Жұтынсам да жұмаққа, күнәм тартар тамұққа

Oinet.kz 15-07-2019 1088

genii.jpg

Жұмақты көз алдыма елестеткен сәтте көз алдыңызда қандай сурет пошымдайсыз? Қиял, тәтті қиял, еріксіз елестететін қиял. Өзімнің әлі де пейіштен үмітім барына қайран қаламын. Бәріне кінәлі мына өзім.

Күздің көлеңкелі кеші. Саябақ сыпырып, сол баяғы әдетімше кәрі мыстанның сыпыртқысына ұқсас сыпырғышымды ұстап, ысқырығыммен "Балқадишаны" әуендетіп жүрмін. Бүкіл әлем, жан-жануар, құрт-құмырсқа, өсіп тұрған өсімдікке дейін менімен айтып жатқандай қосылып. Осы саябақтың бүткіл әткеншектерін мен әуеніммен тербетіп жүргендеймін. Арасында ашқұрсақ асқазаным дабыл қағып қояды. Піскен ыстық жүгерінің иісінен бұрын көрінісі қалтамдағы қайтарпұлымды өзіне магнитше тартып тұр. Соңғы рет қарындасымнан тартып жеген шабақ балықтың қылтығы да қалмаған болар асқазанымда. 

Сыпыртқымен әңгіме құру әдетіме айналғалы жеті жылдың бергі жағы, арғы жағы. Кімнен туғанымды, кімнен өнгенімді білмей жетілдім, жетілдірдім десем алайда топастық шығар. 

Оның жасы 16 да. Оқуға алғашқы төрт жылын бітірген. Оны тамақтандыратын да, киіндіретін де қаражат болмады. Шаңырағымыздан ешқашан дәмді астың иісі шықпаған. Шаңырағымыз деймін, көрген көз, естіген құлақ иланбас бұл кепенің шаңырақ екендігіне. Қаңыраған балшық кепесіне төрт тауықтың соммасын алып отырған сараң орыс та кейде ашыған тамағымен асырады бізді. 

Мен алғыр, епті болған жоқпын. Біздікіне ұқсас басқа қайғылы оқиғаларда ағасы мен қарындасы болғанда, ағасы малтабар, жұмыс таңдамайтын, мейірім шуағы төгілген болушы еді. Бәрі өзгеше. Мен сүметіліп әрез жүрген, өмірдің мәнін түсінбес, кертартпа бойкүйездің өзі болдым. Қарындасымның ішегі ішегін қылқындырып жатса да қоңыр алашадан бүйірімді көтермейтінмін. Ешқашан шағымданған емес.

Ол аққұба, жұқа шаштары сарышын, көздері зүміреттей жанып, адам назарын алып тұратын. Сол себептен де болар, бәзбіреулер Назар деп ат қойып алғаны. Әйтпесе, екеуміздің де ес білгелі есітіп келе жатқан есіміміз орысша. Виша – мен. Мұндай ақылға қонымсыз ат маған әбден лайықты. Мағынасын білуге де еш құмартпадым. Виша деп атыммен атайтындар да жоқтың қасы.

Қызықпадым, алма теріп, ата-әжелеріне итше арсалаңданып жүрген қатарластарыма, денесінде үш мезгілді толыққанды тамақтанғаннан қосқан майларына. Бір шетіне қарай таралған шаштарына, жалтыраған әміркен туфлилеріне, әппақ қырланған жейдемшесіне, қолдарындағы портфельіне, тамақтарын буындырып тұрған галстуктеріне де қызықпадым. Тек, қызғандым, ұрланып қарадым. Мені ұнатпайтын, мен Назардай шырайлы болмадым, жұғымсыздаумын. Ақ болғаныммен, ақ қалыпымды ұзақ сақтамайтынмын, аш төбетше әр жәшікті бір торуылдап жүретінмін. Ол жерлерде ненің жымында жүргенім белгілі. Адам көрсем кірпішешенше жиырылып, қуыс-қуысты жағалап қаша жөнелетінмін. Көрер көзге теріскен дерсің мені.

Назар мендей емес-ті. Намысшыл, кірпияз қасиетінің қайдан дарығанын... Артық сөзі жоқ. Жалпы, екеуіміз де өмірге еш зияны жоқ адамдар едік. Керім жақсы өмірдің жетегіне желіктпедік. Сұрақшылдардың қатарынан да емес-тік. Арманын сұрамаған екенмін. Ол армандаса да, мен секілді тәтті өмірден емес, әлемнің амандығынан, табиғаттың, жануарлардың амандығынан тілеген болар. Қараған көз демалады сабырлылығынан. Бар жақсының тұмасындай. 

Мен ше? Мен армандадым, таза жүруді, тоқ жүруді, жұмақты. Дәл осы сәтімнен соң, бейіштен бір-ақ шығуды аңсайтынмын. Ешқашан өзімді қаңғыбастың тізіміне қоспаппын. 21 жылдық өмірімде адал нәпақамды осы сыпыртқыдан тауып келемін, тірі жан дауыс көтермеді, ешкімнің көңілі толмаған сәті болмаған. Оңай жолмен соқыр тиын да алмадым. Бар кінәм албастылығымда ғана. 

Назар ешқашан ауырмаған. Тістері сап сау, көзі жақсы көреді, аяқ қолы бүп-бүтін. Арық еді, тек. Арықтығының да себебі бар, асқазанын сумен шайқайтын да жүретін. Мен алып келетін бөлкелерді, қара майларды жалғыз өзім тауысатынмын. Кейде қарап, өзін кінәләйтінмін. Тәбетінің тартпайтынын айтатын, ішерге ас табылмай жатқанда да көңілі қаз қалпында тұрады. "Ойпырмау, осыда асқазан жоқ па екен?" деуші едім. Бар екен, тамақты қажет етпейтін. 

Әріп те танымаймын. Үйге жөні жоқ, жосығы жоқ хаттар келетін. Мен қызықпақ түгілі, бет бұрып та қараған емеспін. Назар алып оқитын, ежелеп. Кеш кірсе болды, бүрісіп ұйықтай қалатын. Көрген адам, көп болса, жасар жастың онын берер Назарға. 16 ойына келсе де, бойына, пішіміне келмейді.

Жанымда жоқтығына екі жетіге толады. Қиналып кеткен жоқ. Бір сәтте көзін жұмды да, сезімсіз күйге енді. "Анорексия" деген диагноз қойылды. Тәбетсіздік те дерт екен. Назар кеткен күні көңілімде ешқандай жалғыздық сезімі болмады. Әу бастан-ақ жалғыз өмір сүріп келгендеймін. 

Жоқ. Енді мен ғана. Мен, Виша, жалғыз, тексіз, бауырсыз, ештеңесіз. Қайғыра да алмаймын, өкпелей де, ренжи де. Мен армандаған жұмақтағы жасыл жоңышқанын үстінде Назар жатқан болар, жұмақтың зәмәміне қарық боп. Мен осы өмірдің азабын тартпақпын ба, әрмен қарай? Жағада өсіп тұрған екі қамыс едік, біреуі күз келмей қурап кетті. 

Келдім жұмыстан сыпыртқымды арқаланып. Назар доңыздарға жем беретін бетке қарап отырмын. Әлсіздік бойымды шырмап отыр. Осы сәтте, жұтап тұрған жанарымнан алғаш рет жас тамшысы байқалды, адам екенім, сезімім бар екені көрінгендей. Көзімнен мөлтілдеп аққан жастың тіліме ащщы дәмі келді. Қисайдым да, аштық сезімімен құшақтасып, қалың ұйқыға кеттім.

Мақпал Мыса, ақын: «Жоғалған көзілдірігімді маймылдан таптым»
Есей Жеңісұлы. Нағып бос отырсыз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу