Сағындырған Сары қыз...

Oinet.kz 13-05-2021 1430

Отбасы ауқымынан шығып кеткен ұрпақ тәрбиесімен қоғам боп айналысатын дәрежеге жеттік. Аталар, әжелер, ата-аналар секілді сансыз кеңестер соның айғағы. Әрине, аталған кеңестердің жұмыстарын ешкім жоққа шығара алмас. Дегенмен, бұл мәжбүрлі міндет, амалсыздықтан туған тірлік. Әйтпесе, өз ата-анасынан тәлім алмаған перзентті кеңестің көмегімен түзеу оңай ма? Осындайда баланы бағудан бастап, бауырмен, ағайынмен, абысын-ажынмен қалай қарым-қатынас жасаудың үлгісін көрсетіп, санамызға сіңірген әпкем есіме түседі. Бір өзі бір тәлім-тәрбие институтына татитын, өз әулетінің ғана емес, елдің анасы атанған Сарықасқа атты Салықбектің Сары қызының бақилық болғанына да жылға жуықтады... 

Screenshot_10.jpg

Өткен ғасырдың 30-жылдары қылышынан қан тамған қызылдар ауқаттылардың бәрін бай-кулакқа балап, қуғын-сүргінге ұшырата бастағанда бас сауғалаған Сағымбек атамыз шекара асып кеткен. Мал-мүлкін қорғап емес, ұрпағын жетімсіретпеуді ойлаған. Өйткені ол әкеден 7 жасында жетім қалған. Ал, өз кіндігінен өрбіген Құдайдың берген 7-8 ұл-қызы болған. Солай Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінде Ауғанстанға дейінгі аралықты паналап, 1946 жылға шейін көшіп-қонып жүргенде атамыздың тұңғыш немересі Рахия әпкеміз 1936 жылы Самарқанд маңындағы ауылда дүниеге келген. Анамыз 17 жасында босаныпты. Әкеміз айтып отыратын еді, «Рахия басқалар сияқты емес, 7 айда жүріп кеткен» деп. Анамыз өзінің қызының атын атамайтын. «Сары қыз» дейтін... Бұл атасына, тұңғыш немереге деген құрмет, үлкен тәрбие. 

Әпкеміз 10 жасқа келгенде Сағымбек атамыз ас-ауқатын кемпіріне емес, алғашқы немересіне сеніп тапсырған. Бала-шағасын, немерелерін тамақтан тарықтырмаған. Бірақ, өзі тамақтанған кезде әпкеміз шайын құйып, тамағын дайындап қасында отырады екен. Атамыз әжемізге шай құйғызбай қойған. Әпкемізге үлкен сеніммен, жасы кішкентай болса да аса жауапкершілікпен қараған. Солай ол ерте шаруаға, еңбекке араласқан. 

Салыбек әкеміз бен Балыбек көкеміздің еңбекке баулуымен өскен бізге – іні-сіңлілеріне әпкеміз үлкен құрметпен, тәлім-тәрбиесімен үлгі бола білді. Тұрмыс құрып кеткен соң да қыздарының төркіндеп келуін әке-шешеміз халықаралық деңгейдегі делегацияны күткендей қарсы алатын. Әлі есімде, пәлен уақытта келеді деген хабар келеді. Біздің үйде әр қыздың астына төсейтін көрпе-жастығы болатын. Оларды әке-шешелеріміз еш уақытта біздің астымызға салмайтын. «Сары қызымның көрпешесі, оған тиісуге болмайды» дейтін. 

Әпкеміздің 13 жасында анамыз сіңлісі Бибісараны дүниеге әкеледі. Екі күннен кейін әкеміздің 25 жасар інісі кенеттен қайтыс болып, шешеміз «Менің арыстай қайным қайтыс болып жатқанда шақалаққа қарамай-ақ қояйын» деп, белін буып, үлкен үйде келім-кетім кісілерді күтіп, қырқына дейін өз шаңырағына бас сұқпаған екен. Сонда нәрестесін екі-ақ күн емізіпті. 13 жасар қыз шақалақ сіңлісіне бірінші күннен бастап қарап, өзі қырқынан шығарған. Айтып отыратын, «Түйе сауамын, сүтін ерніме құйып беремін. Сіңлім соны сорады. Сөйтіп қырқынан шығардым. Қыстың күні еді, жер ошаққа қурай әкеп жағып, күніге шомылдырып майлайтынмын. Кейін көкеміздің қырқы өтіп, адам аяғы саябырсығаннан соң үлкен әжеміз келіп қарады» дейді. «Мына үйде бір шақалақ дүниеге келген еді, аман ба екен?» деп кірген ғой. Сөйтсе кішкентай қыз топ-томпақ болып майланып жатыр екен. Қарап тұрып айтады дейді, «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық»деп.

Әпкеміз 5 ұл, 4 қызды дүниеге әкелді. Совет Одағының алтын құрсақты анасы атанды. Бірақ, «менің балама неге пособие бермейсіңдер?» деп айтпапты. Ұл-қыздарының барлығын еңбекке баулыды. Аралары екі-үш жас болса да «тәте», «әпке», «сіз» дегізіп, тәрбиелеп өсірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ешкімнен кем қылмады. Тәуелсіз еліміздің 29 немере, 20 шөбере сүйген ақ самайлы әжесі еді...

Әкеміз Салыбек елге «Сарықасқа» атымен кеңірек танылған. Сол атқа екі-ақ адамға жем-шөбін, суын беруге рұқсат берілген, иесі – әкемізге, екіншісі – әпкемізге. Себебі «Сарықасқаға» қандай бап, жағдай жасау керектігін екі адам ғана біледі. Аттың ерекшелігі – өзінің астына ешқашан суын, зәрін төкпеген. Сыртқа шыққысы келсе, кісінейді. Осының бәрін 16 жасар қыз білетін. 

Әпкеміз қиыншылықтың ең ауырын көргенін айтушы еді. Бірақ, сол қиыншылыққа келдім-ау,жағдайым болмай жатыр-ау деп күйеуіне міндет қылып, барған жерінен бір дыбыс шықпаған екен. Үлкен ағаларым әзілдеп жездемізге айтатын еді, «Әй, Ордабек! Ең болмаса бір рет біздің Сары қызды ұрып, көзін көгертіп, бала-шағасымен төркіндетіп жібермедің-ау. Іздеушісі болып барып, сені бір тоқпақтай алмай кететін болдық қой, өмірден» дейтін. 

Жаңадан шаңырақ көтергенде жездемізді әскерге алып кетіп қалыпты. Шақалағымен қалған әпкемізді «сендер бөлек үйсіңдер» деп жеке шығарады. Сондағы баспанасы қазіргі тілмен айтқанда төбесі түскелі тұрған біреудің тауықханасы екен. Соның бәрін тазартып, әктеп, мойымай тіршілігін жалғастырған. Бір рет те төркініне «жағдайым қиын болып жатыр» демеген екен. 

Жездеміздің үлкен ағасы екінші рет шаңырақ көтерді. Қайынағасының келіншегі әпкеміздің абысыны болады ғой. Дегенмен, екеуінің арасы 13 жас. Сонда жаңа түскен келіншекпен жолығып қалса, жасы үлкен болса да иіліп сәлем салып, қызмет қылады. Бұл – ұлттың қасиеті! Бірақ, бүгінде осы қасиеттен айырылып қалған сияқтымыз. 

Ұл-қыздары өскен соң әпкем мен жездем бір ғана мақсат қойды. Ол –  балаларды оқыту, сауатты қылу. Оқуға жол-күресін тауып беру үшін Ташкенттің Алай базарына артынып-тартынып барып, киіз-кілем сататын. Сөйткен перзенттерінің барлығының қызықшылығын көріп кетті. 

«Бала-шағамды жетілдірем, оқытам деп, мыңдап күрке тауық бақтым» дейтін. Жыл сайын. Ешкімнен көмек сұрамай-ақ, қазіргідей кредит алмай-ақ, Мырзакент маңын мекендегенде мыңдап күрке тауық бағып, оны Ташкентке апарып сатып, бала-шағасынның киім-кешегін бүтіндеп жетілдірді. 9 баласының барлығын еңбекке баулыды. Тауық, қозы, бұзау бақтырды, бау-бақша ектірді, нан жаптырды, тамақ істеткізді...  Өмірдің уақытша қиындықтарына ешқайсысы мойымады.

Біздің әкеміздің қарындасы бар еді. Оның атын «Қара қыз» деп атап кеткен. Рахия әпкеміз – «Сары қыз». Сонда журналист нағашым айтатын еді, «Қара қыз бен Сары қыз мықты. Сырдың арғы жағына барса – Қоңыратты, бергі жағына келсе Дулатты билейді» деп. 

Ең үлкен әпкеміз Рахия Салыбекқызын арулап Жер-Анаға тапсырғанымызға да жыл өте шығыпты. Бізге Құдай осындай жылы естеліктермен бөлісуді жазған екен. Әйтпесе, бауырға деген сағынышымды сөзбен айтып жеткізудің жөні тым бөлек. Ендігі амалымыз Құран бағыштау ғана... Алланың ісіне амал бар ма?!

Мекенің жәннаттан болсын, Сарықасқа атты Салыбектің Сары қызы!

Болатхан САҒЫМБЕКОВ

Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйенерге жарар ол (Мұхит Әлі жайлы)
Соғыстан келген соңғы хат!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу