«13 жыл жәбірлеген»: Күйеуінен қорлық көрген көпбалалы әйелдің тағдыры

Oinet.kz 08-04-2020

Алматыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығы карантин кезінде де жұмыс істеп тұр. Елдегі қиын жағдайға қарамастан орталық қызметкерлері отбасында жәбір көрген жандарға құшағын айқара ашуда. KAZ.NUR.KZ орталықтағы бірнеше кейіпкердің өмір тарихын назарларыңызға ұсынады. 

408a97ac5ccfc89f.jpg

Психолог Салтанат Маусейітованың айтуынша, қорлық көргендердің басым бөлігі – кішкентайынан түрлі зорлық-зомбылыққа ұшырап, күйеулеріне экономикалық тұрғыдан тәуелді болған және қатарынан төрт-бес баланы дүниеге әкелген көпбалалы аналар. 

«Біздің орталыққа Қазақстаннан ғана емес, көрші елдерден де бас сауғалап келетіндер көп. Келіншектердің көпшілігінде жеке құжаты жоқ. Күйеулері үйден қуып жіберіп, барлық қажетті құжаттарды алып қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Біздің орталыққа келгендер мұнда алты ай тұра алады және әлеуметтік көмектің сегіз түрін алуға құқылы. Әйел адамдар төрт түрлі зорлық көреді: физикалық, психологиялық, экономикалық және сексуалды. Өкінішке қарай, орталыққа келетіндердің басым бөлігінде осы белгілердің барлығы кездеседі», - дейді психолог маман. 

Салтанат Маратқызы күйеуінен ғана емес, ата-анасынан немесе туған балаларынан қысым көретіндердің де көп екенін жасырмады. 

«Ата-анасынан қысым көретін жас келіншектер бар. Олар күйеуінен ажырасып, бала-шағасымен бірге оң босаған қайтып келгендер. Әрине, қайта келген қыздың ауыртпалығы көп болады. Сол себепті, түрлі айғай-шуға себеп табылады. Қазір орталықта жасы 70-тен асқан әжей бар. Ол өзінің туған ұлдарынан зорлық көріп, бізді паналап отыр. Яғни, бізге келетіндердің 20-25 пайызы ата-анасына немесе балаларына шағым түсіреді», - дейді ол. 

Әйелдердің ер адам тарапынан қысымға ұшырап, зорлық-зомбылыққа мойынсұнуына себеп көп. Соның бірі – әйелдің экономикалық тұрғыдан тәуелді болуы. 

«Мысалы, төрт бала босанған әйелді айталық. Ол кем дегенде он жыл декретте отырып, жұмыс істемеген. Көпбалалы отбасыда әйелдің рөлі үлкен, бірақ еріне экономикалық тұрғыдан тәуелді болған соң күйеуі көрсеткен қорлыққа шыдап бағады. Бүгінгі таңда біздің орталықта бес балалы әйел бар. Ол күйеуімен отасқан 13 жыл ішінде қиындықтың неше атасын көріп келген. Балаларын анасына қарсы қояды, балағаттайды, жәбірлейді. Онымен қоймай, осы айда екінші әйел алып, үйге бөтен келіншекті әкеліп қойған. Біз шамамыз келгенше әлгі әйелге көмек көрсетіп жатырмыз. Сонымен қатар, бала кезінде ата-анасынан жәбір көрген әйелдер де бізде жиі кездеседі. Зәбір көрушілер нәсілге, ұлтқа бөлінбейді. Соны да ұмытпау керек», - дейді Салтанат Маусейітова. 

Бүгін Геннадий Головкиннің туған күні
«Көп әншілерде каприз болады» Танымал режиссер Бесбаев туралы шындықты айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×