«Қазір ол басқа жігітке тұрмысқа шыққан»: Қазпоштаның жарнамалық ролигі қызу талқыға түсті
"Қазпошта" Ұлттық пошта байланыс операторының креативті жарнамасы желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz -ке сілтеме жасап.
Жарнамалық ролик әлеуметтік желіде тарады. Кадрлардан курьердің ер адамға бұрынғы сүйіктісінен сәлемдеме әкелгенін айтып, бетінен шапалақпен екі рет ұрғанын көруге болады. Ер адам түсінбей қалып, жеткізуші ұсынған қағазға қол қояды. Сол сәтте курьер күлімсіреп “біз эмоцияларды да жеткіземіз” деп айтады.
Желі қолданушылары әзілмен жеткізілген жарнамаға түрлі пікір қалдырып жатыр.
“Қыз бұл шапалақты үш жыл бұрын сәлемдеме ретінде жіберген. Қазір ол басқа жігітке тұрмысқа шыққан. Екі баласы бар", “Қазпошта арқылы тапсырыс бергенде осындай эмоция пайда болады. Бастысы эмоцияны жеткізесіздер. Ал тауардың өзі бір жылдан кейін келеді”, “Мұндай тапсырыстың құны қанша?”, “Бастысы сәлемдемені жоғалтып алмаңыздар. Әдетте сіздерде солай ғой”, – деп жазды олар.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі “Қазпошта” ұлттық операторынан мән-жайды сұрап білді.
“Бұл – Қазпошта ұлттық операторының Threads парақшасында жарияланған ролик. Шын мәнінде Қазпоштада мұндай қызмет түрі жоқ. Ролик тек маркетингтік мақсатта жарияланған. Ролик басқа ешқайда таралмаған. 2024 жылы өткен "Самрұқ-Қазына" қорының ішкі КВН жарысына дайындалған ролик”, – делінген жауапта.
Посмотреть в Threads