«Беті қанға боялған»: Астанада бір оқушы 7 жасар баланы аяусыз сабап, мұрнын сындырған
Оқиға 3 маусым күні Астана қаласындағы Шалкөде көшесіндегі үйдің ауласында болды. Зардап шеккен баланың анасының айтуынша, дәрігерлер баласына «мұрын сүйегі сынған» және «бетіндегі жұмсақ тіндерінің жыртылған» деген диагноз қойған. Қазір бала ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Әйелдің айтуынша, шабуылды 6-сынып оқушысы жасаған. Оқушы 7 жасар баланы аямай сабап тастаған. Анасы үйге келген сәтте баласының ес-түссіз, қансырап жатқанын көріп қатты шошыған.
«Үйге келгенімде, ұлым есін әрең біліп жатыр екен. Беті қанға боялған, қатты шошынған. Біз бірден ауруханаға бардық», — деді анасы.
Бұдан да сорақысы — оқиға болған сәтте соққыға жыққан баланың анасы куә болған, бірақ жедел жәрдем де, полиция да шақырмаған.
Зардап шеккен баланың анасы оның ешқандай көмек көрсетпегенін айтады.
Қазір отбасы қылмыстық іс қозғауды талап етіп жатыр. Бірақ олардың айтуынша, мемлекеттік органдар арызды қабылдамай, бір-біріне сілтеп отыр.
«Енді қайда барарымды да білмеймін. Бұл қиындықпен бетпе-бет жалғыз қалдық», — деді анасы.