Қаржылық тұрақтылыққа апарар жол: білім мен жүйелі даму
Қаржы секторы – кез келген мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен орнықты дамуының негізгі тетіктерінің бірі. Қаржы институттарының тиімді қызметі, капитал нарығының жетілуі және халықтың қаржылық сауаттылығы экономиканың жалпы өсіміне тікелей ықпал етеді. Осыған байланысты Қазақстанда қаржы секторын дамыту мен қаржылық сауаттылықты арттыру өзекті бағыт ретінде қарастырылып отыр.

Қаржы секторын дамыту бірнеше басым бағыт бойынша жүзеге асуда. Соның бірі – банктік жүйені нығайту. Сенімді әрі тұрақты банктер халықтың салымдарын тартуға және несие беру жүйесін кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда банк секторы тұрақтылығын сақтап отыр, дегенмен цифрлық банкингті дамыту мен технологиялық жаңғырту қажеттілігі сақталуда.
Капитал нарығын дамыту да маңызды бағыттардың қатарында. Акциялар мен облигациялар нарығы арқылы компаниялар инвестиция тартып, ірі жобаларды жүзеге асырады. Бұл ретте заңнамалық базаны жетілдіру және нарық инфрақұрылымын дамыту өзекті.
Сондай-ақ, қаржылық технологияларды енгізу қаржы қызметтерінің қолжетімділігін арттыруда. Мобильді қосымшалар, онлайн төлем жүйелері және цифрлық сервистер халыққа қаржылық қызметтерді жылдам әрі ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.
Соңғы бес жылда қаржы жүйесінің жиынтық активтері 74,5%-ға өсіп, жалпы ішкі өнімнің 54,5%-ын құрады. Қаржы жүйесінің құрылымында 85% үлес екінші деңгейлі банктерге тиесілі, ал қалған 15%-ын өзге қаржы институттары құрайды. Жыл басында банктердің таза пайдасы өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 15,5%-ға артты. Сарапшылар бұл өсімді банктердің жоғары капиталдануымен және 2017 жылдан бері кезең-кезеңімен енгізілген реттеу шараларымен байланыстырады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі корпоративтік секторды қолдау мақсатында тұрақты қорландыру коэффициентін 0,9 деңгейіне дейін төмендетті. Бұл шешім банктердің өтімділік деңгейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Ұлттық банкпен бірлесіп енгізілген ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктері нәтижесінде өңдеуші өнеркәсіп, электрмен жабдықтау және көлік салаларындағы 72 жобаға 220 млрд теңге бағытталды.
Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында 500 миллион теңгеге дейінгі несиелерге оңайлатылған бағалау жүйесі енгізілді. Кепілсіз кредит беру тәжірибесі мен несиелеу процесін цифрландырудың нәтижесінде бизнеске берілетін несие көлемі 35%-ға ұлғайды. 2023–2024 жылдары банктердің ақпараттық жүйелері 52 мемлекеттік сервиспен біріктірілді, бұл кәсіпкерлер үшін қаржылық қызметтерге қолжетімділікті айтарлықтай жеңілдетті.
Алдағы кезеңде кәсіпкерлерді қолдау мақсатында кепілдік қоры іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл қор шағын және орта бизнеске берілетін 3,5 млрд теңгеге дейінгі несиелердің 85%-ына кепілдік бермек. Сонымен қатар, ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін синдикатталған кредиттеу механизмі енгізіліп, қазіргі таңда бес жоба қаржыландыру кезеңіне өткен.
Қаржы секторының дамуы халықтың қаржылық сауаттылығымен тығыз байланысты. 2025 жылғы зерттеу нәтижелері бойынша қаржылық сауаттылық индексі 41,5%-ды құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы 41,2%-дан сәл жоғары және соңғы бес жылдағы тұрақты өсімді көрсетеді7 Айталық 2023 жылы – 40,5%, 2022 жылы – 40,3% болса, 2021 жылы – 39,52%, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш – 39,07%-ды құраған. Алайда бұл деңгей ТМД елдері бойынша орташа 55% көрсеткіштен төмен дейді сарапшылар.
Қаржылық сауаттылық құрылымында ең әлсіз бағыт – жеке қаржыны басқару. Бұл көрсеткіш әртүрлі зерттеулер бойынша 38,6% және 32,5% деңгейінде бағалануда. Халықтың тек 15,7%-ы табыс пен шығысты тұрақты есепке алады, 14%-ы тек негізгі қаржы ағымдарын бақылайды, ал 17%-ы мүлде қаржылық есеп жүргізбейді. Жалпы алғанда, халықтың шамамен 30%-ын ғана қаржылық тәртіпке бейім топқа жатқызуға болады.
Респонденттердің 52,3%-ы шығындарын тек қажеттілік туындағанда ғана бақылайды. Әсіресе, 22–29 жас аралығындағы жастар арасында қаржылық жоспарлау деңгейі төмен – тек 19,3%-ы ғана тұрақты бюджет жүргізеді. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқандардың 48,8%-ы қаржылық есеп жүргізу құралдарын пайдаланбайды. Қолданушылар арасында мобильді қосымшаларды 15,9%, ал электрондық кестелерді 14,7% пайдаланады.
Қаржылық мінез-құлыққа қатысты деректер де қызықты. Респонденттердің 30,2%-ы қаржылық шешімдерді өз бетінше қабылдайды, бұл көбіне 50–63 жас аралығындағы азаматтарға тән. Ал 30–49 жас аралығындағы 35,6% азамат өз қаражатын ата-анасына сеніп тапсырады. Әрбір бесінші адам табысын жұбайына береді, ал тек 18,2%-ы ғана ортақ бюджет жүргізеді.
Сонымен бірге, қаржылық алаяқтыққа қарсы білім деңгейі 52,6%-ға жетіп, ең жоғары көрсеткіштердің бірі ретінде тіркелді. Бұл халықтың цифрлық қауіптерді түсіну деңгейінің артқанын көрсетеді. Ал кредиттеу саласында респонденттердің жартысынан астамы несие шарттарын, артық төлем көлемін және төлем жүктемесін түсінеді. Дегенмен, бірнеше кредиттің болуы мен мерзімін кешіктіру тәуекелдері әлі де сақталуда.
2025 жылы қолма-қол және қолма-қол ақшасыз төлемдер арасында теңгерім қалыптасты. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді таңдаушылар үлесі 26,1%-дан 39%-ға дейін өсті, ал қолма-қол ақшаны пайдаланушылар 25,6%-дан 37,6%-ға дейін артты. Нақты таңдау жасамағандар үлесі 0,4%-ға дейін қысқарды. Жастар арасында қолма-қол ақшасыз төлемдер кең таралған (40,2%).
Қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында нақты шаралар қабылдануда. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Ұлттық банк, Оқу-ағарту министрлігі және «Өрлеу» орталығы бірлесіп мұғалімдерді оқыту бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама аясында 9 мыңнан астам педагогты қамту жоспарланған: олардың 5 мыңнан астамы өткен жылы, ал шамамен 4 мыңы биыл білім алуда. Қостанай облысында ғана 2025 жылдың күзінде 250 мұғалім оқытылды.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасы да өз жемісін бергенін айта кеткен жөн. «Қарызсыз Қоғам» -«AMANAT» партиясының басты әлеуметтік жобасына айналып, талай қазақстандықтардың қаржылық сауатын жоғарылатты. Жоба 2023 жылдың 2 мамырында жұмысын бастады. Деректерге сәйкес жоба аясында 2024 жылы 780 000 адам тегін қаржылық сауаттылық бойынша оқытудан өткен. Сонымен қатар, 100 000-нан астам тегін заңгерлік кеңес берілді. Ал өткен жылы жобаға 22 200 азамат тартылып, несие төлемі 90 күннен астам мер¬зім¬ге кешіктірілген тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсетілді. Бұл «E» және «D» санатындағы азаматтар екенін айта кетейік.
Үкімет халықтың қаржылық сауаттылығын артыру бағытында бір ғана жобамен тоқталып қалған жоқ. Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанда AqylTech және IT-Aiel онлайн-білім беру бағдарламалары өз жұмысын бастады. Бұл бастамалар жастар мен әйелдердің қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Жобалар мемлекеттік органдар мен серіктес ұйымдардың қолдауымен жүзеге асырылып, қатысушыларға жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және цифрлық экономика салаларында жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.
IT-Aiel бағдарламасы әйелдердің цифрлық мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Ал AqylTech бағдарламасы жастарға арналған. Ол еліміздің барлық өңіріндегі жастарды қамтып, қаржылық сауаттылықты арттыру, қарыз жүктемесін азайту және жасанды интеллект құралдары арқылы табыс табу дағдыларын қалыптастыруды мақсат етеді. Статистика бойынша, жастардың 40%-ы жеке қаржысын басқаруда қиындық көреді, ал 20%-дан астамынының мерзімі өткен қарызы бар.
Бағдарламалар аясында қатысушылар автоматтандыру, AI-видеопродакшн, промпт-инженерлік және қосымша әзірлеу сияқты заманауи бағыттарды меңгереді. Сонымен қатар қаржылық жоспарлау, табысты басқару және киберқауіпсіздік негіздері оқытылады.
Оқуды аяқтағаннан кейін қатысушылар жаңа мамандық игеріп, фрилансқа шығуға, онлайн-бизнес ашуға және қаржылық тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік алады.
Жалпы алғанда, қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығы біртіндеп артып келеді.
Қаржылық сауаттылық – жеке адамның табысын тиімді басқару, шығындарын жоспарлау және болашаққа қаржы жинау қабілетін білдіретін маңызды дағды. Қазіргі заманда қаржыны дұрыс пайдалану тек экономикалық тұрақтылықтың ғана емес, сонымен қатар өмір сапасының да негізгі көрсеткішіне айналды.
Бүгінде қаржылық сауаттылықты арттыру – қоғам үшін өзекті мәселе. Себебі халықтың бұл бағыттағы білім деңгейі экономиканың дамуына тікелей әсер етеді. Қарапайым қаржылық жоспар құру, бюджет жүргізу және үнемдеу әдетін қалыптастыру – әр адам үшін маңызды қадам.
Қаржылық сауатты адам өз табысын есептеп, артық шығындарға жол бермейді, қарызды жауапкершілікпен алады және жинақтаудың маңызын түсінеді. Сонымен қатар ол инвестиция, сақтандыру және банк өнімдері туралы базалық білімге ие болады. Мұндай дағдылар күтпеген жағдайларда қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі.
Қаржылық сауаттылық – табысты өмірдің негізі. Оны ерте жастан қалыптастыру арқылы адам өз болашағын сенімді түрде жоспарлап, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізе алады.
Қаржы секторы мен халықтың қаржылық сауаттылығының дамуы өзара байланысты. Қазақстан үшін бұл бағыттағы тиімді саясат экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Тек кешенді және жүйелі тәсіл ғана қаржы жүйесінің тиімділігін арттырып, халықтың қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтеді.


