Қайырымдылықты брендке айналдыру керек – сарапшылар «Тиімді қайырымдылық» жобасы туралы

Oinet.kz 14-11-2023 163

Қазақстанда жыл сайын кемі 100 қайырымылық ұйымын тарту арқылы елдегі қайырымдылық қызметін одан әрі дамытуды көздейтін «Тиімді қайырымдылық» жобасы жүзеге асты. Осы саладағы сарапшы, журналист Бибігүл Құламанның пікірінше, бұл жоба қазақстандықтардың қайырымдылық жасау мәдениетін арттырып, қоғамға пайдасын тигізетін бастама.

«Қазақстанда «Тиімді қайырымдылық» жобасының жүзеге асқанын естідім, хабарым бар. Меніңше, бұл өте маңызды әрі қоғамға керек жоба. Үкіметтік емес ұйымдар қоғамның бір үлкен тірегі ретінде, тетігі ретінде өз істерімен азаматтарға үлгі бола білу керек», - дейді жобаға қатысты пікірін білдірген Бибігүл Құламан.

Оның айтуынша, қазір қайырымдылық жасаудың әртүрлі жолдары бар және қайырымдылыққа мұқтаж адамдарды бірнеше санатқа бөліп қарастыруға болады. Мәселен, Бибігүл Құламан атап өткендей, қайырымдылық тұрмыстық жағдайға, оқу-білімге, денсаулыққа, адамның жеке басына қатысты қайырымдылық болуы мүмкін. Тиісінше, мұқтаж адамдарды да әртүрлі санатқа бөліп қарастыру керек.

«Мәселен, ерекше балалары бар ата-аналарды алып қарайық. Олар ешкімге алақан жайып, «дайын» дүние сұрамайды, тек, өз бастамаларын, ойларын жүзеге асырып, табыс тапқысы келеді. Тегін дүниеге ұмтылмайды. Міне, бұндай ата-аналарға заңды органдармен жұмыс істеудің жолдарын көрсету, жобаларына презентация жасап беріп, құжаттарын реттеуге көмектесу де қайырымдылықтың бір түрі. Адамға балық емес, қармақ беру керек. Яғни, қоғамдағы адам қаржы жағынан, эмоционалды жағынан, оқу-білім жағынан көмекке зәру болуы мүмкін. Осы бағытта көп азаматқа қол ұшын созып жүрген үкіметтік емес ұйымдар бар және ондай ұйымдарды көбейте беру керек. Яғни, үкіметтік емес  ұйымдардың осындай кішкентай қадамдары қоғамда іскер адамдардың пайда болуына әсер етіп келе жатыр», - дейді ол.

Жоғарыда атап өткеніміздей, «Тиімді қайырымдылық» жобасы Қазақстанда жыл сайын кемі 100 қайырымдылық ұйымын тарту арқылы осы жұмыстың аясын кеңейтуді көздейді. Жоба аясында жүргізілген нәтижелі жұмыстардың арқасында қайырымдылықты тиімді етудің тетіктері анықталып, жеке және заңды тұлғалардың қайырымдылық жасау деңгейі зерттелді.  Мәселен, осы жобаның аясында үкіметтік емес ұйым басшылары мен қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға арналған кеңес беру орталықтары пайда болды. Спикер осы және өзге де шаралардың арқасында Қазақстанда қайырымдылық жасауды брендке айналдыру керек деген ойын жеткізді.

«Қазақстанда қайырымдылық ұйымдарының санын арттыру үшін дәл осындай бастамалардың, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына барынша қолдау таныту керек. Жалпы, менің жеке пікірім елімізде қайырымдылықпен айналысуды брендке айналдыру керек», - дейді ол.

Айта кетейік, «Тиімді қайырымдылық» жобасын «Азаматтық бастамаларды қолау орталығының» қолдауымен «Қазақстанның Даму Қауымдастығы» жүзеге асырған.

Әр адамның дінге бас сұғып, пәтуа айтуы дұрыс емес – Әбдіғани Бәзілхан
«Светскость - наиболее оптимальная форма общественного развития» - эксперт
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу