Қазақ хандығының тарихы Созақпен тамырласып жатыр

Oinet.kz 20-06-2019 1196

Screenshot_3.jpg            

Асылы, қазақ тарихы мен хандар шежіресі айтылғанда Созақты аттап өте алмаймыз.  Жалпы қазақ тарихында  Созақ өңірі  ерекше аталады. Қазақ хандығының қалыптасу, ел болып басының бірігуіне ежелгі Созақ шаһарының орны айрықша болған. Бұл жөнінде атақты ғұлама Әлкей Марғұланның еңбектерінде кеңінен жазылса, жазушы  Мұхтар  Мағауиннің «Аласапыран», Ілияс  Есенберлиннің «Көшпенділер»  жинағында да Созаң өңірінің тарихы өрнектелген. Жергілікті көнкөз қариялардың айтуынша қазіргі Созақ ауылының түстік бетіндегі  бүгінде  жері тегістеліп кеткен «Хан мазарының» тарихтағы орны ерекше.Сол жерде Жәнібек пен Керей ханның сүйегі жатыр десе, тағы бірі Созақты билеген Жәнібек ханның баласы Махұмұт сұлтан мен Жәнібектің немересі Ақназар хан жерленген дейді. Созақ ауылының батыс жақ бетіндегі «Ақназар» деп аталатын бұлақты жергілікті тұрғындар  қазақ халқын қырық жыл билеген «Ақназар хан ордасын тіккен жер» деген аңызбен байланыстырады. Бұл сөзімізді жерлес тарихшы ағамыз Сүлеймен Тәбіразұлы да растайды. 

Қалай десек те, Созақ өңірі Қазақ хандығының тірегі болған, саяси һәм экономикалық тұрғыдан маңызды роль атқарған. Теріскейліктер осындай бай тарихы бар туған жерді қашанда мақтаныш етеді. Мәселен, аудан тұрғындарының өтінішімен Созақ ауылында қазақтың ханы Ақназарға арнап ескерткіш қойылса, Шолаққорған ауылындағы Жастар саябағында Керей мен Жәнібек хандарға арналған еңселі монумент орнатылды. Бүгінде бұл саябақ тек демалыс орны ғана емес жастардың патриоттық шараларда бас қостатын мекеніне айналып отыр. 

Күні кеше, бүкіл ел болып тойлаған Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесі Созақ ауданында да жалғасын тауып жатыр. Мереке аясында ауылдар мен елді мекендерде мәдени шаралар, спорттың бірнеше түрінен жарыстар, мектептерде тәрбие сағаттары өтіп, «Теріскей таланттары», «Мәдинетім мерейім» атты өнер фестивальдері ұйымдастырылды. 

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай құрамында зиялы қауым, жастар мен ардагерлер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін қамтыған, тарихты зерделеуді мақсат тұтқан топ жасақталып, аудан орталығында орналасқан Керей мен Жәнібек ханның ескерткішінен бастау алған танымдық экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция «Хан мазарына», «Ақназар» ханның ескерткішіне, Ақбикеш мұнарасына сапар шегіп, Таңбала тасқа дейін барды. Мәні зор шара  өскелең ұрпақ бойына патриоттықты сіңіріп, тарихымызды тануға зор ықпал ететіні сөзсіз. Экспедиция мүшелерінің бірнеше күндік сапары аудан орталығындағы мәдениет үйінде  «Ұла дала елі» атты Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиынға ұласты.  

Салтанатты жиында аудан өнерпаздары Қазақ хандарының қилы тағдыры мен елдің басынан өткен тарихи оқиғалар жайлы сахналық көрініс қойды. Іскерлігі елді қуантып жүрген аудан әкімі Мақсат Исаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап баяндама жасады. «Бүкілхалық болып тойлаған даталы жылды аудан көлемінде атап өту біздің перзенттік парызымыз. Өткен ғасырлардан сыр шертетін Созақ өңірінің тарихы, оны айғақтайтын деректер жетерлік» деді аудан басшысы. 

Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген С. Теңізбаев, Б. Ізбалаев, М. Асқаров секілді  бірқатар  азаматтар аудан әкімінің алғыс хаттарын иеленсе, көп балалары аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілері салтанатты жағдайда табыс етілді. Мерекелік кеш ауданның өнерлі азаматтары қамтылған коцерттік бағдарламаға ұласты. 

Ерлан Райымқұлов,

Созақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы,

Мұрағаттан, 2015 ж

Облыстық «Жырласа жастар жырласын...» жас ақындар айтысы өтті
Қорқыттың елінде «Түркістанның тұлғалары мен мұралары» атты көшпелі көрме ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу