» десе. Жоқ, бай Құдай болсам дейді. Бұл – қанағатсыздық. Бәленің бәрі осы қанағатсыздықтан туа береді. Қомағай құлқын обыр оба. Оны толтыра алмайсың. Өзі тойса да, көзі тоймайды. Өлгенде топырақ қана тойдырады. Қазіргі жегіштердің бәрі сондай. Акуланы сойғанда қарнынан тас та, тасбақа да, темір де, терсек те шыға беретін көрінеді. Ал біздің адам-акулаларымыздың қарнын жарып жіберсең – Қазақстанның прокаты да, алтыны да, мырышы да, хромы да, мұнайы да, арақ зауыттары да, қант зауыттары – бәрі-бәрі ақтарылып шыға келер еді», – дейді Шерхан Мұртаза. 

Шындықтың шырақшысы Шерхан Мұртазаның осылайша қазіргінің жемқорларына қаншалықты дәл әрі әділ баға бергенін көріп қайран қаласыз. 

Screenshot_2.jpg

Жоғарыда біз айтып өткен ауыр қылмыстардан бөлек жер дауымен, жайылымды қайтару мәселесімен талай құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып, жүйкесі шаршағандар қаншама. Жергілікті шенеуніктердің «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерінен қаншама ауыл шаурашылығы мақсатындағы жерлер пысықайлардың қолына өтіп кетті. Бүгінде сол заңсыз әрекеттердің зардабын тартып, әділдік іздеп жүрген шаруалар аз емес. Малдарын қорада ұстауға мәжбүр болып отырған ауыл көп. Тек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке жайылым мәселесіне қатысты айтқан сын ескертпелері мен нақты тапсырмалары ауыл тұрғындарының үмітін оятты. Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында Түркістан облысы аумағынан 500 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жоспарланған. Осы ретте жалпы сот және тексерулер арқылы бүгінде 315,6 мың гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 313,5 мың гектары – жайылым, ал 2,1 мың гектары – егістік жер. Ресми деректерге жүгінсек, биылдың 8 айында 26 субъектіге тексеру жұмыстары жүргізілген. Заң бұзушылықтар анықталып, 2 712 510 теңге айыппұл салынған. Жер заңдылығының бұзылуын жою туралы 31 нұсқама берілген. Яғни 31 жергілікті атқарушы органдардың қабылдаған шешімдері жойылған. Сондай-ақ 74 жер иелерінің 2 857 гектар жері бойынша сотқа талап-арыз берілген. Сот шешімімен ауыл шаруашылығы мақсатындағы 7 жер иелерінің көлемі 541,4 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған. Бәйдібек, Шардара аудандары мен Кентау қаласында 31 жер телімі (2 742 га) заң талаптарын бұза отырып табысталғандығы анықталып отыр.   

Screenshot_2.jpg

Иә, жер мәселесі қай уақытта да өзекті, қазақтың ең жанды жері. Өйткені қазақ қашанда ата-баба аманаттаған жерді бәрінен жоғары қояды.  Жер дегенде қазақтың шығардағы жаны басқа.  Бір кездері Шерхан Мұртаза Парламенттің қабырғасында отырып жерді сатуға табанды қарсылық білдіргені белгілі. Жерді сатуды анасын сатуға теңегенін сол кездегі жабайы капитализмді бағыт-бағдар етіп алған билікке онша ұнай қойған жоқ. 

«Тіпті сонау тоқсаныншы жылдардың басында Жер туралы, Жерді сату туралы заң қабылданбақ болған сын сағатта мен бұл заңның қабылдануына қасарыса қарсы болғандардың бірімін. Заң қабылданбады.  Бірақ араға жылдар салып, бұл мәселе 2000 жылы қайта көтерілді. 2001 жылы «Жер туралы» заң қабылданды. Үкімет ұсынған жобаның сирағы мен тұяғы ғана қалды. Заң мүлде жаңаша мазмұнда жарияланды. Мұнда менің үлесім бар деп батыл айта аламын»,– деген болатын Шерағаң басылымдарған берген сұхбатында.  

2015 жылы Қазақстандағы жерді жаппай сату, шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту туралы заң қабылданды. Оның соңы 2016 жылы жаппай наразылық митингілеріне ұласты. Ақыр аяғында амалы құрыған билік заңға мораторий жариялады. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  заңның күшін мүлдем жойғызды. Яғни Президент Жарлығымен жерді тексеруді шектейтін мораторий алынып тасталды. Жерге қатысты талаптар өзгерді. Бұл өзгерісті әсіресе, жер қатынастары саласының мамандары қолдап отыр. Өңірде нысаналы түрде игерілмей, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне мәжбүрлі түрде қайтаруға мүмкіндік беретін қосымша құқықтық механизм іске қосылды. Өзіне тиесілі ауыл шаруашылығы жерін игермейтін, пайдаланбайтын кәсіпкерлердің жер учаскелерін тексеруге жол ашылып отыр. Ал уақтысында түрлі жолдармен қолдан-қолға өтіп кеткен  жайылымдарды елге қайтару жұмысы күн тәртібінен түскен емес. Бұл орайда Түркістан облысында жайылымға 3,1 млн гектар қажеттілік бар. Биыл 1 млн 12 мың гектарды қайтару жоспарланған.  Жайылымдардың қайтарылуын соңғы кездегі оң өзгерістердің бірі деуге болады. 

Screenshot_4.jpg

Бірақ кезінде заңсыздыққа жол берген әкімдердің жауапқа тартылғаны жоқ. Неге? Әйтпесе шенеунік атаулының алдынан табылатын, ел газеті «Егемен Қазақстанда» заңсыздыққа барған әкімдердің әрекеті нақты дәлелдер келтіріле жарияланған да болатын. «Жер инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Мырзаевтың мәлімдеуінше, жайылым бойынша ең дауы көп  аудан – Төле би, одан кейін Сайрам, Ордабасы аудандары мен Кентау қаласында да арыз аз емес. Сарыағаш, Шардара аудандарында әкімдер тарапынан жіберілген заңсыздықтар жетерлік. Мысалы, Жер кодексінің талаптарына сәйкес ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың жеңімпазын жер комиссиясы тиісті өлшемшарттарды ескере отырып, балл беру арқылы ұсыныстарды салыстыру негізінде айқындайды. Осы орайда Сарыағаш ауданында жер комиссиясы конкурсқа қойылған Әлімтау ауылдық округі аумағынан 90,1 гектар,  Дарбаза ауылдық округі аумағынан 299 гектар жайылым жерді өтінім берген жеке тұлғалардың инвестициялық қаржы көлемінің басқа бәсекелестерінен көптігіне қарамастан өлшемшарттарды ескермей, айқындамай заңда көрсетілген талаптарды өрескел бұза отырып, аудан әкімдігінің №266 қаулысымен 10 жылға жалға табыстаған. Түркістан облысы жер инспекциясы басқармасы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау бөлімінің басшысы-мемлекеттік инспектор Н. Абдразаховтың анықтамасында Сарыағаш ауданында 2016 жылы 300 гектар жайылымдық жердің сол кездегі аудан әкімі Бұқарбай Пармановтың қаулысымен, 10 жылға пайдалану құқығымен, жалға ереженің талаптары өрескел бұзыла отырып табысталғаны айтылады. Жоғарыда айтқанымыздай жер дауы көп Төлеби ауданында Бұқарбай Парманов әкім болып отырған кезде көптеген заңсыздықтарға жол берілген. Аудан тұрғындары Пармановтың жерді оңды-солды таратқанын әлі де айтады. Бүгінде аудан аумағындағы даулы жерлерге қатысты 34  талап арыз қаралуда. Соның көбісі Б.Пармановтың аудан әкімі болып тұрған кезде берілген жерлерге қатысты екен. Аудандағылардың есінде жер берудегі заңсыз әрекеттерімен қалған және ол үшін ешқандай жауапқа тартылмаған Парманов бүгінде үшінші мегаполистің Абай ауданын басқарып отыр. Ал заңсыздықтардың зардабын тартып, құқық қорғау орындарының табалдырығын тоздырып жүрген қарапайым шаруаның Пармановтың құлағын шуылдатқаннан басқаға шамасы жоқ. «Бардың ісі пәрменменен, жоқтың ісі дәрменменен» деген мақалды жиі еске алатын тұрғындардың «іші қазандай қайнайды, күресуге дәрмені жоқ». Бұл аталмыш басылымда «Малы бар, жайылымы жоқ шаруа қайтіп күн көрер?» тақырыбымен жарияланған мақалада келтірілген бір ғана мысал. Өкінішке қарай, жер беру кейбір шенеуніктер арасында бір-бірімен жең ұшымен байланысқан жемқорлыққа айналып кеткен. Бірақ жеме-жемге келгенде тек ауыл әкімдері жазаланады. Ал оларға нұсқау берген аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері түк білмегендей кейіп танытады. 

Ауыл тұрғындары бүгінде өзекті болып отырған жер дауының, жайылым мәселесінің тезірек шешімін табатынынан үмітті. Ал жайылымы жоқ, төрт түліксіз ауылда тіршіліктің мәні де болмасы мәлім. Бұл орайда шенеуніктер Шерағаның «Ауыл кетсе, ұлттың ұйтқысы кетеді» деген сөзін жадында сақтаса. Шындығына келсек, халыққа елімізде болып жатқан іргелі өзгерістер туралы жан-тәнімен түсіндіріп жүрген мемлекеттік қызметшілер сирек. Әрбір мемлекеттік қызметкер, ол – Президент командасындағы адам. Олар мұны жақсы біледі. Демек, олар мемлекет пен оның халқының мүддесін ойлауы керек. Бүгінгі әкімдердің көпшілігі топ-менеджерлер секілді екенін айтушылар көп. Топ-менеджерлер алдымен пайданы ойлайды, олардың міндеті көптен пайда табуға құрылған. Шенеуніктерге ақыл айтудан аулақпыз, тек Шерхан Мұртазаның «Елiм, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда!» деген кітабын оқып шығуға кеңес берер едік. Тыңдар құлақ, терең ұғынар сана болса онда көп мәселе ашық та батыл айтылған. Мысалы,  «Қазақтың мәйегі ауылда еді. Сол мәйек қазір іри бастады, – дейді Шерхан. ... Ал, сонау бозала таңды заманнан бері қазақты асыраған мал емес пе еді, Камал? Қазақ малдан ажырады ғой. Қолдан ажыратты... Менің ақылым жетпеді, Камал. Осының бәрі не үшін?!!». «Жалпы халық жадау қалпында қала берді. Оның үстіне коррупция, жемқорлық жоғарыдан, тау басынан домалайтын тас сияқты етекке дейін еңдеп кетті», – дейді «Шыр айналған дүние...» деген хатында. Жалпы Шерхан Мұртаза қоғамымыздағы үлкен дерттің бетін ашып «экономикалық реформа түзу болу үшін алдымен адамның санасы, құлқыны, нысабы түзу болу» керектігін айтады. Иә, қанағатсыздық жайлаған жерді жемқорлар билейді. Ал жемқорлардың жемсауы оңайлықпен толмайды. Жерден асқан байлық жоқ, халықтан асқан дана жоқ. Кеше  Шерағаңдар  шырылдап айтқан шындық бүгінгі күннің барометрі болып тұр емес пе?

Screenshot_5.jpg

Камал Смайыловқа жазған хаттарының бірінде Шерхан Мұртаза «баяғы Хрушевтың заманында 25 миллион (бір деректерде 30 миллион) гектар тың жер көтерілгенін» айтады. «Сен соның 10 миллионын астықтан босатып, жайылым жасаса дейсің. Сонда мал басы көбейер еді дейсің. Ниетіңнен айналайын. Жүрегіңнен айналайын. Жүрегің таза, ақ қой. Әйтпесе, сол сен астықтан босататын 10 миллион жер енді қайтып жайылымға жарау үшін ең кемінде 100 жыл керек екенін сен білер едің ғой. Ол жердің аналық кұнары, асыл топырағы әлдеқашан аспанға ұшып кеткен. Қайтып қалпына келуі үшін сен айтып отырған XXI ғасырдың көлемі жете ме, жетпей ме, Құдай білсін. Ол жерге шүйгін шөп шығу үшін кұйқа керек. Сол құйқа жоқ қой!», дейді Шераға. Иә шөп шығатын құйқаның қалпына келгеніне тәуелсіз елдің жас буыны куә болар, бәлкім. Ал бүгінгілер Шерхан Мұртазаның көргенділікпен айтқан тілек-ұсынысы, болжамы орындалғанына куә болып отыр.

Шерағаң 1994 жылы Түркістан туралы толғанысында: «Егер Түркістан қаласы шын мәнінде сәулетті шаһарға айналса-әлем алдындағы айбының. Бүкіл мұсылман дүниесі алдындағы абыройың. Бүкіл түрік тектес елдер алдындағы мәртебең. Сонда күллі әлем, әсіресе Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Әзірайжан. Татарстан, Башқұртстан т.б. саған зор құрметпен қарайды.  Ал түптің-түбінде –Түркістан Кентау аймағы жеке облыс болып, Түркістан оның орталығы болуға әбден лайық. Тек бұған бүгінгі қиын-қыстау, қиялы заман тұрғысынан қарамай, өсетін, өркендейтін тәуелсіз  егемен елдің ертеңгі болашақ бигінен қарап, шын ықылас қойып, Түркістан болашағының жоба-жоспарын қазір қолға алған лазым. Бұл мемелкеттік үлкен мәселе»,– деп жазған екен.  Осыдан 28 жыл бұрын. Бұл кезде Түркістан аудан орталығының деңгейіндегі шағын қана қала. «Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен», жарық жоқ, газ жоқ, не жалақы, не зейнетақы жоқ, өлеусіреген балауыз шамның жарығымен, қара шәй, қара нанмен күн көріп отырған заманда Түркістанды қайта түлету арман ғана еді. Бірақ міне, Шерағаң жазған Түркістан осыдан төрт жыл бұрын облыс орталығы болды, былтыр Түркі әлемінің рухани  астанасы атанды. Тотыдай түрленген, туризмнің орталығына айналған...  

Орталығы рухани астанаға айналған Түркістан облысында халық көтерілетіндей жер дауы болмаса екен дейміз. «Жаңа Қазақстанда» жергілікті әкімдердің заңсыз әрекеттеріне, сыбайластыққа жол берілмегенін қалайды жұрт. Әйтпесе, жайылымдық жер мәселесін талқылау кезінде айтылған ұлтаралық араздықты қоздыратын сөздердің соңы үлкен дауға айналып барып басылды. Жанжалдың ушыққаны сонша, Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы да оқиға орнына барып, жағдайды өз бақылауына алды. Төлеби ауданында болған оқиға бойынша облыс пен аудан әкімі, прокуратура, полиция, ардагер ақсақалдар, этно-мәдени орталықтардың өкілдері мен басқа да құзыретті органдар халықпен кездесіп, профилактикалық жұмыстар жүргізді. Ал Шардара ауданында кәсіпкерлер мемлекеттік конкурс арқылы ұтып алған екі көлде балық өсіру жұмысын жүргізе алмай отыр. Себебі, аудан әкімдігі аталған құқықты 2003 жылы басқа шаруа қожалығына берген. Ал кейінгілер аталған жерлерді мақсаты бойынша пайдаланбаған. Бұл мәселе сотта да қаралған. Алайда аудан әкімдігі бұрынғы жер иелерін қорғап отыр. Кәсіпкерлер мәселенің неде екені білмей бас қатыруда. Келес ауданына қарасты Бозай ауылдық округінің тұрғындары соңғы он жылдан бері мал өрісінің тарылып бара жатқанын айтып, шағымдануда. Ауыл тұрғындары жергілікті атқарушы билікті жайылым жерлерін заңсыз беріп, жер конкурсында заң бұзушылық жасады деп айыптап отыр...  

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ

Тоғызқұмалақтың мәні ойыннан да тереңірек: NIS-те зият пен дәстүр жеңуде
Түркістандағы келелі кездесу
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу