Тәуелсіздік мерекесін әлем елдері қалай атап өтіп жүр?

Oinet.kz 18-03-2019 1303

Screenshot_8.jpg

Мәскеудің «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» өмір сүріп келген одақтас республикалар ешқашан мызғымастай есептелген КСРО тараған соң  еншісін алып, егеменді ел атанды.  Бүгінде еншісі бөлек отау тіккен мемлекеттер Тәуелсіздік  мерекесін қалай  атап өтетінін айтсақ дейміз. Сол мемлекеттердің әрқайсысы маңызы айрықша мерекеге әрқилы көңіл бөлетіндіктен бірқатары жайлы  қысқаша ақпарат бермекпіз. 

Литва биыл Тәуелсіздіктің 21 жылдығын тойлауда. 1990 жылы осы елдің Жоғарғы кеңесі Литваның суверенді құқықтарын қалпына келтіруді дауысқа салып, бұл бастама бірауыздан қолдау тапты. Балтық теңізінің жағалауында орналасқан бұл ел еркіндікті көп жыл бойы аңсап келді. Аңсамай қайтсін,  1940 жылы Кеңес одағы оккупациялады. Отан соғысы жылдарында ел аумағы немістердің қарамағына өтіп, 1944 жылы Мәскеудің билігі қайта орнайды. Компартия билеп-төстеп тұрған заманда Литвада партизандық қозғалыстар тәуелсіздік жолында белсенді әрекетке көшті. 1944-1952 жылдар аралығында 100  мыңға жуық литвалық партизандар совет режиміне қарсы күресті. Бірақ, бұл қозғалыс аяусыз басып жаншылып, 30 мыңнан астам адам өлтірілді. Азаттық үшін күрес тұншықтырылғанымен миллиондаған литвалықтар іштей компартияға қарсылығын сақтап жүрді. Қайта құру кезеңі басталып, партия билігі  әлсірей бастаған сәтте советтік  республикалардың ішінде алғашқылардың бірі болып өз тәуелсіздігін жариялап, арнайы  декларация қабылдауға асықты. 

 Бірақ, бүгінде Литва халқының тең жартысы Тәуелсіздік мерекесін мүлдем тойламайды. Оның себебі мынада: ел тұрғындарының  45 пайызын орыс ұлтының өкілдері құрайды. Олар керісінше мейрамды алаңдаумен өткізеді. Базбір орыс сарапшылары «Литвада Тәуелсіздік күні неоназим күніне айналып барады» деп пікір білдірді. Шынында да бұл күні  көшелерде свастика бейнеленген жаулалар көбейе түседі.  Есесіне Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнін латвиялықтардың небәрі 6 пайызы тойлайды.

Украианада Тәуелсіздік күнін тойлау тым саясиланып кеткен. Осы күні билік те, оппозиция да патриоттығын көрсетуге  ұмтылып, Киевтің орталық майданына қарай мыңдаған жақтастарын шығарады. Қарсылас жақтар бір жерде жолыққан соң тыныштық қайдан сақталсын? Тәртіпті бақылау мақсатында алаңға милиция жасақтары шығарылады. Биыл  24 тамыз күні экс-премьер министр Юлия Тимошенконың жанкүйерлері алаңға қарай ағылды. Атышулы саясаткер қазір абақтыда отырғандықтан, оның жақтастары Тимошенконы  босатуды талап етуде. Шенеуніктер мен оппозиция өкілдерінің кездесетін жері – Тарас Бульба  ескерткішінің маңы. Оппозиция күштерінің көптеп шоғырланғанына қарамастан мемлекет басшысы Виктор Янукович те Тәуелсіздік күні орталық алаңда төбе көрсетті.

Белоруссияда Тәуелсіздік мерекесінің өз ерекшелігі бар. 18-19 ғасырларда  Ресей, Польша мен Литваға тәуелді болып келген Белоруссияда «біз тәуелсіз мемлекет болуымыз керек» деген ұран алғаш рет 1917 жылы тасталды. 1918 жылы наурыз айында Белоруссия халық республикасы құрылғаны мәлімделгенімен, ел аумағында орналасқан неміс әскері оны мойындамады. 1919 жылы немістер  Белоруссиядан қуылып, большевиктердің көмегімен Белоруссия ССР-ы орнады.

1995 жылға дейін белорустар Тәуелсіздік мерекесін 27 шілде – Декларация қабылданған күні  тойлап келді. Бірақ, неге екені белгісіз,  бұл дата Лукашенкоға ұнамай, ақыры 1996 жылы мейрамды басқа күнге ауыстыру жайлы референдум өтті. Сөйтіп, айтулы мереке  3 шілде күні тойланатын болды. Бұл күні 1944 жылы ел астанасы Минск фашистік әскерлерден аза етілген екен. Еуроодақ референдумның нәтижесін мойындамады. Бірақ бұған бас қатыратын Лукашенко ма? Тәуелсіздік күнінде  орталық алаңда әскери шеру ұйымдастырылады. 

Әзірбайжанда бұл мейрам  Тәуелсіздіктің қалпына келтірілген күні деп аталады. 20 жыл бұрын қабылданған  Декларацияда тура осылай жазылған. Оның себебі, 20-ғасырдың басында әзірбайжандар тәуелсіздікті жариялап қойған еді. 1918 жылы Әзірбайжан Демократиялық республикасы құрылып, мұсылман  әлеміндегі тұңғыш демократиялық әрі зайырлы ел атанды.  Бірақ, 1920 жылы КСРО-ның құрамына кіріп, егемендігінен айырылды. 1991 жылы Әзірбайжанда референдум өтіп, халық бірауыздан тәуелсіздікті қалады. Дегенмен, тәуелсіздікпен бірге Кавказ аймағына үлкен жанжалдар да келді. Әзірбайжан мен Арменияның арасындағы Таулы Қарабақ дауы 20 жылдан бері шешілмей келе жатыр. Сондықтан, Тәуелсіздік күні Бакуде міндетті түрде әскери шеру өткізіледі.  Жуырда маңызды мемлекеттік жиында ел президенті Ильхам Әлиев «Қарабақ провинциясын міндетті түрде қайтарамыз.  Биыл Әзірбайжанның әскери бюджеті 3,3 миллиард долларды құрап,  Арменияның бүкіл мемлекеттік бюджетінен асып түсті. Біз қаржыны бірінші кезекте әскери мақсатта жұмсаймыз. Біздің  жерлер азат етілмейінше осылай бола бермек» деп  қатулы мәлімдеме жасады.

Ресей ше?  Солтүстіктегі көршіміз Тәуелсіздік күнін тойламайды. Ресейліктер «тәуелсіздікті тойлайтындай біз ешкімнің боданында болмағанбыз» деп кеудесін керетін көрінеді. Әйткенмен, мұнда бір гәп бар. Тәуелсіздік күні мерекесін әлемде атап өтпейтін мемлекет кемде-кем, тіпті азуын айға білеген алпауыт Америка да осы күнді тойлайтындықтан, Кремль мейрамның баламасын іздеп  көп ойланды. Ақыры түк таппаған соң 12 маусым – Ресей күні деп бекітілді.  Онда да 2001 жылға дейін оның ресми атауы «Суверенитет жайлы декларацияның қабылданған күні» делініп келді. Базбір депутаттар  «12 маусым - траур күні» деп ашық айтып жүр. Шын мәнінде  ресейліктер Ресей күнін тойлап та қатырмайды. Көпшілік үшін бұл жұмысқа шықпаудың жақсы сылтауы ғана. Арнайы жүргізілген сауалнама көрсеткендей, бүгінде ресейліктердің 43 пайызы оның қандай мейрам екенін дұрыстап ажырата алмай, Тәуелсіздік күні деп шатастырып жүр. Бұл шатасу кездейсоқ емес секілді. Себебі тағы бір сауалнама көрсеткендей, Ресей халқының үштен бір бөлігі бұрынғы Кеңес одағын аңсаумен келеді екен. Тіпті  егемендікке  ұмтылып, сонау 1990 жылы арнайы Декларация қабылдап, осының арқасында мемлекет басшылығына келген Борис Ельциннің өзі Ресей президенті бола тұра 1996 жылғы  бір сұхбатында «Беловежье келісіміне бекер қол қойыппын» деп өкініпті. Ал 2005 жылы Владимир Путин «КСРО-ның ыдырауы – 20-ғасырдағы ең үлкен геополитикалық катастрофа, ал орыс халқы үшін нағыз драма» деген баға беруінің астарында көп мән жатыр.

Қалай дегенмен де, билік  Ресей күнін елеусіз қалдырмауға тырысады. Қызыл алаңда арнайы концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, президенттің Ресей халқына арнаған сөзі телеарналар арқылы таралады.

Дерек пен дәйек

Американдықтар 4 шілде – Тәуелсіздік күнін 1776 жылдан бері тойлап келе  жатыр. Англия корольдығына тәуелділіктен  құтылған осы күнді АҚШ-тың екінші президенті Джон Адамс кең көлемде, түрлі жарыстар және  шерулермен, музыкалық қойылымдармен өткізу жайлы өсиет қалдырып кеткен. Мереке күні миллиондаған отбасы пикник пен барбекю ұйымдастырып,  табиғат аясына ұмтылады. Сондай-ақ, АҚШ азаматтары бір-біріне түрлі құттықтау хаттары мен открыткалар жіберіп, жалаушаларды сыйлайды.

Кезінде Норвегия мен Данияның құрамында болған Исландияда Тәуелсіздік мерекесінде көшеге түрлі оркестрлердің, сондай-ақ пони аттарына мінген бойскауттардың қатысуымен шерулер ұйымдастырылады.

Тәуелсіздік жайлы шығармалар мен өлеңдер
Алдар Көсенің кезекті хикаясы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу