ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ: НАҚТЫ ҚАДАМДАР ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

Oinet.kz 28-03-2026

«AMANAT» партиясынан сайланған Түркістан облыстық мәслихатының  депутаты ретінде бүгін  Төле би ауданында кезекті қоғамдық қабылдауды өткіздім. Мәслихаттағы әріптесім Ханай Әшірбековпен бірлесіп өткізген ашық қабылдауға   Ленгір   қаласының әкімі Мақсат Жұмабаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрбаева, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Рабиға Бейсебаева және осы бөлімдердегі  жауапты мамандар қатысты. 

Screenshot_2.jpg

"АMANAT" партиясының Төле би аудандық филиалында өткен қоғамдық қабылдауға келген Ленгір қаласының тұрғыны Малика Жұманова 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі  перзенті барын, соған мемлекет тарапынан берілетін көмекке қол жеткізе алмай жүргеніне шағымданды. Осы мәселенің оңтайлы шешілуі үшін сол мезетте бірқатар лауазымды тұлғалармен тікелей тілдесіп көмек көрсетілетін бағыт-бағдар берілді. 

Ленгір қаласының тұрғыны Дариха Әбуталипова бірнеше көршісімен бірге қыс бойы табиғи газдың  берілу сапасы мардымсыздығынан ақыры азапқа шыдамай өзі басқа жаққа көшіп кету себебін кеңінен түсіндірді. Сөйте тұра газдың ай сайынғы төлемақысы тым жоғары екен. Газдың жеткілікті берілуіне оң септігін тигізетін үш нұсқаны ойластық.

Тасарық ауылының бір топ тұрғынын бастап келген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрхан Молдабеков елді мекендегі балабақшаның тозығы жеткенін алға тартып, оны жөндеуден  өткізуге бюджеттен қаржы бөлгізуге ықпал етуді сұрады.  

Screenshot_1.jpg

Қасқасу ауылдық округінің тұрғыны Момбек Батыров та Бексейіт Түлкиев атындағы мектепті ағымдағы жөндеуден өткізуге бюджеттен  қаражат  бөлдіру мүмкіндігін қарастыруды өтінді. Аудандағы жөндеуді қажет ететін басқа мектептер  мен балабақшаларға  байланысты мәселелердің қайсысын бірінші кезекте шешу туралы тақырыпты  аудандық білім бөлімінің басшысы  Шұға Нұрбаевамен және жауапты мамандармен  егжей-тегжейлі талқыладық.  

Ал Төле би аудандық мәслихатының депутаты Исағали  Әшірбеков  Жаңажол ауылындағы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі бірнеше  жылдан  бері шешімін таппай келе жатқанына тоқталып, осы түйіткілді шешу үшін бюджеттен қаржы бөлу қажеттігін назарға алуды ұсынды.  Қоғамдық қабылдау барысында айтылған өтініштер мен шағымдар алдағы уақытта зерттеліп-зерделенетін, оң шешімін табу бағытында жан-жақты жұмыстар  жүргізілетін  болады.  

Ғалымжан Елшібай,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты

2294 оқушының конситуциялық құқығын бұзған мектептер жазаланды
ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАУ, КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРҒА ҚАТЫСТЫ ҚЫЛМЫС, ЖҰМЫССЫЗДЫҚ АЗАЙМАУ СЫРЫ НЕДЕ?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу