«Бақыт» деген ұғымды қалай түсінесіз?

Oinet.kz 09-02-2023 935

Screenshot_2.jpg

Біз, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде, филология факультетінің шет тілдері кафедрасында бірнеше жылдың көлемінде жұмыс істеп келеміз. Осы уақыт аралығындағы еңбек жолымызды университетіміздің бірінші курс студенттеріне «Шет тілі» (ағылшын) пәні бойынша сабақ беруге арнап келеміз. Осы жылдар аралығында студенттермен университетттік «Айналаңды нұрландыр!» жобасы аясында көптеген тәрбиелік мәні бар іс-шаралар да ұйымдастырдық. Аталған жоба туралы биылғы 2022-2023 оқу жылының көктемгі семестрі басталған кезде, өзіміз сабақ беріп жүрген заң факультеті және экономика және бизнес жоғары мектебі студенттеріне  түсіндіріп өттік. Сабақтың соңында студенттерге «Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?» тақырыбына ағылшын тілінде эссе жазуды тапсырған болатынбыз. Келесі сабақта студенттеріміз тақырып бойынша өздерінің эсселерін жазып келді. Студенттердің ағылшын тілінде жазған эсселерін оқып, ең жақсы жазылғандарын бағалай келе, төмендегі бірінші курс студенттерінің ағылшын тілінен аударылған эсселерінің қысқартылған нұсқаларын жариялауды жөн көріп отырмыз.  

Үсен Нұрсұлтан: «Бұл тақырыпта өз ойымды ақ параққа түсірерде көп ойланып қалдым. Мектеп қабырғасында ұстаздарымыз осы сұрақты қойған кезде «Бақыт – бұл армандардың орындалуы» деп тұжырымдайтын едім. Адам баласының есейе келе ойы, көзқарасы өзгеретіндігін түсіндім. Өмірдің мәнін түсіне білсең, өмірге келуіміздің өзі бақыт екен. Кейде өмірде кездесетін келеңсіздіктерді бақытсыздық деп түсінеміз, бірақ сол келеңсіздіктерді біз өзіміз тудырамыз. Бақытты кейде қуанған бір сәтке, ойыңдағы істің орындалуына ғана балаймыз. Ал меніңше, бақыт адамның бүкіл өмірінің арқауы деп түсінемін. Бақыт әр бір адамның жүрегінде. Адам баласы өзінде бар нәрсені қадірлей білсе, сол нәрсенің өзі адамға бақыт сыйлауы мүмкін. Жүректегі адамгершілікті, мейірімді айналаңдағы жандарға көрсете білсең, оларды қуанта алсаң осының өзі үлкен бақыт емес пе!. Ал жүрегі мейірім мен махаббатқа толы жандар ең бақытқа адамдар деп түсінемін. Әрине бұл менің өз пікірім». 

Нұржанұлы Даулетхан: «Бақыт деген не? Бақыт деген әркімге әрқалай болуы мүмкін. Біреуге бақыт ол ата-анасының жанында болуы, енді біреуіне бақыт деген ол ақшалай немесе мүліктей болады, енді біріне бақыт деген денсаулық. Менің ойымша кімде не жоқ соған қол жеткізу сол бақыт. Мысалықа ақшаң жоқта ақша тапсаң бір бақыт. Немесе ауырып қалған адамдар жазылса сол бақыт. Бақыттың көп түрі болады: махаббат, иемдену (алу, жасау және тб), демалу, ұйқтау. Моральды, материаалдық және физикалық бақыт деп алсақ болады».

Сапарәлі Еркежан: «Мен үшін бақыт деген-алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жету, қасыңда отбасың бақытты, дені сау, аман-есен жүруі, үнемі көмекке дайын, адал достардың болуы. Бақыт деген - алаңсыз өмір сүру, жүректің тыныштығы, барлық қиындықтарға төзе білу. Сонымен қатар, бақыт дегеніміз сені басқа адамдардың құрметтеп, сыйлауы.

Бақытұлы Шынболат: Бақыттың негізінде адамның өмірі мағыналы және нәтижелі болған кездегі өз болмысына деген ризашылық сезімінің қалыптасуы жатыр. Арман сияқты бақыт та мұраттың тылсымдық-эмоциялық көрінісі болып табылады. Мұрат - тұлғаның болашаққа деген сенімін білдірсе, бақыт оның іске асу деңгейін көрсетеді. Мен үшін бақыт дегеніміз - көп мағыналы ұғым. Оның басты түсініктері: бақ-дәулет, “қолға қонған құс”, ырыздық, қуаныш, ләззат, рахат, жақсылыққа, ізгілікке жету, даналық, өмірден өз орнын табу, толыққанды тұлғаға айналу. Бақыт дегеніміз - бұл біздің өмір сүруіміз, бауырларымыздың болуы, достарымыздың болуы, өз ұлт , тілің , дініңнің болуы».

Темірболат Ерасыл: «Бақыт деген - арман-мақсаттарыңның орындалуы. Ол - өзің сүйгенде және сені сүйгенде сезінетін сезім. Ең бастысы ата-анам қасымда, бауырларым, достарым аман-есен болса, мен үшін бакыт деген осы. Бақытты болуға әркім құқылы. Бақыт - жан-жақты, әр түрлі, шексіз түсінік. Ия, біз бүгін қалағанымызға қол жеткізе алмауымыз мүмкін. Бірақ ертең не одан кейін оған міндетті түрде жететініміз анық. Мұның барлығы да өмір даналығы.

Ерсұлтан Разалия: «Бақыт әр адамға әртүрлі, мысалы біреуге сабаққа кешикпей бару бакыт, таңертең қуанышты сезіммен ояну - ол да бақыт мысалы мен үшін бақыт - ол ата-анам мен бауырларымның қасымда болғаны, олардың қолдаулары әрбір жеткен жетістігіме қуана білуі. Адам ешқашан өзін біреуден кем немесе біреуден артық ұстамауы тиіс. Өзін барлық жағынан жақсы сезінуі керек, бақытты адамның өзінің даму жолдары болады, біреуге көмектескеннің өзі мен үшін қуаныш сыйлайды, сол ісіммен күні бойы өзімді бақытты сезініп жүремін». 

Уалихан Диас: «Бакыт деген не? Бұл сұраққа әр адам әр түрлі жауап береді. Біреуге -отбасы, біреуге-байлық, ал біреуге - тіпті арайлап атқан әр күн бакыт сыйлайды. Жалпы мен үшін бақыт деген - ол менің қасымдагы жақын бауырларым және ата-анам. Осы аталғандардың бәрі мен үшін бакыт. Себебі, калган дүниенің барі  уақыттың еншісінде».

Смаков Бақнур: «Бақыт деген сенің отбасың. Отбасыңның амандығы. Олармен бірге болу. Бақыт деген ол отбасың. Отбасыңмен бірге болу, ата-анаң, бауырларыңның амандығы, олардың қуанышы да сен үшін бақыт. Денсаулығыңның мықты болуы, аман жүруің, өмірге риза болуың - осының бәрі  мен үшін бақыт».

Жоғарыда келтіріліген эссе үзінділерінен студенттеріміздің «бақыт» ұғымын жақсы түсінгендерін байқауымызға болады. Талай тұлғаларды түлетіп, тектілер тұрағына айналған шет тілдері кафедрасы оқытушылары бүгінгі таңда студенттерге барынша сапалы білім беріп, шәкірттерін заманауи білім нәрімен сусындатуға және де тәрбиелік мәні бар іс-шараларды ұйымдастыруға  ерекше көңіл бөлуде. Университетімізде үш тілде қатар сөйлеуді мақсат еткен елдің ұрпақтары бүгінде сол мақсатына сай біліммен қамтамасыз етіліп, көздеген мақсаттарына жетіп жатқандары көңіл қуантады. Демек алдағы уақытта заманауи білім алған, тәрбиелі, жан-жақты мамандарымыздың еңбегімен еліміз одан әрі жаңғырып, дами бермек!

Гүлназ МУСАНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультеті Шет тілдері кафедрасының аға оқытушысы,ф.ғ.к.,

Индира  ОРАЗБЕКОВА,

аға оқытушы

Өркен БАЛАЖАНОВ: "Мемлекеттік қызмет әрдайым жаңарып отырады"
«3-Энергоорталықтың» берешегі жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу