«Олар – ақымақ, надан»: СҚО-да орыс ұлтына тіл тигізген мектеп директоры қамауға алынды

Oinet.kz 05-06-2025 693

Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық сот 35 жастағы Жансұлу Дархамбаеваны ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі төмен колонияда – колония-қоныста өтейді. Істің мән-жайын Orda.kz тілшісі анықтап көрген, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. 

Screenshot_6.jpg

Жансұлу Дархамбаева – Астана қаласының тумасы. Мамандығы – мұғалім. Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында тұрған. Сотталуына оның TikTok әлеуметтік желісінде 2024 жылдың қаңтар айында жариялаған бейнежазбалары себеп болды. Бейнематериалдарда ол орыс ұлты өкілдеріне тіл тигізіп, қорлайтын сөздер айтқан. Сот материалында бұл сөздер қоғамдық мораль нормаларына қайшы келетіні және өзге ұлт өкілдеріне деген жеккөрушілік пен менсінбеушілікті ашық көрсететіні айтылған.

«Біз не бір ашаршылықты, қиындықты көріп, енді-енді аяққа тұрып жатырмыз. Ал сендер, с***, орыстар, бізге керексіңдер ме? Бұл жерден кетіңдер. Қазiр менi тыңдап отырған қазақтар, орыстарды оқытыңдар, өйткені олар – ақымақ, надан…» — деп айтылды сотта оқылған бейнежазба мазмұнында.

Лингвистикалық сараптама да бейнежазбаларда ұлтаралық араздық қоздыру, бір ұлтты екіншісінен төмен санау, ұлттық ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлау белгілері бар екенін растаған.

Сот барысында Жансұлу кінәсін толық мойындап, әрекетіне өкінетінін айтты. Ол сотта бұған дейінгі өмір жолын баяндап, мұндай әрекетке неліктен барғанын түсіндірген.

Оның айтуынша, Сокологоровка ауылындағы мектепте жұмыс істеген кезінде орыс әріптестері тарапынан қысым көрген. Мектеп директоры мен ата-аналардың көзқарасы да өзгеріп, кейін ол жұмыстан шығарылған. 2024 жылы Урожайное ауылына көшіп барып, мектепке педагог-психолог болып орналасқан. Кейін директор болған. Мемлекеттік тілді мектепке енгізуге талпынған соң, әріптестері мен шаруашылық меңгерушісі тарапынан қысым күшейгенін айтқан.

«Меңгеруші негізінен жұмысына салғырт қараған не ішімдік ішіп келген адамдар наразылық танытты. Мен ақыры қысымға шыдамай жұмыстан кетіп, Новоишимское ауылына көшіп бардым. Қазір аяғым ауыр, тоғызыншы айдамын», – деді ол сот алдында.

Дархамбаева қай жерде жұмыс істесе де, қазақ тілі мен қазақ ұлтына деген қысымға тап болғанын айтты. Әлеуметтік желідегі бейнежазбаларын алдын ала дайындап, кейін жүктегенін де мойындады. Сотта көпшіліктен кешірім сұрап, мұндай әрекетті қайталамайтынын мәлімдеді.

Сот үкімімен Жансұлу Дархамбаева 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда айыпталушы да, оның туыстары да үкіммен келіспей отыр. Олар бейнеүндеу жариялап, апелляциялық шағым түсірді.

«Беті қанға боялған»: Астанада бір оқушы 7 жасар баланы аяусыз сабап, мұрнын сындырған
Бишімбаев алиментті азырақ төлеу үшін мүлкін қайта рәсімдеткен – Адвокат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу