Мақпал Мыса, ақын: «Жоғалған көзілдірігімді маймылдан таптым»

Oinet.kz 12-07-2019 1255

Screenshot_11.jpg          

    «Тау баласы тауға қарап өседі» деп Мұқағали атамыз айтпақшы, Аспантаулар өлкесі – Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келгендіктен бе, сол таулы өлкенің табиғаты маған да мінез қалыптастырды.

      Тілім бес жасымда шыққан. «Мақау» деп айналамдағылар келеке қылып жүргенде, бір күні атам мен әжемнің суретін салып отырып, қатты күліп тілім шығып  кетіпті.   Үшінші сыныпта оқып жүргенімде  машина қаққан оқиғаны сыныптастарым әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Біздің ауылда Нарынқолға тура тартатын үлкен тасжол бар еді. Сол тас жолдан өте бергенімде, көзім қарауытып кетті. Бір уақытта қайта оянсам, бір диванда жатырмын. Жанымда ақ халаттылар және бір топ адам бетіме үңіліп тұр. Бір кезде анам ойбайлап қатты жылап кірді. Сонда түсіндім мені машина қаққан екен деп.. Үйдегілер мені машинаға салып алып, ауылдағы оташыға апарды. Ол басымды теңшеп, байлап, иығымды шыңғыртып   отырып салды ау деймін, әйтеуір жылап-жылап ұйқтап кетіппін. Оянсам, үйдемін. Осындай жатыспен үйде бір айға жуық жатыппын. Сыныптастарым күнде келіп, ертегі оқып беретін. Бір күні қызуым қатты көтеріліп, ауданға алып кетті. Байлаулы қолды шешіп, қуарып, жіңішкеріп кеткен қолымды көрген дәрігер ата-анама өлетін кезде алып келіпсіңдер деп қатты ұрысқаны әлі есімде. Ата-анамның жуастығында шек жоқ, қаққан адамның аты-жөнін айтыңдар, сотқа беру керек деп ұрысқанда, ол кісілер ләм-мим демей, қызымыз кінәлі деп айтпай қойыпты. Ал, мені қаққан машинада жас жігіт пен әкесі, жас босанған әйелі мен бөпесі бар екен. «Періштесі қақты» деп айтқандарын сонда білдім.

        Үйде «мен сұлу, мен сұлу» деп әпкем екеуміз таласатын шағын іліп қоятын айна бар еді. Ол анамның ұзатылып келгенде келген айнасы екен. Бір күні тағы таласа беріп абайсызда құлатып алдық. Шағылған айна бақытсыздық әкелер деп қорқып, тығып қойдық анамызға айтпай. Сол күннен бастап сұлулық үшін таласып ұрсыспайтын болдық. Ал, енді бала күнгі қателігім көрші үйдің өрігіне түсіп ұрлап жегенім бар. Үй иесі көріп қалып қатты ұрысқанда: «мен шірігін ғана жеп отырмын» деп ақталғанымды ойласам, қатты ұялам. Ех, балалықта шалалық бар деген осы ғой...

         Бала күнгі арманым – ақын не жазушы болу еді. Ауылда жарықты қиып кететін қиын кезеңдер болып еді ғой... сонда деймін ау, кітапты қызығып оқитыным соншалық,  шишасы жамалған сығырайған шамның жарығымен кітап оқитынмын. Ол кезде бәріне қанағатшыл болдық. Бүгінгінің баласындай не ұнаса соны әпер демедік. Әлі есімде, бір жылы етік алуға ақша жоқ, менің алдымда екі ағам, екі әпкем бар. Анамның қара бүркиін киіп шықтым. Су өтіп кеткен бүркиді үйге келген соң, пешке кептіріп алатынмын. Келеке қылған сыныптастарым да болды. Қант жоқ заман, талқанды сүтке шылап жейтінмін. Кейде ол да жоқ боп қалады. Бірақ сол талқанның дәмі таңдайымнан әлі кеткен емес. Ал, ең қымбат, ең қимас сәттер менің жарысқа кетер күн алдында ата-анам ертемен тұрып, дастархан жайып, ет асып, бауырсағын пісіріп, күтіп отыратын кездері еді. Жарысқа үкілеп жіберетін. Марқұм анамның сол кездегі ыстық құшағын, мейірін бала күнімнен бергі сәттерімді қатты сағынып жүрмін. 

           Алтыншы сыныпта оқып жүргенде  көзілдірік киетінмін. Бір күні партаның астына көзілдірігімді қойып, алуды ұмытып кетіппін. Ал, таңертең бұл кабинетте он бірінші сыныптың оқушылары оқитын. Түстен кейін сабаққа келсем, көзілдірік жоқ. Ары іздеймін, бері іздеймін. Таппадым. Біраз күндерден кейін көзілдірік киген маймыл деген әңгіме шықты. Сөйтсем, жоғарғы сыныптың бұзықтары біз оқитын биология кабинетінде маймылдың басы ілініп тұратын еді, сол маймылға көзілдірігімді кигізіп қойыпты. Сондай бір қызық болған... Жетінші сыныпқа көшкен жылы қасы-көзі қиылған, бидай өңді, үстіндегі киімі құйып қойғандай жарасатын апай кіріп келгенде, сұлулыққа деген іңкәрлікті, мәдениетті сезінгендей болдым. Ол кісі менің ақындық жолымның қалыптасуына бірден бір себепкер болған жан. Әлі күнге дейін ауылға бара қалсам, атамның үйінен кейін соқпай өтпейтін екінші үйім ол апайымның үйі.

           Ол кезде жігіттер қызды ауылға ысқырықпен келуші еді ғой. Мына ысқырық кімге келіп тұр деп ұрсатын үйдегілер. Сонда өзімше маңғазданып, білім қуып жүргендігімді айтып,  анама мен ешқашан жігітпен жүрмеймін, біздің үйге ысқырық келмейтін болады дейтінмін. Расымен де ысқырық келмеді, көз қадап хаты келген жігіттердің бетін қайтарып тастайтынмын. Бірақ алғашқы махаббат деген сезімді Алматы қаласындағы Дарынды балалар мектебінде оқып жүргенде сезіндім. Сол жылы Республика сарайында өлең оқыдым үлкен концертте. Бақытты кезім еді. Оркестрде күй шерткен көзінде оты бар жас жігіт жаныма келіп өзі танысты. Ол менің өлең оқығаныма қарап ұнатып қалған болу керек. Оны ұмыта алмадым. Ол оқитын оқу орнына барып, кештеріне қатыстым. Алғаш ғашық болған аяулы сезімімді өлеңмен жаздым. Мұны байқап жүрген сыныптас құрбым орысшалау өскен қыз ғой, «бұлай болмайды, ол білуі тиіс» деп, жазылған өлеңді сол жігіт оқитын оқу орнының жатақханасына барып, вахтер апайға беріп кетіпті. Міне, қызық, бір күні сол жақтағы шығармашыл жастардың кешіне барғанымызда, бір топ жас жігіттер мені көріп, «писательница қыз келе жатыр» деп айқайлап қоя бермесі бар ма? Қатты ұялдым. Сезімімді бәрі біліп қалғанына ұялып, ашуландым. Ал, ол маған үш шумақ орысша өлеңді жазып, «Твой Нуржан» деп қолтаңба қалдырыпты. Бірақ екеуміз содан кейін кездескен емеспіз. 

Мұрағаттан, 2016 ж

Қыздар қандай сыйлық алғанды ұнатады?
Жұтынсам да жұмаққа, күнәм тартар тамұққа
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу