Жұлдыз неге қайыршы?

Oinet.kz 22-04-2019 1105

Screenshot_34.jpg

«Шешем қатты ауырып жатыр, дәрі алуға көмектесіңізші!». Жыларман дауыс. Таныс дауыс. Артыма жалт қарадым.  Дүкен есігін сығалаған қыз мені көре сала  тұра қашты.  Осымен үшінші рет. Өткенде мешіттің алдында жүргенін көріп, «сол ма, басқа ма?» деп сырттай топшылағам. Шешесіне телефон соғып едім, кәдімгідей ренжіп, біраз ауыр сөздер айтып тастады. Онысына шүкірлік дескем. 

Астананың шетіндегі сүрілетін ескі саяжайдың бірін жалдап тұрған бұл  отбасымен  қысты күні таныстым. Мені бұл үйге жетектеп келген «көшеде  қайыр тілеген кішкентай қыз шешесін және алты бауырын бағып отыр» деген сөз еді. Бесінші сынып оқушысы Жұлдыздың үйіне келер жолын төрт күн тостым. Сабағы түстен кейін екен, кешкі 7-де үйінде болуы тиіс Жұлдыз түнгі онға дейін есік алдында  күттіртіп, ұстатпады. Оннан кейін күтуге  шыдам жетпеді. Сосын, сенбі күні шешесіне ескертіп телефон соқпастан, ертелетіп үйіне кіріп бардым. Алдымнан жалаң аяқ, жалаң бұт, кір қожалақ, тәй-тәй басқан, тілі әлі шықпаған кішкентай қыз бала шықты. 

Кіре берістегі пештің іші де, сырты да бықсып тұр. Үстіндегі қақпағы жоқ шағын қазан түбінде көмірдей қарайып күйген «вермишельдің» қалдығы. Жуылмаған ыдыс-аяқ пештің екі жақтауын қалың қардай басып алыпты. Бірінші қабаттағы жалғыз бөлмедегі  дастарханның үсті жылан жалағандай, түк жоқ. Едені ағашсыз болса керек, төселген кілем, паластар дым тартқан. Ескі «матрацтан» өзге «мебель» жоқ. Екінші қабатқа бастайтын баспалдақтың ортасынан үш баланың төбесі көрініп, жоғарғы жақтағы шешесіне біреңе айтып жатты. 

Өзін «Жұлдыздың сіңлісімін»деп таныстырған Сараға жалаңбұт, жалаңаяқ қызды киіндіруін сұрадым. «Памперсі жоқ, киімін былғап тастайды, ол осылай жүре береді» деді жымиып. Осы аралықта басқалары да төмен түсіп, бәрі жалғыз «диванға» жайғасып, назарларын маған аударды. 

Қырықтан жаңа асқан Сәуленің 7 баласы бар екен. Үшеуі бірінші, төртеуі екінші күйеуінен. Айтуынша, екі күйеуі де ішіп, қаңғып кеткен. Бір тиын пайдалары жоқ. Ұлдың үлкені былтыр мектеп бітіріп, қара жұмысқа кіріскен. Одан кейінгі қыз тоғызыншы сыныптан соң базар жағалап, жұмыс істеп жүр. Үшіншісі - мен іздеген Жұлдыз. Кенже қыз емшекте. Жалаң аяқ, жалаң бұт жүрген оның тетелес әпкесі. Ортадағы бір бала мен бір қыз мектепте. Сәуле көп балалы ана ретінде де, жаңа туған балаларына да жәрдемақы мен жөргекпұл алып көрмеген. Себебі, қарапайым. Балаларының бірде біреуінде құжат жоқ. «Кезінде ауылда қамсыз жүре беріптік» дейді күлімдеп. Түркістаннан Астанаға көшіп келгелі екі жыл. Өзі құрылыс  басында ыдыс жуып, аспазшыға көмекші болып істегем дейді. Баспананы жалдауға қажетті 20 мың теңге үлкен ұлдың мойнында. Жұлдызды сөзге тарттым. Былтыр күннің суығында шешесіне айтпай, көшеге шығып кетіпті. Сөйтіп, дүкен алдында қайыр сұрай бастаған. Бірінші күні тапқан мың жарым теңгесіне екі сіңлісіне «каша» сатып алыпты. «Екеуі жылай берген соң шыдай алмадым» дейді өзі.

–Қайыр сұрағанда қорыққан жоқсың ба?

- Жоқ!

- Неге қайыр сұрадың?

- Қарным ашты, бірдеңе жегім келді!

- Қайыр сұрауға болады деп саған кім айтты?

- Ешкім.

- Адамдар ұрыспай ма?

- Әрқалай! 

- Ақшаны оңай бере ме?

- Кейбірі береді. Кейбірі бермейді. Ұстап алатындар да бар.

- Не үшін?

- Бұрын біреу ұстап алып, үйге әкелді. Сосын мамаммен сөйлесті. 

Сәуле:

– Ол Нұрлан деген жігіт екен. Жағдайымызды көріп, бәрін сұрап шықты. Сосын,  ертесі күні «продукты» мен киім әкеп тастады. Балаларды тіркетіп, құжаттарын жасауға көмектесіп жүр. Үлкен ұл мен қыз Түркістанға бір қағаз үшін кетті, соны алып келсе, осында тіркеуге тұрып, жәрдемақы аламыз.

- Басқа көмектесіп тұратын адамдар бар ма?

- Нұрланнан, оның қасындағы Ескендірден естідік деп азын-аулақ қол ұшын созатындар бар. 

- Жұлдыз, қазір де көшеге шығып жүрсің бе?

- Жоқ!

- Бұрын шыққанда мектептегі оқушылар танып қояды деп ұялмадың ба?

- Жоқ! 

- Мектепте достарың көп пе?

- Көп! 

- Сен көшеге шығып, қайыр сұрағанда мамаң ұрысты ма?

- Телефон алып келгенде ұрысты.

- Қандай телефон?

- Ұялы телефон сатып алғам,  сөйтсем ол істемейді екен. 

- Оған ақшаны қайдан алдың?

- Көшеден сұрап алдым!

- Қанша теңге жинап едің?

- Бес мың!

- Сен көшеде жүргенде полиция ұстамай ма?

- Бір рет ұстап алған.

- Не үшін?

Әңгімеге шешесі араласты. 

- Мешітте жүргенде ұстап әкеткен. Маған айтпай сол жаққа кетіп қалыпты. Көшеде бір баламен танысыпты. Сол бала мешітте кісі қалтасына түскен екен. Онысы байқалып қалғанда ақшасын осы қыздың қолына ұстатып, өзі қашып кеткен. Бұл ұсталып қалған. 

- Демек, полиция есебінде тұр ғой? 

- Оның алдында тұрып қойғанбыз.

- Қалай?

- Осындағы көршіміз «стукаштап сдават» еткен.

- ?

- Мен жұмыста жүргенде мына екі қыз көршінің күл төккен жеріне барып, ойыншық іздепті. Соны көрген көрші полицияға звондаған. 

- Содан?

- Екеуін алып кетіп, қала сыртындағы қаңғыбастардың орталығына апарып тастапты. Екі апта жатты. 

- Қорқып, шошынған жоқ па?

- Қайдағы, керісінше,  «кетпейміз» деп жылады. «Мұндай тап-таза жерді көрген емеспіз» деп, кеткілері келмеді. Ол жердің тамағы дайын ғой. 

Сөзге құлақ түріп отырған Жұлдыздың сіңлісі Құндызға сұрақ қойдым.

- Құндыз, ол жерде басқа саған не ұнады?

- Телевизор көруге болады.

- Үйде телевизор жоқ па?

- Жоқ!

- Қазір сенің ойыншығың бар ма? Немен ойнайсың?

- Ойыншығым жоқ. Мектепке барғанда кейде достарым телефондарын береді, соны ойнаймын. 

- Ал, Астанада саған қай жер ұнайды? «Бәйтерек», «Керуенге» бардың ба?

- Мешіттің іші ұнайды

- Неге?

- Әпкем сенбі күні сонда апарып тастап кетеді. Екінші «этажы» жып-жылы, кешке дейін сонда отырамыз. 

Құндыздың бұл сөзін шешесі естімегендей отыра берді. Жалаңаш жүрген қыз бастап, басқалары қоштап күрсілдей жөтеле жөнелді. «Бронхит» деді шешесі самарқау ғана. 

–Жұлдыз, мектепте саған қандай сабақ ұнайды?

- Барлығы.

- Өскенде кім болғың келеді?

- Боксер.

- Неге?

- Олар ақшаны көп табады.

- Қазір саған біреу көп ақша берсе, не істер едің?

- Мамама берер едім.

- Ал өзіңе не алар едің?

- ... Көп ақша ешкім бермейді!

- Ал, берсе ше?

- Мамама берер едім.

- Кафеге барсаң, қандай тамақ жегің келер еді?

- Барлығын.

- Сіңлің Құндыз сенің қасыңда жүреді екен, ол да көшеде адамдардан ақша сұрай ма?

- Жоқ!

Осы жерде қыздардың шешесі Сәуле  сөзді бөлді. Айтуынша, Жұлдыздың ойлау қабілетінде аздап ауытқу бар. Өз жасынан екі сынып төмен оқиды екен. Мектепке әрең орналастырған. «Егер көшеге шығып, қол жайып жүргенін мұғалімдер білсе, мектептен шығарып жібереді. Оларға айтпаңызшы. Жұлдыз тілімді көп ала бермейді, ұстай алмай қалам кейде» деді жылағандай болып. Сондай-ақ, балаларының құжаттары жасалып біткенде, ересектерін интернатқа беретінін, өзі жиі барып тұратынын, ол жерде жағдай жақсы екенін айтып қалды. «Жағдайымызды жазсаңыз, бізге көмек беретін адамдар бола ма?» деп те сұрады Сәуле. Мен не айтарымды білмедім. 

Біраз уақыт екіұдай сезімде жүрдім. Бала болып ойнамаған, бала болып тойып тамақ ішпеген, бала болып таза әрі жылы киім кимеген, бала болып ойыншықпен ойнамаған сыз тартқан саябақтағы көздері мөлдіреген, жазықсыз жалаңаш балаларға ішім удай ашыды. Екінші жағынан жауапсыз әке мен шешенің тірлігіне күйіндім. Өз бастарын дұрыс алып жүре алмайтындары бар  мына өмірге бала әкеліп нелері бар еді? Шешесінің пейіліне қарасақ, адамдар оған аяушылықпен қарап, қол созу керек екен! Не үшін?  Топырлатып бала туа бергені үшін бе? Әлде, туған баласына аштықтан қайыр тілетіп қойып, елден көмек дәметкені үшін бе?

Бір-екі аптадан кейін Сәулеге телефон соқтым. Ол Түркістаннан баласының келгенін, әкімдікке қағаздарын өткізгенін, жақын күндері жәрдемақы мен жөргекпұл алатынын айтты. Жұлдыздың көшеге шықпай, сабақ оқып жүргенін және жеткізді. Екінші қызы табысы айтарлықтай жақсы жұмысқа тұрғанын да айтты. 

Содан, бір ай өтпей жатып сол Жұлдызды сыртынан көшеде қол жайып жүргенін көріп қалғандай болдым. Жағдай білмекке шешесіне телефон соққан едім, «біз қайыршы емеспіз, сен бізді кім деп жүрсің!» деп салды. Бұл сөзіне, рас, шын қуандым. Жағдайлары жақсарған екен дедім. Ал, енді қарасам, Жұлдыз үшін қайыр сұрау кәсіпке айналғандай. Не оның қолына үйіндегі аш-жалаңаш сіңлілері мен шешесі қарап отыр немесе осы сұрқия тірлікке ол әзірден ет үйретіп алғаны...   

(Мақаладағы адамдардың аты-жөндері өзгертілді. Балалардың суреттерін жариялауды жөн көрмедік) 

Р. Ербота

Мұрағаттан: 09.04.2015




ТҮРЛІ ТҮСТІ САҚАЛ БАР
Цветаеваның азапта өткен ғұмыры
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу