Әншілер салық төлеуі керек пе?

Oinet.kz 30-04-2019 1154

29092990_1889304127810449_4444447327725289472_n-620x433.jpg

           Cалық мемлекеттік бюджеттің негізгі кіріс көзі, «асыраушысы». Кез-келгеніміз  еңбекақымыздан белгілі бір мөлшерде мемлекетке «ұстатып» отырамыз. Бұл заң.  Осы уақытқа дейін бұл міндет  еліміздің әншілер қауымын  сырт айналып келіп еді.  Шоу-бизнес өкілдері өз қотырларын өздері қасып жүрген мамандық иелері. Олардың жылдық табысын дөп басып айту қиын. Оны өнер иелері де құпия сақтауға тырысады. Биылғы жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан үкіметі шоу-бизнес өкілдеріне қатаңдық танытып, бақылауды күшейткен еді. Яғни жылдық табысы 250 мың теңгеден асатын әншілерге  жеке кәсіпорнын тіркеп, бюджетке сәйкес салығын төлеуді міндеттеді.

              Салық кодексіндегі аталмыш өзгерістер шоу бизнес өкілдеріне қалай әсер етуде? Әншілердің 80-90 пайызының тұрақты жұмысы жоқ екені рас. Олар тек қазақтың той-томалағынан, концерттерден нәпақаларын тауып жүрген жандар. Тойдан жан бағып жүрген әншілердің әрдайым қаламақы ала бермейтіні тағы бар. Өйткені ағайын, туыс, ДОС-жарандардың қуанышында тегін ән салатынын ескере кетейік. Қайырымдылық кештерінен қалмайтын әртістер де бар. Сондай-ақ жеке шығармашылық кеш, концерт өткізудің де өз машақаты жетерлік. Біріншіден өтетін орынды жалға алу, сахнаны безендіру, техникамен жабдықтау, өзге өнерпаздарды жалдау, сахналық костюмдердің шығындары шаш етектен. Cтатистикалық мәліметтер бойынша мәдениет үйлері, концерт залдарын жалға алу құны тым қымбат болғандықтан Қазақстанда соңғы алты жылда концерттердің саны үш есе азайған.  Сол себепті әншілердің қалтасы қомпайып жатыр деуге келмес. Дегенмен  эстрада өкілдерін алақан жайып, тезек теріп кетті деу де  қисынсыз. «Ставкасы» жоғары, танымал жұлдыздар 250 мың теңгені бір жылда емес бір тойдан тауып жатады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ айлығы шайлығына жетпейтін мұғалім, дәрігер, балабақша қызметкерлері, өзге де мемлекеттік қызметкерлер табысынан үкіметке жырып беріп отырғанда олардан екі, үш есе артық табыс табатын өнер иелері неге салық төлемеске деген ой туындайды.

          Осы орайда эстрада мен дәстүрлі әншілердің ойы екі жаққа бөлінген секілді. Эстрада жұлдыздары табысын жасырып, кірісімізден шығысымыз көп десе, дәстүрлі әншілер эстрада өкілдерінің жағдайы бізге қарағанда жақсы, тойға анда-санда шақырылатын біздерге мемлекет салық төлетудің орнына жағдайымызды жасасын, керісінше жеңілдіктер қарастырсын, дәстүрлі бағытты дамытсын  деген уәждерін айтуда.

           Шоу-бизнес адамдарының ішінде салықтан жалтармайтындары да бар болып шықты.  Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекетке салық төлеп отырған бірқатар өнерпаздар бар екен. Алма­ты мемлекеттік Кіріс департаменті мамандарының мәліметінше Алматы­да шоу-бизнес саласында 200 заңды тұлға мен 453 жеке тұлға жұмыс істейді екен. Оңтүстік астананың орындаушылары өткен жылы бюджетке 45 миллион теңге төлеген. 2011 жылы бұл көрсеткіш 9,2 миллион теңгенің төңірегінде ғана болған екен. 

         Бүгінде  бақылау жүріп жатқан заңның шикілік тұстарын айтпай кетуге болмас.  Өнер иелерінің табысын анықтау салық мамандары үшін оңайға соқпасы анық. Себебі, әнші мен той иесі арасындағы келісім ауызша жүріп, ақша қолма-қол төленеді. Бұл шикілік әзірге  қалай реттелетіндігі  белгісіз. Бір айта кетерлігі шетелден келіп қазақ сахнасында өнер көрсететін әншілерге салық салу, салынбау жайлы заңда қарастырылмапты. Табысы анағұрлым мол, билеттері отандық өнер иелерінен бірнеше есе жоғары бағада сатылатын  шетелдік жұлдыздарға заңның әмірі жүре ме екен?!

  

Ардақ Исатаева, дәстүрлі әнші:

                                               «Өнерге балта шауып жатыр»

       Мен үкіметке салық төлемеймін. Төлеу керекпіз деп те есептемеймін. Себебі алатын жалақымыз мардымсыз. Жыртығымызды жамауға әрең жететін жалақымыздан  салық ұстаса сонда қалғанына қалай күн көрмекпіз?  Эстрада жұлдыздары секілді аптасына төрт, бес рет тойға бармаймын. Таныс-тамыр, аға, әпкелерім өнерімді бағалап шақырып жатса ғана сыйлап барамын. Жалпы той қуалаған әнші емеспін. Үкіметтің заңын түсіне алмаймын. Тойдан болсын, концерттен болсын тапқан табысымыздан дәстүрлі, эстрада әншілері не үшін салық төлеуі қажет? Тойға шығып әу десе болды бұлар байып кетті деп ойлай ма? Біздің де бала-шағамыз, басқа да шығындарымыз бар. Үкіметтің бұл шешімі өнерге жанашырлық емес балта шабуы ғой. Үкіметке бізге ешқандай жәрдем, не баспана бермейді. Егер құзырлары жетсе бізді келіп қинай бергенше ракета ұшырып, халыққа, жан-жануарға жапа шеккізіп отырған ресейліктерден алсын өтемақыны. Халықтың ақшасын жеп отырған байлардан алмай айналып келіп қара халықты қанай беру дұрыс емес.  Әншілерден салық жинауға мен үзілді-кесілді қарсымын.

 

Нұрбақыт Жайшыбаев, «Диета kz» тобының әншісі:

                            «Біржан сал, Ақан серілер салық төлемеген»

       Әншілердің салық төлеуі туралы әңгіме біраздан бері айтылып жүр еді. Негізінде бұл заңның қабылданбағанын қалаймын. Өздеріңіз білетіндей өнер жолы ауыр жол. Бірі сүрінеді, бірі мол табысқа кенеледі. Бірінің «гонорары» жоғары болса, енді бірінің салық төлеу түгілі өз жыртығын өзі жамауға да жетпейді. Менің түсінбейтінім енді халық алдында өнер көрсетіп, оларға қуаныш сыйлау үшін де салық төлек керек пе?! Кезінде қазақтың Біржан сал, Ақан серілері ән салғандары үшін салық төлемеген шығар. Өнер адамдарын аялап, бағалаудың орнына әр ән айтқаны үшін ақша төлеп отыру меніңше ақылға қонымсыз.

 

Болатбек Досыбаев, әнші:

                                          «Әлеуметтік қолдау жетіспейді»

       Заңды қабылдамас бұрын шенеуніктер өнер иелерінің жағдайын жасап берсін. Мәселен әр әншіге аптасына кем дегенде бір тойға тапсырыс алып берсін де он пайызын ала қойсын. Барлық әншілер тойдан, концерттен табыс таба бермейді. Үкімет неге осыны ойланбайды екен. Білуімше шетелде әншілерге мемлекет мықты қолдау көрсетеді. Концерттерін өткізуге  де атсалысады. Оларда шоу-бизнес жақсы дамыған. Ал бізде ше? Қазақстанда шоу-бизнес деп ауыз толтырып айтарлықтай шоу-бизнес әлемі қалыптаспаған. Әншілердің табысының барлығы тең емес. Мұғалімдер, дәрігерлер шамалас мөлшерде жалақы алса біздердің табысымыз әр қилы, яғи бірде бар, бірде жоқ. Тұрақты жұмысы жоқ, жылдық табысы нақты емес жандардан келіп салық төле деген жөн емес. Мәдени саланы дамытып отырған өнер иелерінен ақша дәметудің орнына оларға әлеуметтік жағынан қолдау көрсетсін.

 

Өмірқұл Айниязов, әнші:

                              «Салық төлеуді талап етуге құқығы жоқ»

           Әртістердің мемлекетке салық төлеу мәселесінің ұшы шыққанына біраз уақыт болса да бір жүйеге келер емес. Заң нақтыланбаған соң әзірге салық төлеп жүрген әншілерді кездестірген жоқпын. Меніңше үкіметтің менен салық төлеуді талап етуге құқығы жоқ деп есептеймін. Әншілердің көбісінің тұрақты жұмысы жоқ. Ал олардың тойдан тапқан табысын есептеп отыру мүмкін емес шығар. Себебі «Музарттың» «гонорары» бөлек, Қайрат Нұртастың табысы бөлек, менің «ставкам» басқа дегендей. Тойдың үстінде келіп «сен тойдан қанша табыс таптың, белгілі бір мөлшерін мемлекетке бер» деу қисынсыз. Өйткені мен он мың долларға келісе тұрып мың немесе бес жүз доллар деп айта саламын ғой. Немесе тойда тегін өнер көрсеткен шығармын. Сондықтан той иесі мен әншінің арасындағы келісімге үкіметтің араласқаны дұрыс емес және оны қадағалап отыру қиынға соғады. Егер заңды жеті өлшеп бір рет кессе, әртістерге тиімді болса біз салық төлеуден жалтармаймыз. Ал жоғарыда айтылып жүрген заңның бір қайнауы кем, шикі.

Мұрағаттан, 2015 ж

Еркеліктің шегі
Олигарх және кедеймен сұхбат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу